Елімізде халықтың табысын арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар қабылдануда. Жақында Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы қаралды. Бағдарламада өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары айқындалып, тиісті тапсырма берілген еді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейеді
Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция министрлігі бірнеше нақты шараларды іске асыруда. Өткен аптада вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі кезекті кеңес өтіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастырылды. Онда азық-түлік себетіне жүргізілген талдаудың алдын ала нәтижелері ұсынылды.
Қарашаның үшінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалған. Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясына ең жоғары үлес қосқан өнімдер қатарында қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), балық (2,6%), банан (2,8%) және басқа да өнімдер бар. Сонымен қатар жылдық көрсеткіш бойынша (өткен жылғы 10 аймен салыстырғанда) қызанақ 36,6%-ға, қияр 43,4%-ға арзандаған.
– Барлық өңірдің азық-түлік инфляциясына қатысты талдау нәтижесінде баға өсіміне ең көп ықпал етіп отырған, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмейтін 30 тауар анықталған. Олардың ішінде ет, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, банан, қызанақ, қияр және басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұл өнімдердің арасында импорт үлесі жоғары тауарлар да, көбіне айлық инфляцияға әсер етіп, жылдық инфляцияға айтарлықтай ықпал етпейтін позициялар да кездеседі. Осы тізімнің ішінен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізуге болатын 23 позиция іріктелді. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылау, — деді Айжан Бижанова.

Азық түлік бағасы қалай реттеледі?
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту туралы жоба әзірленді. Тізімге бағасы жиі құбылатын тауарлар қосылды. Құжат келісу сатысында. Жақын күндері бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» ҰКП-мен егжей-тегжейлі талқылау өтпек. Қараша айының алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімі 0%-ды құраған. Демек, баға қымбаттамады деген сөз. Желтоқсан айында тұтынушылық сұраныс артатыны белгілі. Қымбатшылықтың алдын алу мақсатында бұл айда сауда желілерімен бірлесіп, республикалық «Береке fest» акциясын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер тауарлардың кең таңдауын тиімді бағамен ұсыну мақсатында жаңа жыл алдында жәрмеңкелер ұйымдастырады. Биыл осы уақытқа дейін елімізде 5 мыңнан астам жәрмеңке өткен. Өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 108,9%-ды құраған. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 2 970,5 тонна өнім бар. Оның ішінде 1457 тонна картоп, 9,7 тонна қырыққабат, 494,9 тонна пияз, 3 тонна рожки, 23,4 тонна күнбағыс майы, 415,2 тонна асханалық сәбіз, 10,2 тонна ұн, 100,9 тонна күріш, 449,3 тонна қант, 6,8 тонна тұз бар. 2025-2026 жылғы қысқы маусымаралық кезеңдерде көкөністер бағасын реттеу үшін ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге қала халқының көкөністерге 3 айлық қажеттілігінің 50%-на дейінгі көлемде, яғни 8 134 тоннаға келісім шарт жасау тапсырылған. Қазіргі таңда осы тапсырмаға сәйкес 8 162,3 тоннаға шарт жасалды. Аймақта жыл басынан бері апта сайын жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл облыс бойынша 149 жәрмеңкеге 4,4 мың тонна өнім шығарылды.
Жаңа жыл қарсаңында баға өзгере ме?
Бұл көп көкейіндегі сұрақ. Бұл сауалдың жауабын вице-премьер Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл сауалдың жауабын айтты.
– Біз бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеудеміз. Былтыр мерекелік кезең салыстырмалы түрде тыныш өтті. Биыл да солай болады деп үміттенеміз. Стандартты баға өсімі болуы мүмкін, бірақ күрт қымбаттау болмайды, – деді Жұманғарин.
Вице-премьер үкіметтің бағаны қатал реттемегенін, фермерлерге пайда табуға мүмкіндік берілгенін атап өтті.
– Азық-түлік бағасын қатты тежемедік. Шаруаларға табыс табуға мүмкіндік бердік. Дегенмен кейбір тауарлардың бағасы тұрақты өсіп отырады. Егер нарықта жасанды баға өсуі байқалса, бағаны қатаң реттейміз. Спекулянттардың пайда табуына жол бермейміз, – деп түйіндеді ол.
