Сенбі, 16 тамыз, 03:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61,2174
16.08.2025
PDF мұрағаты

Бала бағуға да білім керек

16.08.2025

50 0

Жақында «Отбасы» орталығында «Жас отбасына предгравидарлық дайындық пен ана сүтінің маңыздылығы» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова қатысты.  

–  Бүгін біз жас отбасылар үшін өмірлік маңызы бар екі маңызды тақырыпты: жүктілікке дайындық пен ана сүтінің маңызын талқылаймыз. Жас отбасының дені сау ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі ерекше.  Ал бұл жол  болашақ ата-ана болуға дайындықтан басталады. Предгравидарлы дайындық – жүктілікті жоспарлап, әйел мен ер азаматтың денсаулығын алдын ала тексеру, зиянды әдеттерден арылу, дұрыс тамақтану мен өмір салтын қалыптастыру арқылы бала үшін қолайлы орта жасау деген сөз. Бұл – ұлт саулығына қосылған үлкен үлес. Сондай-ақ ана сүтінің теңдессіз пайдасы туралы білу маңызды.  Ана сүті – бұл тек қорек емес, баланың алғашқы иммунитеті, денсаулығы мен болашақтағы даму кепілі. Алғашқы уақытта сәбиді 6 айға дейін ана сүтімен ғана қоректендірудің пайдасы туралы дұрыс ақпарат әр ана үшін қажет. Мұндай шараларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты тек ақпарат беру емес, сонымен қатар болашақ ата-аналарға дұрыс бағдар беру, дені сау бала тәрбиелеуге қолдау көрсету, – деді ол.  

Бүгінде жас аналар бала емізуді машақат көріп, жасанды сүт беруге әуестеніп алғанын көзіміз көріп жүр. Ал ғылыми зерттеу бойынша сәбидің дені сау болып өсуі үшін оларды екі жыл толық емізу бала денсаулығы үшін маңызды екені дәлелденіп отыр.

– Предгравидарлық дайындық – болашақ ананың денсаулығын жақсартып, жүктілікті қауіпсіз өткеруге және дені сау ұрпақ дүниеге келуіне мүмкіндік береді. Ал ана сүтімен емізу тиімді, қауіпсіз әрі табиғи тамақтандыру тәсілі. Ол баланың иммунитетін күшейтіп, инфекциялық аурулардың алдын алады, баланың ақыл-ой және дене дамуына оң әсер етеді. Ең бастысы, ана сүті артық қаржылық шығынды қажет етпейді, әр анаға табиғат берген ең құнды ресурс. Зерттеулерге сәйкес, ана сүтінің маңызы туралы ақпарат алған ана баласын 2 жасқа дейін емізуге бейім болады. Осындай ақпараттық іс-шаралар жас отбасылардың саналы шешім қабылдауына, баланың жарқын болашағына жол ашатынына сенеміз, – дейді «Ана сүтімен емізуді қолдау, қорғау және насихаттау» бағдарламасының өңірлік үйлестірушісі Нұргүл Скакова.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: