Жексенбі, 01 маусым, 22:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40,2153
31.05.2025
PDF мұрағаты

Балалар демалысы – басты назарда

31.05.2025

143 0

l

Жадыраған жаз салтанат құрды. Жазғы демалысқа асыға шыққан мектеп оқушылары осы күндерді мағыналы өткізуге тырысады. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы – ауылға асығатын кез дәл осы шақ. Оқудан босаған өрендердің кейбірі демалыс лагеріне барады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзіне сүйенсек, биыл  3,2 миллион оқушыны сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтудың түрлі бағдарламаларымен қамту жоспарлануда.  

– Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталығының тізімі бекітілді, олардың дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Басымдық көпбалалы отбасылар мен ауыл балаларына беріледі, – деді министр.

Айта кетейік, жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында министрлік 120 мың педагог-ұйымдастырушыны даярлады. Сондай-ақ қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылады екен.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін еліміздегі театрлар мен мұражайларға кіру тегін болады.

55 млн 580 мың теңге қаражат қаралды

Қаладағы білім беру ұйымдары балғындардың демалыс кезеңін қызықты өткізу үшін барлық жағдай жасауда. Жыл өткен сайын оған айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның дәлелі ретінде лагерьлерде демалатын оқушылар саны артқанын айтуға болады.

Қалалық білім бөлімінің деректеріне сүйенсек, маусым айынан бастап демалыс орындары балдырғандарға есігін айқара ашады. Жаз айында білім алушылардың 99,3 пайызын бос уақытын тиімді ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде мектеп жанынан 55 жазғы тынығу лагері жұмыс істеуде.

 – Бүгінгі күні білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының жанынан құрылған жазғы тынығу лагерьлерінде дайындық жұмыстары аяқталды. 2 маусымнан бастап балаларды қабылдауға дайын. Балалар 5 санат бойынша қамтылады.  Атап айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен есепке алу тәртібін айқындайды. Бұл мақсатқа бюджеттен 55 млн 580 мың теңге қаражат қаралды, – деді қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұрқанат Амантаев.

Жазғы мектеп қызығы

26 мамырдан бастап қаладағы мектеп­терде жазғы тынығу лагері жұмыс істеуде. Біз жазғы мектептің қызығын балалармен бірге сезіну үшін арнайы С.Сейфуллин атын­дағы №4 ІТ мектеп-лицейге арнайы бардық. Мұнда бір мезетте 125 бала тынығуда. 1-6 сынып оқушылары түрлі үйірмелерге қатысып, уақыт қызық өтуде. Мектеп дирек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары, лагерь жетекшісі Сұлушаш Алмасбекованың айтуынша, білім ордасы қазіргі уақытта жас өрендердің шаттыққа толы орнына айналған. Мұнда бүлдіршіндер үшін қызықты күндер өтуде.

– Жазғы лагерь ашылған күннен бас­тап демалысты мазмұнды өткізу үшін тиісті үйірмелер бойынша балаларға көңіл бөлінуде. Олардың әрбір минуты тиімді өткені біз үшін маңызды. Лагерьдің ашылу салтанатына мектебіміздің түлектері үлкен демеушілік жасады. Атап айтсақ, «Асар» ЖШС директоры Жасұлан Тасыбаев бала­ларға тегін балмұздақ таратты. «ШиК» жарнама агенттігінің директоры Шыңғысхан Данияр лагерьдің көрнекілігіне демеуші­лік жасап отыр. Тынығу лагері өз  жұмы­сын  заманауи  бағытта  жандандырып  отыр. Мектепте оқушылардың тынығуы­на ба­рынша қолайлы мүмкіндік бар. «Шабыт шуағы», «Сахна жұлдызы», «Ой мен есеп алаңы», «Шебер қолдар»  және ағылшын үйірмелері оқушыларды қызықтыра түсе­ді, – дейді Сұлушаш Алмасбекова.

– Жазғы демалысым қызықты өтуде. Біз­ге барлық жағдай жасалған. Түрлі үйірмелер­ге қатысып, көңіліміз көтерілуде. Барлық іс-шараларға белсене қатысудамын.  «Шебер қолдар» үйірмесі арқылы сурет салуды, тігін тігуді үйретеді. Сондай-ақ «Сахна жұлдызы» үйірмесі мені қатты қызықтырды. Бұл мені арманыма жетуге жетелейді. Түрлі қойылымды қойып дайындайды. Бұл мен үшін үлкен сахнаға дайындық деп есептеймін. Өзімді еркін сезінуді үйрендім. Сахна жұлдызы болу менің болашақтағы арманым десем де болады, –  дейді 4 сынып оқушысы Жазира Жарасбекқызы.

Ал 4 сынып оқушысы Жанарыс Мұхамед­қали ағылшын, шахмат үйірмелеріне белсене қатысып жүргенін айтты.

– Маған жазғы мектеп лагері өте қатты ұнауда. Шахматты тереңірек үйренудемін.  Мұнда түрлі тақырыптарда сайыс өткі­зіледі. Жазғы демалысты тиімді өткізгім келгендіктен лагерьге қатысуды жөн көрдім. Жадыраған жаздың рахатына бөленіп, бал­дәурен шақтың бал дәмін ұмытпастай етіп өткізуді ұйымдастырған мектебіме рахмет айтамын, – деді ол.

Жаңа жобалар жүзеге асады

Қала сыртында орналасқан 2 лагерь мен орталықтарда 4 ауысымда 1888 бала демалыспен қамтылады. Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының демеушілі­гімен Түркістан облысы, Төле би ауданы, Біркөлік елді мекеніндегі «Қуаныш» лагерінде 200 оқушы, демеушілер мен кәсіп­одақтар есебінен жобамен 200-ден аса оқушы тынығады.

Сондай-ақ 9 мектеп жанында этно­лагерьлер, 18 шатырлы лагерьлер жұмыс істеп, онда 788 бала қамтылды.

Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұрқанат Амантаевтің айтуын­ша, биыл балалардың бос уақытын ұйымдас­тырудағы бір ерекшелік, жұмысшы маман­дықтары жылына орай «Жас Sкills» жобасы жүзеге асуда. Білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушыларын өңірдегі 18 колледж­дің материалдық-техникалық базасымен та­ныстыру, жұмысшы құзіреттілігі туралы жан-жақты кәсіби бағдар беру, олардың қызығушылығын арттыру бағытында шара­лар қабылданады.

Балалар демалысы – басты назарда

– Мектеп, колледждерден бөлек, облыс аумағындағы қосымша білім беру ұйым­дарында да жазғы лагерьлер жұмыс істейді. Биыл да жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бос уақыттын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды өз деңгейінде үйлестіреміз, – деді білім бөлімінің әдіскері.

Лагерьлердің жағдайы қатаң бақылауда

Енді жазғы демалыс лагерьлерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына шағым болса, жедел желіге қоңырау шалуға болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің сани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау ко­ми­тетінің мәліметінше, биыл балаларды сауықтыру ұйымдарын маусымға уақытылы дайындау мақсатында комитеттің аумақтық бөлімшелері әкімдікпен бірлесіп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша «Жол картасын» әзірлеп бекітті. Жол кар­тасын іске асыру шеңберінде балалар демалысы нысандарының санитарлық-тех­никалық жай-күйін бағалау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру, лагерь қызметкерлерімен оқыту және түсіндіру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ дайындықтан бастап ауысым аяқ­талғанға дейінгі барлық кезеңдерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылау, балалардың тамақтану, сумен жабдықтау, медициналық қызмет көрсету және тұру жағдайларының сапасын бақылау көзделуде. Қазіргі кезге дейін консультациялық көмек көрсету үшін әр лагерь­ге санитарлық-эпидемиологиялық қыз­мет мамандары бекітілген.  Олар 191 лагерь өкілдеріне кеңес берді.

ТҮЙІН. Жазғы лагерь баланың өзін-өзі дамытып, алаңсыз демалуына жағдай жасайды. Мұндағы әрбір бала түрлі шараларға қатысып, ой-өрісін дамытып, талай танымдық дүниелермен танысады. Сон­дықтан да балалар үшін жақсы де­малыс ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Ал демалыстың мәнді өтуі – білімге деген құлшыныстың бастауы екені  сөзсіз.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: