Соңғы жылдары баланы ұйықтатып тісін емдету жиілей түсті. «Бала кішкентай, тіс дәрігерінен қорқады» дейтін ата-аналар қазір баласын ұйықтатып, тісін емдеуге жүгінеді. Балалар стоматологиясында жиі қолданылатын ингаляциялық наркоздың бірі – Севоран (халықаралық атауы – Севофлуран). Бұл препарат арқылы бала маскамен тыныс алып, бірнеше минут ішінде ұйқыға кетеді. Соңғы жылдары бала тісін осы әдіспен емдеуге ұсыныс көбейген.
Севоран газы – иіскеу арқылы берілетін заманауи анестетик. Балалар тәжірибесінде қолданылып жүрген бұл тәсіл жылдам әсер етеді. Бала ұйқыдан жеңіл оянады. Көбінесе бірнеше тісті бірден емдегенде және балалар тіс дәрігерінен қорыққан жағдайда қолданылады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл басқа әдістер нәтиже бермегенде ғана қолданылады.
Қауіпсіздік – бірінші орында
Балалардың тісін осы тәсіл бойынша емдеп жатқандар бар. Алайда соңғы уақыттарда бір сәтте бірнеше тісін жалпы наркозбен емдеу бойынша шағымдар жиілеп кеткен. Бұл мәселеге алаудаушылық білдірген Денсаулық сақтау министрлігі стоматалогиялық клиникаларға тексеру жүргізілгенін айтты. 2025 жылы Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша еліміздегі 622 стоматологиялық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атап айтқандай, жалпы наркоз – күрделі медициналық емшара, оны тәжірибелі анестезиологтың қатысуымен, қажетті құрал-жабдықтың толық қамтамасыз етілуімен жүргізуге болады. Сонымен қатар министр анестезияны бала үшін «ыңғайлы тәсіл» ретінде қарастырмауға шақырады.
– Ұзақ наркоз баланың жүрек-қан тамыр, тыныс алу және жүйке жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін. Кейбір жеке клиникалардың «барлық тісті бір сеанста емдейміз» деген ұсынысы тек нақты медициналық негіз болған жағдайда ғана орынды. Ата-аналар шешім қабылдамас бұрын барлық тәуекел мен жағдайлар туралы толық ақпарат алуы қажет. Баланың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы тиіс, – дейді денсаулық министрі.
Севоранның әсері қалай?
Севоран газы – мемлекеттік ауруханалар мен стоматологиялық жеке клиникаларда хиругиялық операцияларда анестезия мақсатында қолданылады. Балаларды ұйықтатып емдеуге мемлекет тарапынан мүмкіндік бар. Бұл әдіс тек дамуында ерекшелігі бар балаларға ғана қолданылады екен. Ол үшін диагнозды растайтын құжат арқылы кезекке тұруы қажет. Алайда тіс ауруы кезек күтіп жүргенге шыдатпайды. Сондықтан ата-аналар жеке клиникаларға барады.
Севоран газымен емдеу тәсілі шетелдерде өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап қолданысқа енгізілген. Алғашқылардың қатарында Еуропа елдері, АҚШ және Жапония бұл әдісті медицинада кеңінен пайдалана бастады.
Мамандардың айтуынша, бұл тәсілдің дәстүрлі жалпы наркоздан айырмашылығы – науқасты, әсіресе баланы ұйықтату процесі әлдеқайда жеңіл өтеді. Севоран газы арқылы адам тез ұйқыға кетеді. Тәжірибеде бұл әдіс тіпті ең кішкентай пациенттерге де қолданылып жүр. Мысалы, дәрігердің айтуынша, ең кішкентай пациент небәрі 7 айлық сәби болған. Сонымен қатар бұл тәсілді егде жастағы адамдарға да қолдануға болады.
– Севоран газы тек стоматология саласында ғана емес, жалпы медицинада да кең қолданысқа ие. Атап айтқанда, уролог-андрологтар мен ЛОР дәрігерлері де бұл әдісті қолданады. Сондай-ақ ЗПР, ЗРР сияқты қосымша диагноздары бар балаларды МРТ немесе КТ тексерулерінен өткізу кезінде оларды тыныш ұйықтату үшін пайдаланылады. Медицина мамандары севоранды жалпы наркоздың бір түрі ретінде қарастырғанымен, оны ең қауіпсіз, заманауи және жеңіл наркоз әдістерінің бірі деп есептейді. Дегенмен, бұл тәсілді қолданбас бұрын науқас міндетті түрде арнайы медициналық тексерулерден өтеді. Егер ешқандай қарсы көрсетілім анықталмаса ғана ем жүргізіледі. Сондай-ақ емдеу аллерголог дәрігердің рұқсатымен жүзеге асады, – дейді «One-dent» тіс емханасының балалар тіс дәрігері Ақтоты Қуанғали.
