Сейсенбі, 05 тамыз, 11:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58, 2171
05.08.2025
PDF мұрағаты

Бас жоспар қаланы қалай өзгертеді?

05.08.2025

42 0

Қалада құрылыс қарқынды. Қазіргі уақытта облыс орталығының қай түкпірінен де құрылыс қарқынды екенін байқап жүрміз. Құрылыс  дамудың көрсеткіші екені анық. Жыл басынан бері іске асуы тиіс жобалар мен атқарылған жұмыс барысын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев брифингте айтты.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жыл басынан бері жеке және заңды тұлғаларға барлығы 13 730 қызмет көрсеткен. Қала бойынша 8 жарнама агенттіктері бар. Сыртқы жарнама нысандары бойынша қала бюджетіне 6 ай ішінде 37 420 млн теңге қаржы түскен.

Биыл қаланың бас жоспарының қолдану мерзімі аяқталады. Өткен жылы бас жоспарды жаңадан әзірлеу мақсатында бюджеттен қаржы бөлінген.

 – Бас жоспарды әзірлеуге ашық конкурс жарияланған еді. Нәтижесінде Алматы қаласының «Казгипроград» 1 жобалау институты» ЖШС жеңімпаз атанған. Қазіргі уақытта келісім шарт бойынша жобаның 2 кезеңі басталып, жобалаушы мекеме тарапынан бас жоспар әзірленуде. Сонымен қатар жобалаушы ұйымдар тартылып, Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылдық округі, Досан ауылының бас жоспарын әзірлеу қолға алынды, – деді бөлім басшысы.

Бүгінде аймақ басшысының тапсыр­масымен, қала аумағындағы ғимарат­тардың сыртқы келбетін ретке келтіру, абаттандыру, жерді мақсатсыз пайдалану және заңсыз құрылыс жұмыстарын болдырмау мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ бақылау шараларын жүргізуде. Соның нәтижесінде басқарма тарапынан 33 нысан бойынша 81 хаттама толтырылып, айыппұл салынған.

– Есепті кезеңде 158 нысанда заңбұзу­шылық анықталды. Атап айтқанда, «Айзада Плаза» СҮ-нің қосымша құры­лысы және «Қызылорда» қонақ үйінің екінші қабатынан салынған терасса құрылысы, Астана даңғылы мен А.Иманов көшесінің қиылысындағы артық қоршау және Н.Ілиясов көшесінің бойын­дағы жазғы кафені  бұзуға шешім қабыл­данды. Ал мемлекеттік меншіктегі жер телімдерін заңсыз иелену фактілері бойынша жер қатынастары саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып, 77 құқықбұзушылық анықталды. Мәселен, тиісті рұқсат қағаздарын рәсімдемей И.Журба көшесінің бойындағы қызыл сызықпен қабаттаса салынған көлік жуу ғимараты мен Иса Тоқтыбаев көшесі бойындағы сауда нысаны соттың шешімі негізінде бұзылды, – деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар қала әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы топ құрылған. Нәтижелі жұмыстың негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және абаттандыру қағидаларына сәйкес, заңсыз мемлекет жерін иеленген, мемлекет мүлкіне зиян келтірген, өз бетінше құрылыс жұмыстарын жүргізген, ортақ пайдалану аймағын ластаған тұлғаларға қатысты 954 хаттама рәсімделген.

Қазіргі уақытта құрылыс нысандарын салудың замануи тәсілдері қолданысқа еніп, талап бұрынғыдан да күшейе түсуде. Әрине, құрылыс саласында сапа маңызды.

– Қаланың көркеюі үшін жауап­кер­шілікпен жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Қаламыздың сәулеттік келбетін дамыту бағытында жыл басынан бері 54 эскиздік жоба әзірленген. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбетін леанер панель­дермен қапталған 27 эскиз, жоғары сапалы бояумен боялғандар 14, 8 аллеяның және тағы басқа 5 ғимараттың толық эскиздік жобалары әзірленген. Шаһардың көркіне көрік қосып, қауіпсіздігін сақтау – басты мақсатымыз, –  деді бөлім басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: