Қауіпсіздік – кез келген қоғам үшін маңызды ұғым. Әсіресе, бала өмірі мен амандығы басты назарда болуы тиіс. Осы орайда кеше Батырхан Шүкенов атындағы саябақта ерекше форматта іс-шара өтті. «Айзере» балабақшасының кішкентай тәрбиеленушілеріне арналған бұл шараның негізгі мақсаты – бүлдіршіндерге өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндіру, қауіпке қарсы дайын болу мәдениетін бала кезінен қалыптастыру.
Іс-шараның ерекшелігі – балалардың қауіпсіздік тақырыбын өз көзқарасымен бейнелеуі. Саябақта ұйымдастырылған сурет байқауында бүлдіршіндер өрттің қаншалықты қауіпті екенін, одан сақтану жолдарын өз суреттері арқылы жеткізуге тырысты. Қағаз бетінде бейнеленген әрбір сурет – баланың қауіпсіздік туралы өзіндік ойы мен қиялының көрінісі. Мұндай әдіс – баланың тек шығармашылығын ғана емес, өмірлік маңызды тақырыптарға көзқарасын қалыптастыруға сеп болмақ.
Іс-шара барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, балалар өз өнерлерін ортаға салды. Өнерпаз балдырғандар ән айтты, ұлттық рухты дәріптеп, домбыраның құлағында ойнап, ұлттық аспаптың үніне елітті. Би билеп, көркем сөз оқығандар да сахна төрінен табылды.
– Мұндай бағыттағы іс-шаралар Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Балаларға сурет арқылы төтенше жағдайдан сақтануды үндейміз. Мұндай шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады, – дейді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Айбек Жүсіпназар.
Өнерлі балақайлар басқосуында тәрбиешілердің еңбегі ерекше байқалды. Балаларды дайындау, тақырыпты түсіндіру, шығармашылыққа жетелеу – тәрбиешілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Атап айтарлығы, бұл іс-шараның алғаш рет ашық аспан астында, табиғат аясында өткізілуі. Жасыл желекке оранған саябақта ұйымдастырылған мерекелік шара бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, табиғатты аялауға да үндеді.
«Сақтықта қорлық жоқ» дейді дана халқымыз. Баланы қауіпсіздікке дағдыландыру – болашақтың кепілі. Осындай тәрбиелік маңызы зор шаралар алдағы уақытта жалғасын тауып ғана қоймай, еліміздің әрбір бүлдіршіні қауіпсіз қоғамда қапысыз өмір сүруге дағдыланбақ.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!