Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Айтбай» мешіті туралы деректі фильм мен «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын төл туындының тұсаукесер рәсімі өтті. Ең алдымен «Айтбай» мешітінде бабалар рухына арналған Құран хатыммен басталған іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айтулы шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов, «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау» қоғамдық қорының вице-президенті Тазабек Жұмасейітов ақсақал, осы қордың сарапшысы, Өзбекәлі Жәнібековтің туған немересі Әлижан Жәнібек, Орталық мемлекеттік архив директорының орынбасары Марзия Жылысбаева, ұлттық кітапхананың қызметкерлері Гүлшат Әбикова, Жанар Тоқтарова және «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры Бауыржан Байсалбаев, Өзбекәлі Жәнібеков кесенесінің шырақшысы, әрі қайраткердің немере інісі Нұржан Серімов, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Сержан Сәрсенбаев, белгілі өлкетанушы Сағат Жүсіп қатысты.
Алдымен көрермендердің назарына ұсынылған деректі фильмде мешіттің 150 жылдық тарихы жайлы отандық және шетелдік мұрағаттан табылған құнды құжаттарды зерттеу барысы туралы дәйекті пікірлер мен экспедиция сапарынан бейнетүсірілімдер көрсетіліп, құжаттар көрмеге қойылды.
– «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы терең мешіттер жетерлік. Солардың арасында биыл іргетасы қаланғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен «Айтбай» мешітінің орны ерекше. Себебі бұл мешіт Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар сәулет өнерінің де ең көркем ескерткіші саналады. Десек те, бұл ғимарат 150 жылдық тарихында талай ақтаңдақ кезеңдер мен нәубетті жылдардың куәсі болды. Міне, бастауын сонау Перовск кезеңінен алатын мешіттің тарихын түгендеп, халыққа ұсынып отырған деректі туындының біз үшін үлкен жаңалық екені сөзсіз. Осы бағыта аянбай қызмет еткен азаматтардың «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын еңбегіне ерекше алғысымды білдіремін. Бұл кітап – шын мәнінде, тұтас дәуірдің жүгін арқалаған құнды еңбек», – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, мешіттің тарихын небәрі сегіз ай ішінде зерттеп, кітап жазған «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы мен Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрсұлтан Мықтыбай.
– Бұл еңбек мешіттің 150 жылдық тарихын тұтас қамтуға тырысқан энциклопедиялық жинақ десек те болады. Кітап жылдар бойынша хронологиялық тізбекпен, кезең-кезеңмен жазылған. Әрбір кезең немесе маңызды оқиғаларға бөлек тақырып арналады. Кітап жазу барысында тек фактілерге ғана сүйендік. Әр бөлімде дәлел-дәйектер мен растайтын құжаттар, суреттер қоса беріліп отырды. Ерекше атап өтерлігі, мешітке қатысты бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, айтылмаған мәліметтер де алғаш рет осы кітапта жарық көріп отыр, – деді кітап авторы Нұрсұлтан Мықтыбай.
Айта кетейік, «Айтбай» мешітінің салынуына Сыр бойында өмір сүрген Айтбай Балтабайұлы ықпал еткен. Ол Сыр елінде ислам дінінің насихатталуына ерекше еңбек сіңірген, мешіт салып, қайырымдылықпен айналысқан. Жалпы Балтабаевтар әулеті Бұхарамен сауда-саттық жасаған ауқатты отбасы болған. 1988 жылдың қаңтар айында «Айтбай» мешітінің ғимаратын облыстық филармонияға беру туралы шешім қабылданады. Мақсаты камералық музыкаға арналған тыңдау залы ретінде пайдалану еді.
– Деректерге сүйенсек, мешіт ғимаратын облыстық филармония залына бейімдеу жұмыстарымен қатар, оның алғашқы концертіне де дайындық қызу жүріпті. Бірақ мешіт филармонияға айналмайды, ішінде концерт те қойылмайды. Оған ұлт мәдениетінің жоқтаушысы, қандай қызметте болсын, елдіктің ерен үлгісін танытқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков себепші болды, – дейді кітап авторы Асхат Асқарұлы.
Іс-шара соңында «Айтбай» мешітінің тарихын түгендеуге атсалысқан азаматтар, архив, кітапхана, музей қызметкерлері бас мүфтидің Алғыс хатымен марапатталды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!