Сенбі, 27 желтоқсан, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Бақытқа бөлеген күн

27.12.2025

35 0

Осы аптада Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімінің бүлдіршіндерге арналған «Сиқырлы Жаңа жыл» жаңа жылдық шыршасы кеш өтті. Мерекеге жиналған балалардың жүзінен шаттық пен қуаныштың лебі сезіледі. Бірі ертегі кейіпкерлерінің кейпінде келсе, енді бірі әсем көйлектерін киіп, ерекше дайындықпен келген. Мәдениет үйінің іші де ертегі әлеміндей ғажайып мекенге айналды.

Сән-салтанаты жарасқан мерекелік кеш­­ке оқуда озат, спортта, өнерде үздік нә­тиже көрсетіп жүрген оқушылармен қатар, көпбалалы отбасылардың балалары да арнайы шақырылды. Бұл мерекенің маз­мұнын байытып ғана қоймай, балаларға теңдей қуаныш сыйлаған игі бастама болды. Мерекелік кеште Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге арнап қоржындарынан тәтті сыйлықтарын үлестіріп, олардың мерекелік көңіл күйін көтерді. Сонымен қатар Өнер мектебі жанынан құрылған «Балбұлақ» би ансамблі мен оқушылар сарайының балалар би үйірмесі кештің көркін қыздырды. Жаңа­жылдық кеште қала әкімі Нұржан Ахатов бүлдіршіндерді санаулы күндерден соң табал­дырықтан аттайтын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Аяулы жас достар! Әрбір шаңыраққа шуа­ғын шашып, жылу болып тарайтын шы­райлы сәтіміз – Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жыл – бүкіл адамзат асыға күтетін, әсіресе балалар үшін ерекше мейрам. Биыл жылдағы дәстүрмен жасыл шырша жанына жиылып, сәттілік пен жетістіктерге, есте қалар естеліктерге толы Жылан жылын шығарып салып, келе жатқан Жылқы жылына жақсы тілек арнаймыз. Қымбатты балалар, Тәуелсіз еліміздің бола­шағын сеніп тапсыратын үкілі үмітіміз сіздер!  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы, ел үкіметі, аймақ басшысы әрбір баланың ақылды да алғыр, зерделі де зерек, білімді болып өсуі үшін барлық жағдайды жасауда. Ел Президентінің тапсырмасымен Қазақстанның түкпір-түкпірінде, біздің қала­мызда жаңа мек­тептер, білім беру нысандары ашылып, көптеген ойын алаңы салынуда. Қаламызда «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сымен5 мектеп ашылып, шәкірттерді қабыл­дады. Дарынды балаларға арналған 400 орын­дық физика-математика мектеп-интер­наты білім алушылар үшін есігін айқара ашты. Инновациялық шығармашылық орталығымен заманауи үлгі­дегі «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілді. Құрметті оқушылар, бұл игіліктің бәрі сіздер үшін! Өздеріңе Мемлекет басшысы, ата-аналарыңыз, қоғам сенеді. Сондықтан ата-аналарыңды, ұстаздарыңды құрметтеп, оқуда озат, спортта, өнерде жеңіс тілеймін. Келер жылы барлық армандарың орындалсын. Қазақ елін әлемге танытып, өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосып, азамат болып қалыптасуларыңа шын жүректен тілектеспін. Бәріңе бақытты балалық шақ, жарқын болашақ тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын! – деді қала әкімі.

Жаңажылдық кеште бүлдіршіндер би билеп, ән салып Аяз ата мен ақшақардың сыйлықтарына ие болды.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: