Дүйсенбі, 25 қараша, 03:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Аңсаған сәби»: Бақыт сыйлаған бағдарлама

24.08.2024

441 0

Сурет:malim.kz

«Аңсаған сәби» бағдарламасы осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан еді. Отбасылық өмірде бір балаға зәру болып, сәби иісін аңсаған ата-аналар үшін жылт еткен үміт отындай болған бұл жоба бүгінде жүрегінде үміті өшпеген әрбір әйелге бала сүю бақытын сыйлаған бағдарламаға айналды.
Елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру жобасының тарихы сонау 1995 жылдан басталады. Ел медицинасына жақсы жаңалық әкеліп, құтыдағы алғашқы сәбиге өмір сыйлаған Қазақстандағы эко әдісінің негізін қалаушы, алғашқы эко-нәрестенің авторы, профессор, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова болды. Содан бері елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы 20 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
Бүгінде Қазақстандағы алғашқы эко-зертхана – «Экомед» клиникалар желісінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы орайда алғаш рет Қызылорда қаласында «Аңсаған сәби fest» фестивалі өтті. Аталған шараға Қазақстандағы эко әдісінің негізін қалаушы, алғашқы эко-нәрестенің авторы, профессор, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова мен «Экомед» холдингінің негізін қалаушы Батыр Бекмұсаев арнайы келді. Салтанатты шараға аймақтағы денсаулық сақтау саласының, «Экомед-Сырдария» клиникасы мамандары мен «Аңсаған сәби» бағдарламасының көмегімен ата-ана атанған отбасылар қатысты.
«Аңсаған сәби fest» фестивалінің ашылу салтанатында «Экомед» холдингінің негізін қалаушы Батыр Бекмұсаев шараның Қызылорда қаласынан бастау алуының да өзіндік тарихы барын ерекше атап өтті.
– «Экомед» емханасы 1995 жылы құрылып, 1996 жылы ең алғашқы құтыдағы бала дүниеге келді. Алайда бұл істі әрі қарай жалғастыру үшін қолдау болмай тоқтап қалды. Арада 2 жылдан соң Сыр елінің перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен бұл жоба қайта жанданды. «Экомед» емханасының жұмысының жандануына одан әрі көмек берген де Сыр елінің азаматтары еді. Осындай қолдаудың нәтижесінде емхана ұжымы қаншама әйелді ана бақытына бөледі. Сол себепті 30 жылдық мерейтой аясындағы фестивальді Қызылорда облысынан бастауды жөн көрдік, – деді «Экомед» холдингінің негізін қалаушы Батыр Қаратайұлы.
Бүгінде экстракорпоральды ұрықтандыруға жүгінетін әйелдер қатары артқан. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы олардың арманын орындауда. Бағдарлама іске асқалы жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны жылына 7 мыңға дейін артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік квотаның көмегімен 2021-2023 жылдар аралығында жалпы 21 000 пациентке жасанды ұрықтандыру жасалған. Нәтижесінде 8 мың келіншек жүктілік бойынша есепке тұрып, 7 000-ға жуық сәби дүниеге келген. Ал облыста 2021 жылы – 281, 2022 жылы – 277 квота, 2023 жылы – 274, 2024 жылы – 270 квота берілген. Өткен жылы осы бағдарламамен экоға жүгінген 274 әйелдің 152-сі жүктілікпен тіркеуген алынған. Нәтижесінде 119 бала дүниеге келіп, 5 отбасы егіз бөпелі болған.
– 1995 жылдың 18 cәуірінде алғашқы ЭКО-зертханасын ашып, бедеулікті емдеудегі жоғарғы технологияларды енгізгеннен кейінгі 30 жылда тек Экомед клиникаларында 20 мыңнан астам нәресте дүниеге келді. Елімізде 20 шақты эко клиникалар жұмыс істеуде. Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жылына бөлінетін 7000 квота медицина саласының дамуына және мыңдаған отбасының ата-ана атанып, бақытқа кенелуіне үлкен үлес қосуда. Үкіметтен осындай қолдау алып жатқанымыз үшін саланың мамандары мен бақытқа қол жеткізген пациенттеріміздің атынан айтар алғысымыз шексіз, – деді алғашқы эко-нәрестенің авторы Салтанат Байқошқарова.


А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: