Сенбі, 10 қаңтар, 10:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2 (2214)
10.01.2026
PDF мұрағаты

«Баламды қосымшаға біл деп бердім»

10.01.2026

66 0

Күнде кешкілік балаларымның сабағын оқытқан сайын өзімнің балалық шағым есіме түседі. Ата-анамыз оқуымызға қарауға шамасы келмейтін. Таңнан кешке дейін қара жұмыстан қолы тимейді. Тіпті «сабағыңды оқы», – деп ескерткені есімде қалмапты. Ал бүгінгі балалар ше? Дәл қазіргі мәселе барлық отбасында бар. Қазіргі ата-аналар балаларына сабақ оқыта алмай әлек болып жүр. Тіпті кейбір ата-ана баласының үй тапсырмасын орындату үшін арнайы мұғалім жалдап отыр. Бүгінде жүйкесі жұқарған ата-ана, сабақ ұқпайтын бала көп. Осы жағдай қосымша орталықтар мен ақылы оқытатын мұғалімдердің көбеюіне әкелді.

Ата-ананың уақыты жоқ

Жасыратыны жоқ, бүгінде оқушылар қосымша орталықтар мен репетитор жағалап жүргенін көзіміз көріп отыр. Жарнамасы жер жарған арнайы орталықтар сұраныстың көп екенін дәлелдеп тұрғандай. Сонымен қатар қалтасы қалың ата-ана  ақылы мектепті таңдайды.

Репетиторлық немесе мұғалім жал­дау  бүгінде үлкен сұранысқа ие. Мұның себебін «сыныпта оқушының көпті­гінен» десе, ата-аналар «уақыттың жоқ­тығынан» дейді. Сөйтіп, жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен әрбір екінші оқушы оқу орталығын жағалап жүреді. Тіпті мұғалімдер оқушының үйіне келіп сабақ береді. Ата-ана оның ақысын төлейді. Әрине, бұл мектептегі тегін үйірмелерден бөлек.

– Қыздарымды өзім оқытқанмын. Ұлды оқытуға шамам келмеді. 1-сынып­тан бастап жеке мұғалімге бердім. Сабақ уақытынан тыс үй тапсырмаларын орын­датып жібереді. Өзім оқытсам ай­қай­лап, баланы ұрып жіберемін. Сол үшін мұғалімге қосымша оқытқанды жөн көрдік. Жүйкем де тыныш, бала өз деңгейінде білім алады, – дейді қала тұрғыны Құндызай Жиенбаева.

Үйірменің үйретері көп

Немісше «Repetitor», французша «répétiteur», «répéter» – қайталау, зер­делі болуға ұмтылыс деген ұғымды біл­діреді. Бірақ мектептен алған білім­ді үйде қайталау емес, баланы ақылы оқыту түсінікке дәл келеді. Бұл қызмет кеше-бүгін пайда болған жоқ. Оның тарихы ертеден басталған. ХVІІІ ғасыр гувернанттық қызметтің нағыз өркендеген дәуірі еді. Сол уақытта  еуро­палық бай-манаптар балаларына гувер­нанттар жал­дап, оқуға бейімдеген. Осы­дан-ақ бұл қызметтің маңызды рөл атқа­ратынын ұғынуға болады. Дегенмен соңғы кезде жаңаша түрленді. Соның негізінде сұраныс көбейіп, қосымша орта­­лықтардың  қажеттілігін сезіне бас­тады.

– «Сыныпта оқушы көп. Барлығы бірдей түсіне алмайды» дейді мектеп мұғалімдері. Сондықтан ақылы оқуға бергенді жөн көрдім. Бұл қалтаға салмақ түсіреді.  Дегенмен ата-аналық міндетім болған соң қатардан қалмағанын қа­лаймын. Одан бөлек, балалардың сабақ оқуға ынтасы жоқ. Мектеп бағдарлама­сы да қиындап кеткен. Кейбір сабақтар­ды өзіміз түсінбейміз. Әр сағатқа әр тақырып берілген соң үй тапсырмасы да көптеп беріледі. 3-сыныптан бастап ағылшын, информатика пәндері қосыл­ған. Бұл пәндер баланың миына артық салмақ емес пе? Шынын айтқанда, мектепке барып келіп, шамалы сабақ оқып келгеніне қуанамыз. Қаладағы оқу орталықтарына қатынайтындай мүм­­кіндік  жоқ. Алайда қосымша оқы­та­тын мұғалімдерге ақысын төлеп отыр­­мын. Мұғалімдер өз деңгейінде оқы­­тады. Нәтиже болады, – дейді ата-ана Құндызай Жиенбаева.

Неге бала мектептегі біліммен жо­ғары нәтижеге жете алмайды? Қосым­шадан, ақылы курстардан көз ашпаудың сыры неде? Ата-аналар не үшін ақылы оқу жағалап жүр? Осы сұрақтар көптің көкейінде жүргені анық. Біз де жауап іздеп көрдік. 

– Біріншіден, әр сыныптағы әр оқу­шы­ның потенциалы әртүрлі. Бір сынып­та 25-30 бала отыр. Мұғалім 45 минутта барлық оқушымен жұмыс істеп, әр оқу­шының деңгейіне қарай жекелеген тапсырма беріп үлгіре алмайды.  Біреу тез қабылдайды, біреу баяу түсінеді. Нә­тижесінде қолдау жетпей қалады.

Екіншіден, оқу бағдарламасының ты­ғыздығы. Соңғы жылдары пәндердің теориялық көлемі артты, бірақ сағат саны азайды. Бұл сабақты толық меңгеруге қиындық келтіреді. Баланың сабақты түсінбеу күн сайын жинала береді.

Үшіншіден, функционалдық білімге сұраныстың өсуі. Мектеп әлі жаһандық құзыреттіліктің талабына жауап бере алмай жатыр. Ата-ана нақты нәтижені (ҰБТ, олимпиада, халықаралық емти­хан) күтеді. Бұл мақсаттарға арнайы дайындық керек. Сол үшін қосымша курстар көбейді. Грант, дарын бағ­дарламалары, лицей, олимпиада, жоғары оқу орнына түсу – бәрі баладан жоғары дайындықты талап етеді. Бұл ата-ананы қосымша дайындыққа итермелейді. Баламен жеке жұмыс істейтін репетитор материалды дәл сол баланың деңгейіне бейімдей алады. Көп ата-ана мектептегі жалпы оқудан гөрі осы форматты қалайды.

Бұл мәселенің екінші қыры бар. «Көп ата-ана жұмыс істесе, бала қараусыз қалады. Балаға көңіл бөлсе, жұмысқа үлгермейміз» деген мәселенің ұшы шы­ғады. Сондықтан ата-ана баласының оқуын бақылауды орталықтарға тапсы­рады.  «Мектеп бәрін бермейді» деген түсінік қалыптастырып алған ата-аналар өз тыныштығын қамтамасыз ету үшін ақылы курсқа тіркейді. «Басқалар оқып жатыр,  біздің бала қалып қоймасын» деген үрей талай ата-ананы ақылы орта­лықтарға итермелейді.

Қорыта айтқанда, бала мектептегі бі­ліммен жоғары нәтижеге жете алмай­ды деп кесіп айтуға болмайды. Негізгі мәселе – баланың деңгейі мен оқу ортасы арасындағы сәйкестік. Мәселен, кімге мектеп жеткілікті, ол да бар, кімге қосымша қолдау қажет, ол да қалыпты жағдай, ал кімге арнайы дайындық (олимпиада, ҰБТ) керек, оған қосымша оқу қажет. Қорыта айтқанда, мәселе білім сапасында ғана емес, жүйенің күр­деленуі, сұраныстың өсуі және нәтиже күтудің өзгеруінде, – дейді №290 орта мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғайни Айтмұратова.

Сұраныс неге көбейді?

Иә, бүгінде ақылы білімнің дәурені жүріп тұр. Мәселен, Назарбаев зият­керлік мектебі, «Дарын», «БИЛ» секілді мектептерге түсу үшін де балалар оқу орталықтарына барады. Мұндай мек­тепке дайындайтын орталықтар қазір қаптап кеткен. Жарнамасы да озып тұр. Ақшасы да әжептеуір. Тіпті шамаң келмесе несиеге бөліп төлеуге де оқыта береді екен. Жақында қызымды дайын­дыққа берсем бе деген оймен осындай орталықтардың біріне бардым. Мақтауын келістірді. Қызымды мақ­тады. Ағылшын, математика пәнінен білім деңгейі жақсы екенін айтты. Алайда ақшасы да әжептеуір. Егер бала мақтаулы мектептерге түсуді қаласа, осындай орталықтарды міндетті түрде оқуы қажетті-мыс. Себебі оған дайындайтын арнайы маман, арнайы жүйе бар екен. Ал, «балам оқысын» деген ата-аналар ақшасын аямай курстарға жіберуге тырысады. 

Мәселен, «Қорқыт» оқу орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта 15-тен аса мұғалім бар. Мұнда «бастауыш сынып», «ағылшын тілі», «математика» пәндерін тереңдетіп оқытады. Сонымен қатар шахмат және робототехника үйірмелері бар.

– Мектеп бағдарламасында әр сағатқа әртүрлі тақырып берілген. Сондықтан бала оны қорытып үл­гермейді. Біз сол өткен тақырыпты қайталап, тереңдетіп оқытамыз. Мектеп жүйесі сондай болғандықтан барлық балаға бірдей оқытады. Байқасақ, интернеттен көшіріп алатын зердесіне тоқымайтын балалар көп. Балалар әсіресе математика, ағылшын тілі пәнінен көп жүгінеді. Бұл – үлкен мәселе. Себебі, кішкентай балаларға бағдарламаны бірден алып кету өте қиын. Мұның себебін ұялы телефонға тәуелділіктен десек болады. Ойлау қабілеті төмен, ізденгісі келмейді. Сондықтан бастауыштан бастап, олар­дың бейімділігін аңғару қажет. Орталықтағы мұғалімдердің жұмысы өте жауапты. Кез келген ата-ана ба­ласының сабақ үлгерімін қадағалап отырады. Біз де атымызға сын кел­генін қаламаймыз. Қазіргі уақытта ор­талықтардың  көбеюі сұраныстың бар екенін дәлелдейді. Қазір ата-аналардың балаларын оқытуға қолы тимейді. Әр бала қабілетіне қарай білім алады. Сабақ барысында қызықты тақырыптармен тапсырмалар арқылы баланың қабілетті тұстары ашылады. Бастапқыда тұйық болған оқушы уақыт өте ашылуы мүмкін. Сыныпта арнайы бағдарлама бойынша тақырыптар өтіп, қай пәгге бейім екенін анықтаймыз.  Оқушыларды деңгейі бойынша оқытамыз. Қосымша орталыққа нәтиже маңызды, – дейді «Қорқыт» оқу орталығының мұғалімі Тұрсынкүл Жұртшыбаева.

Репетитор – бағыт беруші ғана

«Білімді мыңды жығады» деген. Бүгінде бәрі жұмысбасты. Репетитор жағалағанның негізгі себебі де осы. Алайда мұның бәрін қош деуге болмас, оның кері әсері де бар.

Бірінші, қалтаға әжептеуір салмақ. Одан кейін баланы ата-анадан алшақ­тады. Үнемі үлкендердің көмегіне сүйенетін ол өз бетімен оқымайды. Тап­сырманы орындаған күннің өзін­де күмәнмен қарайды. Сондықтан репе­титор тек бағыт беруші, игермеген тақырыпты үйретуші, оқу үлгерімінде қалып қойған баланы қатарға қосушы рөлінде қажет. Олардың көмегін пай­даланбаған да дұрыс. Сол үшін бауыр еті балаға бір сәт көңіл аудару қажет-ақ. Өмірде ақшаға сатып ала алмайтын жайттар да бар. Ең бастысы, ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзілмеген дұрыс.

Р.S. Бәсеке мен қажеттілік тұр­ғысынан есептегенде ата-аналардың қосымшаны қажет еткендері орынды дейік. Алайда  арнайы орталықтар, қосымша курстар мектептердің білім сапасына жауапкершілігін төмен­детпей ме? Ойланатындай  сұрақ…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: