Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бақытқа бөленген күн

16.03.2024

632 0

Республика бойынша аймақтардың ішінде тұрғындарды жайлы баспанамен қамтуда Сыр өңірі көш бастап тұрғанын мақтанышпен айтуға болады. Халқының өсу динамикасымен алдыңғы қатарда тұрған өңірде қоныс тойын тойлаушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Жайлы пәтерге қол жеткізгендер тізімінде көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, бірнеше жыл үй кезегінде тұрған жалғызбасты аналар бар. Ұлттың ұлықты Амал мерекесінде облыс тұрғындары баспана алып, ақжолтай қуанышқа бөленді.

Мерейлі мереке құрметіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 134 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстап, жиылған жұртшылықты Амал мерекесімен құттықтады.

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деп атап өткен болатын.

Халықты баспанамен қамту еліміз үшін негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмір сүруінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16сы жеті қабатты болады. Жыл басында Тасбөгет кентінде 38 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, 134 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл – мемлекеттің тұрғындарды қолдауының нақты көрінісі, – деді аймақ басшысы.

 Салтанатты шарада көпбалалы ана Феруза Әбжанова қоныстой иелерінің алғысын жеткізсе, еңбек ардагері Төлеш Әлиев ақ батасын берді. Шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

 Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: