Бақша өсіріп, бағбан болу екінің біріне бұйырмаған бақ. Өсімдіктің өзі сезімтал, ерекше күтім мен бапты сүйеді. Ал оны өсіріп, өндіру сәбиді баптаудан қиын болмаса, жеңіл емес. Сыр топырағына тропикалық және субтропикалық жемістерді жерсіндіру үлкен еңбек пен төзімділікті, ізденуді талап етеді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Тәжеева 20 жылдан астам уақытын бау-бақша өсіруге арнады.
Ол 4 жыл бұрын жылыжайда тропикалық, субтропикалық өнімдерді өсіруді бастап, тыңнан түрен салған кәсіп иесі. Бағбанның біздің өңірде лимон өсірем деген сөзіне алғашында ешкім сенбеген. Алайда ол өзінің табандылығының арқасында лимон ағашын жайқалтып, мол өнім алды. Банан өсірудің әдісін іздеп, Түркістан, Сарыағаш жақтағы бақ өсірушілердің тәжірибесін көрді, көңілге түйіп, өзін қызықтырған сұрақтарға жауап тапты. Осылайша тәуекел етіп, банан ағашының да бабын тауып, алғашқы өнімдерін жинағалы отыр.
Ақерке Тәжекеева тропикалық жемістерді жерсіндіруді 2021 жылы бастаған. Алғаш лимонның «Мейер» сортын әкеліп, күтімге алады. «Бұл жоба басталғанда сенімсіздік танытқандар көп болды» дейді ол. Соған қарамастан тың жобаны тоқтатпай, өткен қыста алғашқы өнімін алған.
– Әдепкіде лимон қыста өнім берді. Әр бұтақтан 2-3 келі өнім жинадым. Болашақта одан көп өнім алуды жоспарлап отырмын. Бізде жаз ыстық және желді. Ал қыста өте суық. Сол үшін жылыжайдың ауасын қалыпты ұстап тұру үшін жағдай жасаймыз. Лимон негізі салқын ауаны ұнатады. Енді манго, папайя да өсірмекпіз. Жылыжайда банан да өсіріп көрейік деп былтыр көшетін отырғыздық. Әдемі алып кетті. Бұл есік алдындағы шағын жылыжайымыз. Қызылордада жылыжай өте аз. Біздің климат Шымкент, Сарыағаш, Түркістан өңірлерімен сәйкес келеді. Демек, жылыжаймен айналысуға үлкен мүмкіндік бар. Қызылордада жылыжай кәсібімен айналысамын деген кәсіпкерлерге көмектесеміз. Күтім жасауды үйретеміз. Басты мақсатым – қалада жылыжайды көбейту. Еккен өнім шыққанмен ондағы ауа қысымы қалыпты болмаса, талапқа сай үздіксіз күтім көрсетілмесе қурап қалады. Жерлестеріміздің көпшілігінен осындай олқылықты естіп, бірқатарына жәрдем бердік. Бірнеше кеңес бере кетейін. Мәселен, қызанақты егудің 2 тәсілі бар. Біріншісі, қызанақ сабағын құлатып отырамыз. Сол кезде 1 жылда 1 рет егіледі. Екінші тәсілі көшеттің басын кесіп тастаймыз. Ол кезде жылына 2 егіледі. 1 түп 3 келі өнім береді. Қазір бізде мың түп өсіп тұр. Арасына екі жарым метр салып лимон отырғыздық. Дұрыс салынбаған жылыжайда өнім болмайды. Жылыжай кәсібінде бәсеке деген жоқ. Керісінше, бізде жылыжайды көбейту керек. Жылыжай өнімі бүкіл қаланы қамтуға жетпейді. Ақыл-кеңесіміз тегін, кәсібін жаңа бастаған жандарға барынша жәрдемдесеміз, – дейді бағбан.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!