Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бақ таптым сені жолықтырып

16.11.2024

410 0

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары айтып жүрген көп әннің ішінде сөзін Елжас Әбділда жазған әндер жетерлік. Жүректен шыққан сөздің жүрекке жететіні рас болса, онда кейіпкеріміз жазған қай өлең де өміршеңдігін дәлелдері анық. Қарақат Әбілдина айтып жүрген «Алғыс» әнін көпшілік жақсы қабылдады. Мұнан бөлек «Бақ таптым сені жолықтырып» деген өлең жолдары да Қыдырәлі мен Қарақат дуэтінің салмағын арттыра түскендей. Жас әнші Қуандық Рахым да бірнеше әнін шырқап жүр. Еңбек жолын басылымнан бастап, бүгінде телеарнаның жарық жұлдызына айналған Елжас Қайырбекұлының бірқатар өлеңін жариялауды жөн санадық.

ӘДЕМІ

Көктем келіп, қыс кеткенде құзырдан,
Сұлулықтың сыры оңалар бұзылған.
Ең әдемі әжелердің әжімі,
Әр ботасын әлпештеумен сызылған!

Мұны ойласам жарылардай от кеудем,
Тіршілікте қасірет жоқ «жоқ» деуден.
Аналардың әлдиі ғой әдемі,
«Құлыным» деп түн ұйқысын төрт бөлген!

Сабырымен саралаған сыйды айқын,
Сәл мұңайсаң жігеріңді жинайтын.
Әдемілік ақылы ғой апаңның,
Ұрысса да жамандыққа қимайтын!

Жүрегіңде жылылығын қалдырған,
Бүгін қонақ, жат отаулық бар бір жан.
Қарындасты әдемі деп айтпай көр,
«Ағатай» деп күліп шықса алдыңнан!

Бәйек болар қалсаң кейде жөтеліп,
Қызметі кетпес сірә, өтеліп.
Жеңгелердің жымиғаны әдемі,
Қайнысының қағытпасын көтеріп!

Олар тіпті басқарады Марстан,
Сүйіп қалсаң жоқ боп кетер бар ұстам,
Мойындашы, арулар ғой әдемі,
Жүрегіңді дір еткізер алыстан!

Жалғандағы жалғызың сол ойлы арман,
Тіршіліктен «отбасым» деп пайда алған
Асыл жардың еркелігі әдемі
Өміріңнің сәулесіне айналған!

Әрбірінің өміріңде хошы бар,
Айтқанымның артық-кемін қосып ал.
Сұлулықты сырттан іздеп қайтеміз,
Дүниедегі ең әдемі осылар!

Бақ таптым сені жолықтырып

Жастықта күліп ән салайық,
Қарттықты бірге қарсы алайық.
Тірліктен кейде шаршасақ та біз,
Бір бірімізден шаршамайық.
Бір бірімізді күнде сүйіп
Сезіміміз де күнде есейіп.
Сөз жетпес жердің барлығында біз
Жүрегімізбен сөйлесейік.

Бақ таптым сені жолықтырып,
Жылынғандаймын тоңып тұрып.
Махаббат мәңгі ескірмейді
Жүре бер маған соны ұқтырып,
Бақ таптым сені жолықтырып.

Ешкіммен еш сәт жарыспадым,
Себебі сізбен ғарыштамын.
Барлық сәттерде қасымда бол деп,
Арқа сүйейтін арыстаным.

Сенімге сендік сай болайын,
Қараңғы сәтте ай болайын.
Ерім деп әркез елжіреп тұрған,
Ақ ниетіңнен айналайын.

Бақ таптым сені жолықтырып,
Жылынғандаймын тоңып тұрып.
Махаббат мәңгі ескірмейді,
Жүре бер маған соны ұқтырып
Бақ таптым сені жолықтырып .

ҰМЫТЫП КЕТЕ БЕРЕМІН…

Пенделер жүрген жолменен,
Өмірді сүріп келемін.
Бұл жалған бір күн бітерін,
Алдымда мәңгі күтерін,
Ұмытып кете беремін!

Сынақты сәтте әлсізбін,
Сәулелі сәтте өр едім.
Тағдырдан таланғанымды,
Уақытша жаралғанымды,
Ұмытып кете беремін!

Бақыттың таппай дерегін,
Бағытсыз жолмен келемін.
Жаратқанымның әмірін,
Жақындарымның қадірін,
Ұмытып кете беремін!
Санамды кейде жұлмалап,
Болмашы ойға жегемін.
Айтқанын тыңдап өзгенің,
Жүректің айтқан сөздерін,
Ұмытып кете беремін!

Ең қымбаттардың бағасын,
Ең арзандарға теңедім.
Көбейіп кейде күпірім,
Әр жұтқан демнің шүкірін,
Ұмытып кете беремін!

Қым-қуыт тірлік алдайды,
Бәрі де іздер себебін.
Емес бұл менің азғаным,
Ұмытқанымды жазғаным,
«Ұмытпаңдаршы» дегенім!

ҚАЙРАУ

Өзіңе берік болсаң,
Өзгелер мақұлдайды.
Жақсы ойға жақындасаң,
Жақсылық жақындайды.

Тіріңде тіршіліктің,
Тізгіні – өз қолыңда.
Армандар сатылғанмен,
Армандау сатылмайды.

Көңілді кірлетеді,
Болмайтын күдік-нала.
Болатын тіршілікті,
Болдырмай жүріп қа(л)ма.

Сен емес, ең соңынан,
Сөнеді үміт қана.
Өмірің күлу үшін,
Сен де оған күліп қара.

ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫ…

Сөніп бара жатқанда өмір шырақ,
Ажал аузын ашады көңіл сұрап.
Тіріңде тіршілікті түсінбесең,
Өлген соң ала алмайсың өмір сұрап.
«Өлім» деген бір мекен, барса келмес,
«Ажал» деген бір жұмыт алса бермес.
Жүрегің тоқтаған соң жолдасың жоқ,
Қанша досың болса да, қанша жерлес.

Байлық іздеп жүргенде шүкір кетер,
Бақыт іздеп жүргенде күтім кетер.
Тәңіріңе тәубеңді үзбей айтсаң,
Тағдырыңның жыртығын бүтіндетер.

Шын иманды ешқашан ісінбейді,
Енді біреу көкірек күсін жейді.
Өмір сүріп жүргендер құлшылықсыз,
Өлімге көрші екенін түсінбейді.

Осы жаңа бір сәби туылды анық,
Осы жаңа бір өмір қуылды анық.
Сен асықпай жүргенде күнә жасап,
Уақыт шіркін өтеді зуыл қағып.

Қалай-қалай, мына өмір қалай-қалай?
Дейсің бе, опық жедім абайламай
… Дүниенің қызығын сығып ішкен,
Ақылды болып кеткен санаң қалай?!..

Доғар бәрін, сен әлі жоғалмадың,
Көкжиекте күтіп тұр көп арманың.
«Жалған өмір» десек те тіршілікте,
Жалғандыққа жөн емес тоналғаның.

Сына көрме еншіңді енді аласың,
(Байлығы бұғып жатқан кең даласың).
«Өмір. Өлім» дегенің түсінші өзің,
Айнаға қарап тұрған сен ғанасың!

Бір аяғым артымда, бір аяғым,
Озып бара жатса да мұңаямын.
Өмір, өмір өзіңе мініп алып,
Өгейсінген өзімді шын аядым…

ЖАҢБЫР ҮНІ – ТАҒДЫР ҮНІ

Жаңбыр үні!
Моп-момақан көшенің жаңғырығы.
Күнәсіне күйініп қыз жылайды,
Жерге сіңіп кеткендей бар қылығы.
Жерге сіңді, о, неге жерге сіңді?!
Махаббатта қалайды белдесуді.
Бәлкім, әппақ сезіммен ұсындың-ау,
Желік қуған жігітке перде сымды…

«Аппақ арың!»
Енді сенің қалған жоқ мақтанарың.
Бір айтса уақыт қана айта алады,
Алыстағы бақыттың хат-хабарын!..

Ойламадың болар деп сәтті бұлай,
Жаңбыр ғана жұп боп тұр қатты жылай.
Періштенің қанатын қайырып сап,
О-о, сенің қыршын кеткен пәктігің-ай!

О-о, сенің пәктігің-ай қыршын кеткен,
Жүректегі түсінші, дүрсілді еппен.
Сүйіктіңе тап-таза екеніңді,
Бүлінуің арқылы білсін, деп пе ең?!

Түн. Қараңғы. Жаныңның жапырағы,
Солса да сезім сөнбей отыр әлі.
Сенің сол бір жасыңды сүртетіндей,
Көрінген көлігіне шақырады…

Жаңбыр үні!
Моп-момақан көшенің жаңғырығы
Күнәсіне күйініп қыз барады,
Жерге сіңіп кеткендей бар қылығы…
Енді қайдан естілмек тағдыр үні?..

ЕГІЗ ЖОЛ…

Жанып тұрсын алдыңда уақыт шырағы,
Жүрегіңе жүгінсең, жақұт тұрады.
Шын сүйетін бір жанның барын білесің,
Екеумізден сенсің ғой бақыттырағы.

Махаббаттан қашпа тек қорғану үшін,
Көріп қалсаң, деп біл жай жолдағы мүсін.
Саған көп-көп рақмет өмір киномның,
Ең ғажайып бір сәті болғаның үшін.

Тағдыр басқа сөз айтты, біз басқа дедік,
Осы жерден бөлінген із рас па дедік…
Сол баяғы жүректің лүпіліменен,
Сені көргім келеді жүз жасқа келіп.
ТУМАҒАН ӨЛЕҢГЕ АРНАУ

Шетінеген сәбидей, шетінеді қанша жыр,
Ішіңде өлген өлеңге бола ма екен тамсану.
Күйігіңді күлкімен жылы жауып жүргеннен,
Жеңілірек емес пе, жылап тұрып ән салу.

Ән айтатын кеудеге мұң құйдырсам кінә не?
Үмітсіздік ішінен тірі қалды бір әуен.
Періштедей жырларды пенде өмірге әкелмей,
Жүрегіне жерлеген жалғыз жанмын, сірә, мен.

Ғазиз жырды жерледім, қолдан қидым о, неге,
Енді олар қайтадан мына өмірге келе ме?
Мен жырымды тәңірлік тазалық деп жорыппын,
Қу тірлікте бүлініп қала ма деп қорықтым.

Осы күні жанымды тырналайды терең мұң,
Жанарымда жүреді әруақтары өлеңнің
Мишығымның ішінде мың сұрақпен түрлесіп,
Ешкім бойлай алмайтын азап баққа бөлендім!

Сұлу сөзді толғату болса-дағы несібем,
Көз ашпаған жырлардың көз жастарын кешіп ем.
Сондықтан да өзіме өзім жазған арыз мың,
Қара басым тұрғанда қара өлеңге қарызбын!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: