Найзағайдай жасын жырларымен жарқ етіп, елдің жүрегін жаулап алған белгілі ақын Елубай Әуезовтің тереңнен тамыр тартқан пәлсапалық ой орамымен тәнті еткен өлеңдерін жүрегінде көзі бар жырсүйер қауым сүйіп оқиды. Ақыл–парасатпен екшеліп, тұмса табиғатпен нәрленіп жазылған өміршең жырлар, адамның өн бойын жалынымен шарпып, сезім шуағымен жан дүниеңді жылытатыны бәлки өлеңнің құдіреті болар..
Бір сәт Елубайдың өлең өлкесіне сапар шексең, сол сезімді бірге кешесің..
Еркін айтқан қымсынбай наз аруға,
Ұмтылғаным Аллаға тазаруға.
Соншама ауыр бұл өлең көрінгенмен,
Бақытым тұр жанымның азабында.
Аруана шаққандай тұлыпқа мұң,
Фәни – жалған есігін құлыптадым.
Сіңген барып ғайыпқа өзіме аян,
Кеше алмайтын басқалар ұлық хәлім.
Ақынның жан азабын кешкендегі халі қиын болғанмен, бақыты сол өлеңнің өзегінде тұрғаны қандай ғанибет. Әрине, ол тылсым сезімнің күшін ақын жүрегі ғана сезеді, себебі ол бейкүнә, ол әрдайым ояу, әркез сезімге елти біледі.
Түсінбеске емес хәл түк те ғажап,
Орындалып арманның біткені аз-ақ.
Маңдайына жазылса көрер шайыр,
Көтере алмас қайтемін жүктеп азап.
Ғұмырында табады ақылды орнын,
Тылсым – ғайып аулына жақын қондым.
Періште де, жын да өзің, шабыт қысса,
Осыдан соң келе ме, ақын болғың…
Иә, дүние мамыражай болғанмен, ақынның жан дүниесі шабыт қысқанда лезде аласапыран күйге түседі. Бірде ысып, бірде суып, толғағы келген өлеңді тудырардағы күйзелісі мен жан тебіренісін ақыннан өзге ешкім түсінбейді. Бұл тек бір Аллаға аян…
Білем сапар алыс тым,
Әуселесін аңдайын.
Жыр жалына жабыстым,
Өлмейін де, қалмайын.
Өлең сөзін көкпар ғып,
Олай-бұлай лақтырдым.
Бір күні кеп қонар құт,
Есік қағар бақ мүмкін.
Ия, қазір күлкілі,
Іште қанша жатыр шер.
Ақын болам бір күні,
Атағынан ат үркер.
Өзі жырлағандай, Елубай «атағынан ат үркер» ақын екенін мойындатып келеді. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар, талғам таразысына сай өресі биік жырларымен талай биікті бағындырып жүрген ақын өткен жылы 7 бірдей жыр кітабының тұсауын кесіп, елдің ыстық ықыласына бөленген еді. Талғамы биік көрерменнің алғаусыз құрметіне ие болып, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын иемденген болатын. Міне, биыл да «Жан азабындағы бақыт» жыр жинағы үшін халықаралық «Алаш» сыйлығына лайық деп танылып, аймақтың абыройын асқақтатты. Жеңісің құтты болсын!
Гауһар Қожахметова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!