Әділдіктің ақ туын көтеріп, заң алдында адамның бәрі бірдей екенін ұқтырып жүрген білікті мамандар көп. Солардың бірі – Забира Абылайқызы. Бүгінде Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болып қызмет атқаратын оның бойында адамдық пен мамандыққа адалдық әр кез көрініс тауып тұрады.
Кішкентайынан заңгерлік салада еңбек етуді армандаған Забира Абылайқызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының құқықтану және заңгер оқытушы мамандығы бойынша үздік түлектерінің бірі. Сонымен қатар қазақ мемлекеттік заң университетінің «Сот-прокурорлық» факультетінің сырттай бөліміне түсіп, 2011 жылы қазақ мемлектеттік заң академиясының «заңгер» мамандығын аяқтады. Бүгінде аталған салада 1998 жылдан бері жұмыс істеуде. Алдымен Қызылорда қалалық Тасбөгет аумақтық сотының сот хатшысы қызметіне қабылданса, кейіннен Қызылорда қалалық сотының сот хатшысы болды. Ал 2000 жылдың қараша айында бас маман қызметін атқарды. 2014 жылы 29 тамыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қызылорда қалалық сотының судьясы болып еңбек етті. Бүгінде ол – кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
– Осы тұста балаларды тәрбиелеуге байланысты істердің санаттары бойынша жай-күйді тексеру актісінің қандай да бір әзірленген бірыңғай нысаны жоқтығын атап өту қажет. Негізі, тәрбиелеуге қатысты мәселелердің бар-жоғын анықтайтын зерттеу қорғаншы органмен тексеруді жүргізетін тұлғалар, оның мерзімдері, нақты сұрақтардың көлемі мен мазмұны көрсетіліп белгіленген нысанда жүзеге асырылуы тиіс. Осылайша, қамқоршылық органдары қызметінің белгілі бір критерийлерінің және шешім қабылдауда, қорытынды беруде бірыңғай тәсілдердің болмауы түйткілді мәселелердің бірі болып отыр. Егер ювеналды әділет саласы проблемаларды о бастан, яғни туындау кезеңінде шешіп, ең бастысы баланы сотқа дейін жеткізбеу мақсатында кешенді жұмыс істесе, нәтиже шынымен де қанағаттанарлық болар еді деп ойлаймыз. Кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігі тұлғаның одан әрі криминализациялауына жол бермеуі, баланың әлеуметтен алыстауына емес, әлеуметтік сауықтыруына ықпал етуі тиіс. Мұндай тәсіл қылмыскерді емес, толыққанды азаматты қажет ететін қоғамға тиімді. Бұл ретте құқық бұзушылыққа қарағанда құқық бұзушы тұлғаның өзі маңызды деген ұғым ювеналдық әділеттің негізгі қағидасы болғаны абзал. Әрине, шынайы ювеналды әділет құру – оңай шару емес. Қазіргі кезеңде ювеналды әділет жүйесін одан әрі нығайту үшін жүйелі түрде судьяларды, прокурорларды, адвокаттарды оқыту сапасын жақсарту, әлеуметтік, психологиялық қолдау және пробация қызметтерін дамыту қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар көбінесе ата-аналар тарапынан тәрбиенің тиісті түрде берілмеуінен туындайды, – дейді саладағы мәселелерге пікірін білдірген тәжірибелі маман.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген батыр Баукеңнің сөзін қаперде алатын Забира Абылайқызы осы күні қызметте абыройлы, отбасында адал жар, аяулы ана. Ал өмірде мамандық таңдауда жаңылыспағанын айтқан ол жетістікке жетуі де соның арқасы екенін жеткізді.
– Алдыңа мақсат қойып, сол биікке жетемін деп талпынсаң, ниет қылсаң, барлық кедергілер өздігінен жоғалады. Қызмет жолымда да балалардың болашағына алаңдаймын. Солардың әрбір сәтте дұрыс жолда жүріп, тағдырына балта шабылмағанын қалаймын. Өмір болған соң бәрін де көресің. Бірақ біз балалардың шалыс қадам баспауын ойласақ, түбінде соған бағытты жөндеп беруіміз керек, – дейді судья.
Кейіпкеріміз кабинетінен шығып, сот отырысына жылдам басып барады. Иә, ол жаққа барғанша оның ойында тек бір ғана нәрсе: қаралатын істің бала тағдырына теріс ықпал етпесе екен дейді. Темірдей тәртіпке негізделген салада жүрегі жұмсақ, жаны жайсаң жандар көп. Тек оларды көре білу керек. Забира Абылайқызы – осындай жан…
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!