Сейсенбі, 13 мамыр, 16:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35,2148
13.05.2025
PDF мұрағаты

Бала шипагері

13.05.2025

20 0

Адам жанына шипа дарытқан ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Осы орайда, өз ісіне адал, тәжірибелі, әрі білікті мейіргер – Қымбат Байназарованың еңбегі  ерекше.  Балалардың тілін тауып, қашанда ақжарқын қалпымен баурап алатын мейірімді жан ұзақ жылдар облыстық балалар ауруханасында  қызмет етуде.

Ол балалық шағынан осы мамандыққа бейімделіп, мектеп қабырғасында жүріп-ақ айналасына көмектесуге дайын тұратын. Ауылдағы медпункт дәрігерлерінің  ақ халат киген бейнесіне қызыға қарап, адам жанына дауа табатын мейіргер болсам деп армандайтын.

Қымбат Сайпенқызы 1973 жылы Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Ол туған жерден небір білікті дәрігерлер шыққанын мақтан ететін. Еңбек жолын 1995 жылдан облыстық ауруханада ота жасау мейіргері ретінде  бастаған. 2017 жылдан бері облыстық көпбейінді балалар ауруханасының ота жасау бөлімінде қызмет етіп келеді. 30 жылдық еңбек өтілі бар маман қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында бірнеше мәрте арнайы марапаттарға ие болды.

2009 жылы Акрам Ыдырысов атындағы қордың «Жылдың озат мейірбикесі» номинациясымен марапатталса, кәсіби біліктілігі үшін бірнеше мәрте облыстық кәсіподақ ұйымының, аурухана басшылығының алғыс хаттары табысталды.

– Біздің жұмысымыз өте жауапты. Соған қарамастан мамандығымды жақсы көрген соң науқастармен тіл табысып, жылы қарым-қатынас орнатуды қалаймын. Әсіресе бала жүрегі нәзік, әсершіл. Ауырған соң беймаза күйге түседі. Ата-анасына да оңай емес. Ота жасауды уайымдап ұйықтамайтыны бар.  Психологиялық қолдау көрсетіп, мейіріммен қарау ақ халаттының міндеті деп ойлаймын.  Біздің жұмыс салғырттықты көтермейді. Өйткені отаға алынған адамның өміріне біз жауаптымыз. Талай сын сағатты бастан өткердік. Тағдыры қыл үстіндегі нәрестелерді дәрігерлердің батылдығы мен білімділігінің  ар­қасында ажалдан алып қалдық.  Үйге оралғанда да науқастың жағдайы қалай болды екен деп алаңдап отырамыз, – дейді білікті мейіргер.

Шынында, ақ халатты адалдықтың белгісі деп түсінетін мейіргерлердің тынымсыз еңбегіне тәнті боламыз. Солардың қатарында мейірімді мейіргер Қымбат та бар.  Бала жанына саулық сыйлаған Қымбат Байназароваға алғысымыз шексіз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: