Бала күнімде аспанға ұзақ қарап, оның шексіз көкжиегіне көз тастайтын әдетім бар еді. Кейде қиялыммен бұлттардың соңынан еріп, олардың беймәлім бағытқа баяу жылжыған көшіне қызыға қарайтынмын. Ал кейде мүлгіген көк аспан үнсіз тұнып, менің ойларымды өзіне сіңіріп алғандай, беймәлім бір сырды ішіне бүгіп тұрғандай сезілетін. Есейе келе бір нәрсені ұқтым: әр адамның балалық шағының өз аспаны болады екен. Ол бірде ашық, кейде бұлт торлап мұңды, ал кейде мүлде түнеріп, қараңғылық құшағына сіңіп кететін сәттері де бар. Менің балалық шағымның аспаны шуақты, жарқын болды. Сол аспанның нұрын сөндірмей, жүрегімізге жылуын шаша білген, бізді мейірім мен қамқорлыққа бөлеген жандар – Қуаныш көкем мен Күлшат жеңгем болатын.
Қазақ халқы – әуелден кемеңгер, дана халық. Бұл сөзді ұлтымның өкілі болғаным үшін емес, көзбен көріп, көңілге түйіп, санама сіңірген соң айтып отырмын. Уақыт өткен сайын ата-бабамыздан қалған өсиет пен нақылын, тауып айтылған даналық сөздерді оқып, терең мағынасына бойлаған сайын таңданысым шексіз артады. Қазақтың туыстық қарым-қатынасы – тек қан байланысынан ғана құралмайтын, ішінде мейірім мен жанашырлықтың, құрмет пен жауапкершіліктің ұлы мектебі бар жүйе. Ағайын-туыс арасындағы сыйластық, бір-біріне деген ықылас – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Қанша ғасыр өтсе де, түп тамырынан ажырамаған бұл қасиет әр қазақтың жүрегінде сақталған. Бүгін мен қазақтың туыстық қарым-қатынастағы жылулық пен жанашырлыққа құрылған ерекше дәстүріне тоқталғым келеді. Қазақта туыстық қатынас сан алуан: ата-ана мен бала, жезде мен балдыздың әзіл-қалжыңы, бөлелердің өзара әңгімесі т.б. Бірақ менің айтпағым – нағашы мен жиен арасындағы байланыс.
«Жігіттің үш жұрты болады» дейді халық даналығы. Бұл ұғымды кейде «өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – міншіл, нағашы жұртың – сыншыл» деп те сипаттап жатады. Шынында, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар. Бірақ мен үшін нағашы жұртымның орны қашан да бөлек. Ес білгелі нағашыларым бізге – жиендеріне (біздің қарамыз аз емес қой) әрдайым жанашыр, қамқор болып, сөзін де, уақытын да, тіпті қаражатын да аямайтын, арқасүйер азаматтай қамқор, барын аямайтын нағашыларым бар еді. Иә, өткен шақ туралы жазу маған өте ауыр, бірақ пенде болған соң шара бар ма…
Менің асыл нағашыларым – елінің ардақты адамдары. Бес тәтеммен бірге, Құдайдан тілеп алған жалғыз ұл – Қуаныш Дабысов және оның жары Күлшат Дабысова. Қуаныш көкем – өр тұлғалы, кең маңдайлы, жомарт жүректі, сөздің нарқын білетін, ақыл-парасаты мол, елі үшін еңбектенген, туған жерін гүлдендіруге үлес қосқан нағыз қайраткер, еліне шын жанашыр, жүрегінің түгі бар азамат.
Дабысов Қуаныш Жұмабекұлы 1961 жылы 6 тамызда Тереңөзек қыстағында дүниеге келген. Жоғары білімді инженер-құрылысшы, инженер-экономист, қаржыгер. 1983 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалын, 2004 жылы Қызылорда инженерлік экономикалық институтын, 2006 жылы Мәскеу стандарттау, метрология және сертификаттау академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1978 жылы қарапайым жұмысшыдан бастаған. 1983 жылы институтты бітіріп келгеннен кейін, өзі өсіп-өнген Іңкәрдария ауылында 10 жыл құрылыс саласында бас маман болып қызмет атқарып, білікті инженер-құрылысшы ретінде, ауыл ғимараттары мен мал фермаларының сапалы салынуларына тікелей араласып, туған ауылының гүлденуіне сүбелі үлес қосты. 1994-2000 жылдары Қызылорда қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысуды бастап, 2000-2004 жылдары «Байконур-Транзит» ЖШС-нің бас директоры, 2005 жылдан бастап «КазРос-мунай» ЖШС, «АзияТрансЦентр» ЖШС, «Астана Моторс-2030» ЖШС, «Астана Логистикс» ЖШС, «Астана-Путь» ЖШС, «ЦентрСтройСнабСервис» ЖШС, «ҚырғиКүзет» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы және бас директоры ретінде, осы мекемелердің жүйелі жұмыс істеп, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық нығайтуға бағытталған жұмыстарына кешенді араласуына шебер басшылық жасай отырып, 600-ден аса адамды жұмыспен қамтамасыз етті.
Қуаныш Жұмабекұлы облысымыздың танымалы кәсіпкері болумен қатар, еліміздің саяси-қоғамдық жұмыстарына да белсенді араласты.
2005-2006 жылдары «АСАР» партиясы Қызылорда облыстық филалының секретары, 2006-2008 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Саяси кеңесі және Саяси Кеңес Бюросының мүшесі болды.
Қуаныш Жұмабекұлы 2007 жылдан бастап, Қызылорда облыстық мәслихатының I-II шақырылымының депутаты ретінде, өз сайлаушыларының үмітін ақтай білді.
Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық саласына атқарған оң жұмыстары үшін Қуаныш Жұмабекұлы 2008 жылы Қазақстан Республикасының «Білім меценаты» дипломымен, 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП-ның Құрмет грамотасымен, 2012 жылы Қорқыт Ата университетінің «Үздік түлек» медалімен, «КазРос-мунай» ЖШС «Луч восходящего солнца» халықаралық сыйлығымен, экономикалық саладағы сіңірген еңбегіне орай «Лидер отрасли – 2013 года» атағымен марапаттталды. «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Кызылорда қаласына – 190 жыл», «Жалаңтөс Бахадүр», «Бұхарбай батыр Естекұлына – 200 жыл» мерекелерінде медальдармен марапатталды. Қазақстан Республикасының Президентінің алғыс хатымен үш мәрте марапатталды.
Міне, менің Қуаныш нағашым осындай еліне белгілі азамат, депутат, меценат, ол өз дәуірінің азаматы ғана емес, уақыттың өзі қадірлеген жомарт жан болатын. Қаншама халыққа өз қаражатынан жол салып, көпір тұрғызып, жетім-жесірге көмек қолын созып, студенттерге өз атынан шәкіртақы тағайындап елден көмегін аямады. Сөздің қысқасы, нағашы деп мақтанып айтуға лайықты адам болатын. Ол бізге, жиендеріне тұлпар мінгізіп, алтын сарай салып берген жоқ, бірақ қамқор болды. Біз үшін әр тойдың көркі, әр жиынның сәні еді. Біздің ғана емес бүкіл әулеттің тірегі еді. Қателікке жол бермейтін, әр ісіне мұқият, елдің ортасында беделді тұлға еді. Тірегі мықты шаңырақтың іргесі шайқалмайтындай көрінетін… Бірақ тағдырдың өз есебі бар екен. Біз нағашымызды ешқашан арамыздан кетеді деп ойламадық. Өмір бойы тірек болып жүре беретіндей көрінетін. Алайда 2021 жыл біз үшін де, талай отбасы үшін де ауыр жыл болды. Сол жылы көктем шықпағандай, күн жылымай қойғандай еді. Біздің әулеттің аспаны күрт қарауытып, қаңтарда Қуаныш көкемізден кенеттен айырылып қалдық.