Дәрігердің айтуынша, балалардың тісін бірден севоран газын қолдану арқылы емдемейді. Алдымен дәрігер мен бала арасында сенім қалыптастыру маңызды.
– Біз баланы бірден севоран газымен ұйықтатып емдемейміз. Ең алдымен баламен сөйлесеміз, түсіндіреміз, қорықпауға үйретеміз. Баланың сенімін қалыптастыру – емдеудің маңызды кезеңі, – дейді маман.
Қызылорда қаласында бұл әдіс соңғы жылдары ғана енгізіліп жатыр. Соған қарамастан, сұраныс жоғары.
– Севоран арқылы емдеу әдісі Қазақстанға шамамен 2019-2020 жылдары келе бастады. Ал Қызылорда қаласында мұндай аппаратпен емдеу бір жыл бұрын ғана қолға алынды. Соған қарамастан, біздің клиникада бір жылдың ішінде 600-ден астам бала ем қабылдады, – дейді дәрігер.
Маман бұл әдіспен емдеу үшін арнайы лицензия мен кәсіби тәжірибе қажет екенін атап өтті.
– Севоран газымен емдеу үшін дәрігерлер мен емхананың арнайы лицензиясы болуы тиіс. Сонымен қатар балаларды емдейтін дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп отыруы қажет. Біз де тұрақты түрде түрлі курстарға қатысып, кәсіби біліктілігімізді арттырып отырамыз. Әр үш ай сайын шетелдік мамандардың дәрістеріне қатысамын. АҚШ, Египет, Корея секілді елдердің мамандарынан тәжірибе алып, білімімді жетілдіріп келемін, – дейді ол.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда балалардың психологиялық жағдайы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі. Көп балалар ашушаң, жасқаншақ болып келеді, кейбірі тез қорқып, күйзеліске түсіп жатады.
– Қазір балалардың психологиялық жағдайы өте нәзік. Кейбір балалар ашушаң, жасқаншақ болады. Ата-ананың айтқанын тыңдамайтын, кез келген нәрседен қорқып қалатын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан оларды тіс емдеу кезінде сабырмен, психологиялық тұрғыдан дайындау өте маңызды. Бұрын тіс дәрігерлері балаларды кейде күштеп ұстап отырып емдеуге мәжбүр болған. Ал қазіргі медицинада мұндай тәсілдер қолданылмайды. Қазір баланың психологиясына зиян келтірмей емдеу басты қағидаға айналды, – дейді Ақтоты Жалмұратқызы.
Қорыта айтқанда, Севоран арқылы тіс емдеу – дұрыс жағдайда жасалса қауіпсіз әдіс. Емді қолданудағы негізгі мақсат баланы жай ғана тыныштандыру емес, тек медициналық қажеттілік туындағанда қолданылуы тиіс. Ең маңыздысы – баланың денсаулығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қою.
Балалардың тісі неге ерте бүлінеді?
Балалар тіс дәрігері Ақтоты Жалмұратқызының айтуынша, балалар арасында тіс ауруы бұрыннан кездесетін мәселе болғанымен, ата-аналардың сүт тістерге деген көзқарасы әлі де жеткілікті деңгейде емес.
– Көп ата-ана сүт тісі бәрібір түседі деп ойлап, оның күтіміне мән бермейді. Алайда сүт тістің сау болуы өте маңызды. Оларды бірден жұлып тастауға болмайды. Бала сүт тісі арқылы тамақты шайнайды. Сонымен қатар сүт тісі ауыз қуысының дұрыс дамуына және баланың сөйлеу қабілетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан сүт тісі емдеп, сақтап қалу қажет. Қазіргі кезде балаларда тіс ауруы ерте жастан байқала бастайды. Тіпті 5-6 жастағы балалардың тістің бетінде түрлі дақтар пайда болады. Бұл – тіс минералдарының бұзылуының белгісі. Осындай жағдайда тіс тез құрттап, бүлінуі мүмкін. Балалар қатты тағамдарды көп шайнамайды. Көбіне жұмсақ тағамдарға үйреніп кеткен. Ал тіс пен жақтың дұрыс дамуы үшін бала тағамды жақсылап шайнауы қажет, – дейді балалар жасындағы тіс дәрігері Ақтоты Қуанғали.
Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баланың тісіне немқұрайлы қарайды Соның салдарынан балалар арасында жақ сүйегінің дамуындағы түрлі мәселелер де көбейіп барады. Әрбір екінші балада жақ сүйегінің дұрыс қалыптаспауы байқалады. Сондықтан да баланың тіс күтіміне уақытында көңіл бөлу ата-ананың міндеті болуы қажет.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!