Коммуналдық төлемдер қымбаттамайды
Үкімет инфляцияны тежеу және әлеуметтік маңызды салаларды қолдау бағытындағы шараларды жалғастыруда. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен тауарлардың бағасы бақылауда. Сонымен қатар халыққа қосымша ауыртпалық түспеуі үшін кешенді шаралар қабылданған. Жылда азық-түліктің қымбаттағанымен қоймай, коммуналдық қызметтердің бағасы шарықтап өсетін. Биыл коммуналдық қызметке төлейтін төлемдер өзгермейді.
Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылғанын атап айтты. Яғни, Президент тапсырған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары бойынша 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар үшін коммуналдық тарифтерді өсіруге тыйым салынады. Бұл шешім халықтың әлеуметтік жағдайын қорғауға бағытталған. Ал ТКШ нысандарындағы жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде жалғасады. Одан бөлек инфляция деңгейі тұрақтағанға дейін АИ-92 маркалы жанармай мен дизель отынын көтеруге мораторий жарияланды. Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктеріне жанар-жағармай нарығын бақылау және ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету тапсырылған.
Газ бағасы бақылауда
Бүгінде газ мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Осыған орай, өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңір тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған мәжіліс өтті.
– Осыған дейін сұйытылған газды арзан бағамен сатып алғанның арқасында пайдаға кенелгендеріңізді білеміз. Бірақ бұлай жалғастыра беруге болмайды, былтыр да қатаң ескерттім, әлеуметтік газды тек халыққа сату керек. Ал коммерциялық газды өз қаражаттарыңызға алыңыздар.
Тұрғындарды толықтай қамтамасыз ету үшін қымбат болса да, басқа көздерден коммерциялық газды жедел жеткізіп, халыққа әлеуметтік бағамен сатыңыздар. Аймаққа бөлінген газды өнеркәсіп нысандарына, басқа өңірлерге сатуды доғарып, тапшылықты қолдан жасамаңыздар. Өңір тұрғындарының қажеттілігін толығымен өтеу үшін тиісті шаралар қабылдаңыздар. Ортақ мақсатқа қол жеткізуде өзара түсіністікпен, жауапкершілікпен жұмыс істейміз деп сенемін. Алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеу үшін реттеу және бақылау керек. Бөлінген газ басқа өңірлерге тасымалданбау үшін облыс шекарасына тәулік бойы кезекшілік орнатуды және оны күшейтуді тапсырамын. Заңды түрде тіркелмей, автокөліктерге сұйытылған газ қондырғыларын орнату фактілерін анықтау мақсатында рейдтік тексерулер жүргізіп, тиісті шаралар қабылдаңыздар. Осы саладағы кәсіпкерлер аймаққа бөлінген газды өнеркәсіп нысандарына, басқа өңірлерге сатып, тапшылықты қолдан жасап отыр. Тағы да айтамын, арзан газ әуелі осы өңір тұрғындарының қажеттілігін толығымен өтеуге жұмсалуы керек. Сол тұрғыда тиісті шаралар қабылдаңыздар, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыстағы 16 оператор 144 автогаз құю стансасы, 6 газ сақтау қоймасы арқылы сұйытылған газ сатумен айналысады. Өңірде арзанға алып, қымбатқа саудалайтын алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеу мақсатында облыс шекарасына кезекшілік орнатылған. Заңды түрде тіркелмей, автокөліктерге сұйытылған газ қондырғыларын орнату фактілерін анықтайтын рейдтік тексерулер жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдана бастады.
Облыстық полиция департаменті аймаққа бөлінген газдың басқа өңірлерге шықпауын қадағалау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау бекеттерін «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» автожолының Арал ауданындағы 1363-903-шақырымына, осы күрежолдың Жаңақорғандағы 1998-268-шақырымына, «Қызылорда – Жезқазған» жолының 12-шақырымына орналастырды.
Жанар-жағармай мен газ тапшылығын болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы орган, экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер және бәсекелестікті қорғау департаменттері өкілдерінен құрылған өңірлік штаб жұмыс істеуде. Қазіргі есеп бойынша облыста сұйытылған мұнай-газының қоры шамамен 892,1 тонна.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті. Бірақ макроэкономикалық сандардың мәні халық өміріне қалай әсер ететінімен өлшенеді. Байқап отырсақ, күнделікті дағдылар да өзгеруде. Халық сапалы тамақтануға көбірек мән бере бастады. Ет пен жеміс-жидек тұтыну өсіп келеді. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін азық-түлік себеті 20 атаудан 43 атауға дейін кеңейді.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!