Қазақ «орнында бар оңалар» дейді. Біз де сол үмітпен жүрдік. Артында ошағын сөндірмей отырған жеңгеміз, бала-шағасы бар ғой деп өзімізді жұбаттық. Бірақ тағдыр бізге тағы да сынақ дайындап қойған екен. Көп ұзамай жеңгеміз де сүйген жарын көп күттірмей, артынан кете барды…
Жеңгеміз тәлім мен тәрбиені қатар алған, сұлулығы мен сымбаты жарасқан, сабырды серік еткен, ақылы мен мейірімі жарасқан текті жан еді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, отбасылық дәстүр мен ізгілікті бойына сіңірген, ісіне ұқыпты, мінезі байсалды болатын. Ол бір әулеттің ғана емес, біздің бала күніміздің де алтын жібін иірген жан еді. Қуаныш көкем мен Күлшат жеңгем жастық шақтарында, сонау Іңкәрдарияда танысып, сөз байласқан екен. Екеуі де ақылына көркі сай, бір-бірін тапқан, ерекше жандар. Жас отау болып, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан абзал жандар. Бірі инженер-құрылысшы, бірі математика пәнінің мұғалімі болып, туған жерінің дамуына маңдай терін төкті.
Әр жылдың жазында ағаларым сол ауылда ата-әжеміздің қолында болатын. Құрт-ірімшік жеп, май-талқаннан дәм татып, қауынқұрт пен жеміс-жидектің тәттілігін сезініп, сол ауылдың самалын жұтып өсті. Кейін қалаға көшіп, коммунизм шағын ауданына қоныс аударды. Ол кезде бұл жаңалық біз – жиендер үшін кішігірім той болды. Кейінірек, ағаларым есейіп, бірі студент атанып, бірі өзге қалаға оқуға түсті. Ал олардың ізін «Ат тұяғын тай басар» демекші, жалғадық. Әр үлкен-кіші демалыстарда сол үйге барып, ойынның қызығына бататынбыз. Біз үшін ол үй нағыз ертегідегідей еді. Себебі ауласы кең, жеміс ағаштары жайқалып тұратын, үй жануарлары еркін жайылатын. Ал біз үшін ең маңыздысы сол кездегі ең үлкен жаңалық саналатын компьютерлік ойын приставкасы бар еді. Сол үйдің ауласында жүгіріп ойнаған күндеріміз естен кетпейді. Бір қызығы, аулада асфальт болмаса да сол жерде көлденең жатқан қоқыс болмайтын, тап-таза, жинақы қалыпта. Жеңгеміздің ісмерлігі ме, әлде көңілінің кеңдігі ме – сол үйден әрдайым бір жылылық есіп тұратын. Күлшат жеңгем сол үйдің шырағы болды. Ол бәріне үлгерді: ата-енесін сыйлады, бала-шағасына мейірімін төкті, ағамызға сүйеніш бола білді. Оның жүрегінің кеңдігі сонша, біздің шұбырып келгенімізге ешқашан ренжіген емес. Көкеміздің үйі – қарашаңырақ, әжем болған соң кісі аяғы үзілмейтін, тіпті біздің келгенімізді байқамайтын да шығар, әйтеуір қабақ шытпайтын. Біз қандай бақытты едік… Балалық шағымыздың шуақты, мейірімге толы, кіршіксіз, бейқам әрі риясыз болуына осы жандардың ықпалы зор болды. Сол жылдар енді қайтып келмейді… Олар біз үшін қарашаңырақтың тірегі еді. Сол алтын діңгек құлаған сәтте, балалық шағымыздың бір жарқын дәуірі де үнсіз қоса жоғалғандай сезілді… Олардың қарапайымдылығы, кеңпейілдігі, қонақжайлығы сол үйдің жылуын сезінген әр адамның жүрегінде сақталып қалды…
Ербол БЕКІШ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу
университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының магистрі,
суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!