Сейсенбі, 24 ақпан, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Байқоңыр: кеше, бүгін, ертең

24.02.2026

37 0

«Байқоңыр» кешенінің өзекті мәселелерін талқылау және тиісті шешім қабылдау мақсатында жыл сайын «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді. Тараптар үкіметаралық комиссия барысында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді. «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын іске асырудың белсенді кезеңіне өтіп, жерүсті технологиялық жабдықтарын жасау және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру үшін «Байқоңыр» кешенінің 170 мың гектарға жуық жерін жалға алу жұмысы тоқтатылуда. Сонымен қатар жайылымдық жерлерді ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін іргелес елді мекендердің ауыл шаруашылығы саласының қажеттіліктері үшін пайдаланылмайтын 28 мың га жер учаскесін қайтару жұмысы жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай баяндады.

Байқоңыр қаласы жалға алу жағдайында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауымен Байқоңыр қаласының және оған іргелес орналасқан Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән берілуде. Байқоңыр қаласының тыныс-тіршілігінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы іске асуда.

Байқоңыр қаласында 54,3 мың тұрғын тіркелген. Оның ішінде 38,7 мың Қазақстан Республикасының, 14,3 мың Ресей Федерациясының, қалғаны басқа мемлекеттің азаматтары. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 1,3% құраса, ғарыш саласы және Байқоңыр қаласы әкімшілігіне қарасты кәсіпорындар мен мекемелерде 10 мыңға жуық ел азаматтары жұмыс істейді. Қала тұрғындарын жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары Қармақшы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және қалалық «Мансап» орталығы арқылы жүзеге асырылып, жыл ішінде 336 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Шаштараз, шағын типография ашу, таза су өндіру, дәрігерге дейінгі қосымша медициналық тексеру, жартылай фабрикат өнімдерін дайындау бойынша 19 тұрғын «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, 29,8 млн теңге қайтарымсыз қаржыға ие болған.

– Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келі­сімге сәйкес, Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. Қаладағы көпбейінді ауруханаға 39 717 тұрғын тіркелген. Аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалада гемодиализ орталығының қызметіне жүгінетін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау мақсатында, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханасында гемодиализ орталығы қызмет көрсетуде, – деді Қайрат Нұртай.

Қалада 12 мектеп жұмыс істесе, оның ішінде 5-еуі қазақстандық стандарт бойынша білім береді. Ресей Феде­рациясының мектептерінде 2484 оқушы оқыса, қазақстандық мек­тептерде 4906 оқушы білім алуда. Алдағы уақытта №7 мектепті қазақстандық білім беру жүйесіне көшіру жоспарлануда.

Қалада 351 көпқа­бат­ты тұрғын үй бар. Мәскеу қаласында қол қойылған «Байқоңыр» кешенін газбен жаб­дықтау туралы келі­сім­ге сәйкес, қаланың тұрғын үй қоры толық газдандырылған. Қалаға іргелес Төретам және Ақай елді мекендері де толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілген.

– Байқоңыр қаласының әкімшілігімен «Байконурэнерго» жылу электр орталығын мазуттан табиғи газға көшіру жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл 2027 жылы аяқталып, жылу энергиясына тарифтердің өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қызылорда облысы әкімдігімен «Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту» жобасы аясында 94,6 км су құбыры және 84,6 км кәріз желілерін ауыстыру жоспарлануда, – деді Қ.Нұртай.

Сонымен бірге қаладағы спорт нысандарын көбейту қажеттігі туындап отыр. Осыған орай, 2025 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, оның базасында қазақстандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашу туралы шешім қабылданды. Өткен жылы Байқоңыр ғарыш айлағы мен қаласының құрылғанына 70 жыл толды. Бұл атаулы жыл Үкімет деңгейінде кең көлемде атап өтіліп, қала мен ғарыш айлағының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан «Байқоңыр» кешенінің қызметкерлері мен ардагерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ведомстволық наградаларымен марапатталды.

«Байқоңыр» – қала мен ғарыш айлағын біріктіретін, әлемде баламасы жоқ бірден-бір кешен. Кешен экономикасын әртарап­тандыру мақсатында туризмді дамыту өзекті. Премьер-Министр Олжас Бектеновтың тапсырмасымен туризм және спорт министр­лігімен бірлесіп, «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамыту­дың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.

– Қазақстан мен Ресей үкіметаралық комиссиясының ше­шімімен қазақстандық тараптан туристік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар анықталған. Сондай-ақ «Visit Baikonur» туристік ақпараттық орталығы құрылған. «Гагарин старты», «Гагарин беседкасы», динамикалық сынақ стенді, «Буран» монтаждау-жанармай құю кеше­ні сынды туристік нысандарда демалыс ұйымдастырылады. Ғарыш айлағының тарихында алғаш рет Аэроғарыш коми­тетімен заманауи киіз үй түріндегі қазақстандық бақылау пункті ашыл­ды. Қаланың ерекше ста­тусына байланысты туын­дай­тын өзекті мәселе­лер «Байқоңыр» ке­ше­ні жөніндегі Қазақстан-Ресей үкі­мет­аралық ко­мис­сия­сында қара­лады, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: