Сенбі, 19 шiлде, 04:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53, 2166
19.07.2025
PDF мұрағаты

Балаларға бағыт беретін академия

19.07.2025

39 0

Облыс орталығындағы Бейбарыс сұлтан көшесі бойында еңселі де сәулетті ғимарат мен мұндалап тұр.  «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы мамыр айында ашылған еді.

Дарынды жастардың ордасына айналатын орталықтың ашылуын көпшілік асыға күткені жасырын емес. Тіпті ашылу рәсімінен кейін үйірмелерге жазылу үшін ғимарат табалдырығын тоздырып жүрген ата-аналар аз емес. Орталық шілде айынан бастап өз жұмысын бастады. Орталықтың жұмысымен танысу үшін арнайы бардық. Ғимараттың іші бүгін балаларға толы. Себебі бірқатар үйірмелер жұмысын бастап, балаларды қабылдап жатыр екен. Бізді «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инно­вациялық академиясы директорының міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызы күтіп алды.

– Шығармашылық академия – дарынды жастардың ордасы. Қазіргі кезде білім беру жүйесі жаңа техно­логияларға, жаңа мүмкіндіктерге, шарықтау мен шығар­машылық шектеуі жоқ кеңістікке айналды. Заман талабына сай ойы ұшқыр, алғыр да зерек бала үшін мүмкіндіктер өте көп.  Ал бұл орталық балаларға сол мүмкіндіктер есігін ашып берді, – дейді ол. 

Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы ор­наласқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық ба­ғытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлме­сі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды ин­теллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және мате­матика кабинеттері жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүмкіндіктерге, шы­ғармашылық шектеуі жоқ кеңістікке жол ашып отыр. Бұл мүмкіндікті жас өрендер тиімді пайдалануда. Түрлі бағытта үйірмелерге қаты­сып жүрген балалардың көзінен қуаныш сезімі байқалады.

– Теннис ойыны өзіме ұнайды. Шығар­машылық академия ашылғаннан осы үйір­меге жазылдым. Қазіргі уақытта үйірмеге тұрақты қатысып жүрмін. Бұл ойын жылдам­дықты, икемділікті қажет еді. Жетекшіміз осы тәсілдерді үйрете бастады. Үйірмеге қатысу арқылы жаңа достар тауып, жаңа ортаға бейімделе бастадым, – дейді теннис үйірмесіне қатысушы Айсұлтан Дінмұхамедұлы.

Ал 10 жастағы Айлина Нұртас математика мен шахмат үйірмесіне жазылыпты.

– «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының ашылғанына қуаныштымын. Жазғы демалысым тиімді өту­де. Бұрын мектебімде шахмет үйірмесіне қатысқанмын. Заманауи үлкен ғимараттың ашылғанын естіп, осындағы үйірмеге қатыс­қанды жөн көрдім. Математика мен шахматты жақсы көремін. Үйірме жетекшісі өте жақсы түсіндіреді. Ойын ойнаудың түрлі тәсілдерін үйретті. Алдағы уақытта чемпион болуды мақсат етіп отырмын, – дейді ол.

– Академияда 39 үйірме ашылуға тиіс. Қазіргі таңда 16 үйірме жұмыс істеп тұр. Үш қабатты орталық бір мезетте 500 баланы қамтиды. Қазіргі таңда 5300-ден аса бала тіркеліп тұр. Оның ішінде бассейн мен шахмат үйірмесіне сұраныс көп. Негізі орта­лыққа келген баланың кәсіби құзыреттілігі артады деген ойдамын. Себебі бұл жерде әрбір бала қай мамандыққа барғысы келетінін анықтауға мүмкіндік болады. Кәсіби бағдар беруді балаға 5-сыныптан бастаған дұрыс. Сондықтан да жоғары сыныпқа көшкен оқу­шылар өзінің мамандығын дұрыс таңдауға мүмкіндік болады. Алдағы уақытта дарынды балаларды әртүрлі конкурстарға, жарыстарға қатыстыру жоспарда бар. Бір бала екі үйірмеге жазылуға болады. Үйірмеге тіркелген балалар реттілік бойынша шақырылған, – дейді Жанар Бимұратқызы.

Үйірме жетекшілеріне нақты жоспар, бағыт-бағдар берілген. Сол бағытта баланың қабілетін тану мақсатында нәтижелі жұмыстар болады деген жоспар бар. Үйірмеге жазылу туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы бақылап отыруға болады.

Аймақта өнерлі балаларды қолдау мақса­тында мұндай орталықтың ашылуы қуантарлық жайт. Себебі өскелең ұрпақты тәрбиелеп, жақсы бағыт-бағдар беру – басты парыз.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: