Сейсенбі, 26 тамыз, 12:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64,2177
26.08.2025
PDF мұрағаты

Бармысың, бекіре!

26.08.2025

40 0

Қызылорда қаласына қарасты Талсуат елді мекенінің тұрғыны Ғалымжан Нағиев өңір үшін тосын да тың кәсіп қолға алғанын білесіз бе? Бұл – араға 60 жыл уақыт салып, Сыр өңірінде қайтадан өсіріле бастаған бекіре балығы. Сыр өңірінің су айдындарынан мүлде жоғалған бұл балық түрі бүгінде қайта жанданып келеді.

Бекіре – ең нәзік су маржаны. Оның нәзіктігі соншалық, су аздап бүлінсе, химиялық қоспалар көбейсе де бірден әлсіреп қалады. Басқа балықтар бірнеше жылда уылдырық шашып үлгерсе, бекіре он жылдан аса уақыт күтеді. Мәселен, кезінде Сырдарияның арнасы кең, суы мөлдір шақта бекіре еркін жүзіп, уылдырығын молынан шашатын. Алайда өзен арнасы тарыла бастағаннан, су ластанғаннан жоғалып кетті.

 – Біздің өңірде бекіре 1964 жылы ресми түрде жойылған екен. Соны зерттей келе бұрын Арал теңізінде, Қамбаш көлінде өрбіген бұл бағалы балықты неге қайтадан өсірмеске деген ой келді. Алдымен оны Сырдария суына бейімдеуге бола ма, ондағы химиялық құрамға шыдай ма, соны байқап көруді жөн санадық. Нәтижесі жақсы, – дейді кәсіпкер, ауыл тұрғыны Ғалымжан Нағиев.

Оның айтуынша, бекірені жасанды жолмен өсіру табиғи ортаға қарағанда әлдеқайда тиімді.

– Уылдырық әуелі судың жиегінде жатады. Толқыннан қозғалып, содан дернәсіл жарып шығады. Кейіннен шабаққа айналады. Бірақ табиғатта мұның барлығы қауіп-қатерге толы. Судың температурасы 20-25 градус деңгейінде болмаса, тіршілігін тоқтатады. Әдетте, дарияда шашылған 1 миллион уылдырықтың тек 1 пайызы ғана өсіп жетіледі. Қалғаны жәндіктерге жем болып, жойылып кетеді. Ал арнайы аппараттың көмегімен бұл көрсеткіш 50-ден 80, тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Өйткені мұнда уылдырықты қоршап алар жыртқыш та, қауіп-қатер де жоқ, – дейді кәсіпкер.

Жеті жыл бұрын сазан, дөңмаңдай, амур өсіруден бастаған кәсіпкер екі жыл бұрын бекіре балығын өсіруге ден қойған. Бір қызығы, бекіре өсірудегі алғашқы қадамын туған өлкесінде емес, Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Леңгір қаласында бастап көрген. Өйткені мұнда су тап-таза, таудан сарқырап ағып жатыр. Тазалығы табиғаттың сүзгісінен өткізгендей. Бәрі ойындағыдай болған соң бұл бастаманы туған жерде жалғастыруды жөн көрген. Өткен жылы Талсуаттан арнайы нысанның құрылысын жүргізіп, биыл мамырдан бастап бекіре шабақтары жіберіле бастаған. Қазіргі таңда 5 мыңдай шабақ өсірілуде. Сыр бойы үшін бұл бұрын-соңды болмаған ерекше жағдай. Бекіренің бұл жерде өсірілу тәсілі де ерекше. Шаруашылық 50 метр тереңдіктегі жерасты ұңғымасынан алынған суды бірнеше сүзгіден өткізіп барып бассейнге құяды.

– Бекіре – ерекше күтімді талап ететін балық. Жем-шөбін күніне алты мәрте береміз. Арасында Германиядан, Ираннан, Алматы мен Қырғызстаннан жеткізілетін арнайы азық пайдаланылады. Бекіренің еті де, уылдырығы да әлемде жоғары бағаланатын өнім. Бұл болашақта біздің өңірге де үлкен пайда әкелмек, – дейді кәсіпкер.

Балық та ауырады

  Бекіре – табиғатынан аса сезімтал балық. Оның ауруға шалдығуы көбіне судың сапасына, температурасына, оттегі мөлшеріне және қорегінің құнарлылығына байланысты. Егер су лайланып, құрамындағы қоспалар көбейсе, балық әлсірей бастайды. Ал оттегі азайса, ең әуелі тынысы тарылып, су бетіне жиі шығады.

 – Бекіренің жағдайы әуелі тыныс алуынан байқалады. Егер оттегі болмаса, ол судың бетіне жиі шығып, әлсірей бастайды. Жем жемей қалуы да сырқаттың басты белгілерінің бірі. Әрбір өзгерісті бақылап отырмасаң, бекіре ұзаққа шыдамайды, – дейді Ғалымжан Нағиев.

  Ауру белгілерінің бірі – балық қозғалысының баяулауы, жүзіп жүріп бүйіріне қисайып кетуі. Кейде сыртқы қабығында жара немесе көгерген дақтар пайда болады. Мұндайда балықтың әлсірегенін анық көруге болады. Сырқаттың алдын алу үшін  су құрамын қадағалау керек. Әсіресе аммиак, нитрит, нитрат мөлшері жоғарылап кетсе, ол балықтың улануына әкеледі екен.

 – Біз суды арнайы сүзгіден өткізіп, оттегін жеткізіп отырамыз. Егер әлсіз, ауырған балық байқалса, оны бөлек бассейнге шығарып, дәрілік заттар қосылған сумен өңдейміз. Кейде арнайы витаминді қоспалар арқылы қоректендіріп, емдейміз – дейді кәсіпкер.

  Бекіре балығы – адам ағзасына аса пайдалы, нағыз табиғи өнім.   Оның еті дәруменге бай, түрлі аурулардың алдын алуға септігін тигізеді. Әсіресе А дәрумені көздің көру қабілетін жақсартады, иммунитетті күшейтеді. D дәрумені сүйек пен буынды мықты етеді, ағзаға кальцийді жақсы сіңіруге көмектеседі. Е дәрумені қартаю үдерісін баяулатып, ағзаны зиян әсерлерден қорғайды. Ал B тобының дәрумендері жүйке жүйесін реттеп, қан түзуге ықпал етеді, ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді. Бекіренің уылдырығы да қымбат. Оның құрамындағы Омега-3 пен Омега-6 май қышқылдары жүрек пен қан тамырын қорғайды, ми қызметін жақсартады. Сондай-ақ фосфор, магний, темір, мырыш, йод секілді микроэлементтер ағзаға пайдалы.

 – Бекіренің еті адамға ем. Оның құрамында қажетті дәруменнің бәрі бар. Ал уылдырығы денсаулыққа ғана пайдалы емес, сондай-ақ жақсы табыс көзі. Әлемде оны «қара алтын» деп бекер атамаған, – дейді кәсіпкер.

  Қазір бекіренің өнім беруі төмендеген. Өйткені өзен-көлдерде табиғи қорек азайған, су сапасы нашарлаған. Соның салдарынан балықтың еті қатқылданып, дәмі де жоғала бастайды. Ал қолдан өсірілген балық мүлде басқа. Арнайы дәрумен қосылған жем беріледі, суы сүзгіден өткізіліп, әрдайым оттегімен байытылып отырады. Соның арқасында балықтың еті жұмсақ әрі дәмді болады.

 – Көлдегі балық кейде аш қалады, сондықтан дәмсіз болады. Ал біз бар жағдайын жасаймыз. Жемі де құнарлы, суы да таза. Сол үшін еті дәмді, сапалы. Бұл – тұтынушы үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді, – дейді Ғалымжан Нағиев.

  Бекірені қолдан өсіру ісі – бір адамның ғана емес, тұтас өңірдің үміті. Бұл – жоғалған қазынаны қайта тірілту, табиғаттың нәзік тепе-теңдігін қалпына келтіру жолындағы үлкен қадам. Әлем «қара алтын» деп бағалаған уылдырық Сыр өңірінің жаңа мүмкіндігіне айналмақ.

 – Бұл бассейндердегі балықтар келер жылы-ақ салмақ жинап, өсіп-жетіледі. Сонда олар тұтынуға жарамды өнімге айналып, халықтың дастарханынан да, өңірдің экономикасынан да орын алады деп сенеміз. Бекіре – Сыр бойына қайта оралған қазына болуы тиіс, – дейді кәсіпкер.

Бармысың, бекіре!

                                                                               Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: