«Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» дейді халық даналығы. Халқымыз бала тәрбиесіне аса зор жауапкершілікпен қараған. Тәрбиешінің міндеті бөбектерді үлкен өмірге дайындап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеу, ата-ананың сеніміне ие болу, үмітін ақтау. Бұл үлкен еңбек пен мол тәжірибені қажет етеді. Бүлдіршіндерге арналған уақытын өмірдегі ең бір бағалы сәтіне балайтын тәрбиешілерге деген құрмет те жоғары.
Тасбөгет кентінде орналасқан «Нұр орда» бөбекжай-бақшасы бүгінде кішкентай бүлдіршіндердің құтты мекеніне айналып отыр. Балабақша меңгерушісі Айгерім Усерованың айтуынша, мұндағы 7 топта 22 тәрбиеші жұмыс істейді. Тәрбиешілердің педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы және педагог-модератор біліктілік санаты бар. Бүгінде 4 жастан 6 жасқа дейінгі 100-ден астам балақайларға тәлім-тәрбие беріп отырған балабақшаға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Жас ерекшеліктеріне сай оқу құралдарымен, ойыншықтармен, методикалық жаттығу құралымен жабдықталған.
Шынында, аулаға кіргеннен ертегілер өлкесіне саяхат жасағандай күй кештік. Ғимаратқа қадам басқанда әдемі ертегі кейіпкерлері, түрлі ойын құралдары, мұнтаздай тап-таза бөлмелер талғаммен безендірілген. Балалардың еркін ойнауына, ойлауына қолайлы, ой-өрісін дамытатын логикалық ойыншықтарымен бүлдіршіндер құмарта ойнауда.
– Кішкентай бөбектеріміз тілі шыққаннан адамгершілік қасиетті ата-анасынан, үлкеннен, тәрбиешіден насихаттау арқылы емес, тек шынайы көру, сезіну бойынша сіңіреді. Тәрбиеші мамандығы қызығы мен қиындығы қатар жүретін маман иесі екенін балабақшада еңбек еткендер жақсы түсінеді. Сүйкімді бүлдіршіндермен арада керемет байланыс орнағанда, сыңғырлаған тәтті күлкілерді естігенде, үмітке толы көздерді көргенде тәрбиешілер өз мамандығынан ләззат алады. Бүлдіршіндерге сабақты қызықты етіп өткізу, ертегі оқып беру, тақпақ, мақал-мәтел, жаңылтпаш жаттату, түрлі ойын ойнату арқылы бала бойындағы игі қасиеттің қалыптасуына жол ашылады. Тәрбиешілердің шығармашылық қабілетін шыңдап, жүйелі жұмыс істеуге дұрыс бағыт беруді, жаңа технологияны қолдана отырып, заман талабына сай білімін жетілдіруін қадағалап, тәжірибеден өткізіп отырамын. Балабақшадағы бүлдіршіннің бойына рухани-адамгершілік тәрбие сіңіріп, салт-дәстүрін сүюді меңгертсек, нұр үстіне нұр болады. Балабақша бақыт баспалдағы болса, тәрбиеші – ұрпақ тамырына нәр беретін мамандық иесі, – дейді балабақша меңгерушісі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!