Сейсенбі, 07 сәуiр, 01:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№25 (2237)
07.04.2026
PDF мұрағаты

Баға тұрақтала ма?

07.04.2026

34 0

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертпеуге шешім қабылдады. Бұл – елдегі бағаның өсуін ауыздықтау үшін жасалған қадам. Инфляция ақпан айында 11,7%-ға дейін төмендеген. Бұған несие берудің баяулауы және коммуналдық қызмет бағасына қойылған уақытша тыйым әсер еткен.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Баға әлі де өсіп кетуі мүмкін. Себебі халық әлі де баға қымбаттайды деп күтеді, сондай-ақ жанармай мен тарифтердің қымбаттауы жанама әсер етуі мүмкін. Сыртқы әлемдегі соғыстар мен мұнай бағасының құбылуы да жағдайды қиындатып тұр.

Толық тұрақталғанша, Ұлттық банк «қатаң» саясатты ұстап тұра береді. Қазіргі кезеңде базалық мөлшерлемені төмендетуге жеткілікті негіз әлі қалыптаспаған.

Ұлттық банк төрағасының түсін­діруінше, қазіргі экономикалық ахуал бірнеше маңызды факторға сүйеніп отыр. Алдағы уақытта көрсеткіш 10%-ға дейін түсуі мүмкін. Ұлттық Банк алдағы уақытта жағдай оңалса, саясатты жұмсартуға, ал тәуекелдер артса, қатаңдықты күшейтуге дайын.

– Жалпы инфляцияның төмен­деуіне қатаң ақша-несие саясаты, коммунал­дық қызметтер мен жанар-жағармай бағасына енгізілген мораторий, сон­дай-ақ өткен жылдың соңынан бері теңге бағамының тұрақтануы әсер етті, – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Халық жаңа салық ережелеріне үйреніп, оңды-солды ақша жұмсауды азайтқан. Яғни, тұтынушылық сұра­ныс «салқындай» бастады, бұл инфля­цияны түсіру үшін жақсы белгі.

– Халықты несиелеу де баяулап келеді, әсіресе, кепілсіз тұтынушылық кредиттер сегментінде. Несие беру өсімі 2024 жылғы 22,7%-дан 2025 жылы 6,3%-ға дейін төмендеді, ал биылғы қаңтарда жылдық мәнде 7,2%-ға қысқарды. Халық қарызға өмір сүруді азайтып, қаржылық тәртіпке көше бастаған сыңайлы, – деді Тимур Сүлейменов.

Ресейде инфляция 6%-ға дейін жеделдеген. Бұған ол жақтағы ҚҚС салығының көтерілуі себеп болды. Ресей біздің басты сауда серіктесіміз болғандықтан, бұл біздегі бағаға да жанама әсер етуі мүмкін. Дамыған елдерде инфляция 2-2,4% деңгейіне дейін түссе де, олардың орталық банктері пайыздық мөлшерлемелерін төмендетуге асықпайды. Яғни, әлем­де «қымбат ақша» саясаты әлі де жалғасуда.

Сыртқы нарықтағы жағдай әлі де құбылмалы. Таяу Шығыстағы қақтығыстар мұнай бағасының болжамын жоғарылатты. Бұл бюджет түсімдері үшін тиімді болғанымен, әлемдік инфляциялық қысымның сақталуына әсер ететін фактор болып қала бермек.

– Біздің болжам бойынша, 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 66,3 АҚШ долларын құрайды. Кейін сұраныс пен ұсыныс теңгерімі қалыпқа келген сайын баға біртіндеп барреліне шамамен 60 дол­лар деңгейіне жақындайды, – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Теңге бағамының тұрақтылығы мен салық өзгерістерінің бағаға әсері күт­кеннен төмен болу себепті Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын төмендетті. Биылдың өзінде баға өсімін бір таңбалы деңгейге яғни 10%-дан төмен түсіру міндеті қойылды. Ұлттық банк инфляцияны бір таңбалы санға түсіруді «шынайы мақсат» деп атайды. Бұған жыл басынан бергі халықтың сатып алу белсенділігінің бірқалыпты деңгейге түсуі әсер еткен. Бұған дейін адамдар жаппай зат сатып алып, сұраныс тым жоғары болған еді. Ал сұраныс көп болса, сатушылар бағаны көтере береді. Енді халықтың сатып алу белсенділігі төмендеп, «бірқалыпты» деңгейге түсті. Яғни, адамдар тек қажеттісін ғана алып, ақшаны үнемдей бастады.

Үкімет пен Ұлттық банктің ортақ жоспары – инфляцияны ауыздықтау. Қазір арнайы кезең-кезеңімен іске асатын жоспар әзірленуде. Негізгі бағыттары, коммунал­дық тарифтер мен жанармай бағасының инфляцияға әсерін ба­рынша азайту, бюджет шығындарын бақылауда ұстау және Ұлттық қордан алынатын трансферттерге тәуелділікті азайту, мемлекеттік шығындар мен несиелеу көлемін реттеу.

Базалық мөлшерлеменің 18% дең­гейінде қалуы – баға өсімін тоқтату үшін жасалған амалсыз, бірақ қажетті қадам. Ақпан айында инфляция 11,7%-ға дейін төмендеді. Халық несие алуды азайтып, үнемдеуге көшкен. Бұл — экономиканың «салқындап», бағаның тұрақтала бастағанының алғашқы белгілері.

– Қазіргі кезеңде ақша-несие сая­сатын жұмсартуға жеткілікті негіз әлі қалыптасқан жоқ. Егер инфляциялық тәуекелдер күшейсе, Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдайды. Биыл Үкімет пен Ұлттық банк алдында тұрған басты міндет – инфляцияны бір таңбалы деңгейге қайтару. Осы мақсатқа жету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады. Инфляцияны 5% деңгейіне жеткізуге қатысты орта мерзімді мақсат өзгермейді. Инфля­цияның төмен әрі тұрақты болуы – экономиканың тұрақты дамуына, инвестицияның көбеюіне және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына негіз болады, – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Алдағы ақша-кредит саясатының бағытына келсек, базалық болжам іске асып, инфляция тұрақты түрде баяуласа, комитет 2026 жылдың екінші жартысында базалық мөл­шерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: