Сенбі, 17 қаңтар, 01:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Баспагер Бақыт

17.01.2026

36 0

Бұл Бақыт жастайынан еңбекке бейім болып өсті. Әкесі Әлібек ұлының мектепте жақсы оқуына сүйсініп, жиі әңгіме айтушы еді. Анасы ұзақ жыл күткен осы ұлының әр іске икемділігіне риза болып, көрші-қолаңға тамылжып әңгімелеп отыратын-ды.

Бақыт әскери борышын әуелде Ашхабадта, сонан соң Орынборда өтеп, үш жыл әуе қорға­нысына қарсы шабуылдың алдын алатын әскери борыштың қыр-сырын меңгеріп, елге оралды. Бөлімше командирлері ата-анасына әр мереке сайын құттықтау жолдап, әскери борышын өтеудегі қыз­метіне талай рет сүйсіне хат жазушы еді. Сол бір қы­зықты күндерді Бақыт әлі күнге дейін отырған жерде жыр етіп айтудан жалықпайды.

Әскерден аға сержант шенімен оралған Бақытты әкесі өзі қызмет істейтін көлік инспекциясында қызмет істеуіне ықылас білдірді. – Балам – деді Әлібек. – Әскери шенің сержант. Көлік инспекциясында өзіммен бірге қызмет етуіңді қалаймын. Бірер жылда лейтенант атағына ие боласың, – деп ұлына қайта-қайта емеурін таныт­ты. – Папа, мен мына Қызылорда баспаханасында газет басатын машинистің қызметін қалап жүрмін. Баспа директоры Орман Нұрхабаевқа уәде беріп жүрмін. – Ә, өзің қаласаң, баспаханаға жұмысқа тұрғаның дұрыс. Жолың болсын, – деп әкесі ақ батасын бергені есінен кетпейді. Алғашқы еңбек жолын баспаханадан бастады.

Біз Бақытпен сонау жетпісінші жылдан бері таныспыз. Ағалы-інілі болып, бірге өскенбіз. Кезінде қыздарға қырғидай тиетін Бақыт теңін тауып, сүйікті жары Айгүлге қосылды. Думандатып той өткізді. Жүйткіген уақыт неткен жылдам еді. Қазір Әселі мен Асылы ер жетіп, мамандығына сай еңбек етуде. Сүйген жары Айгүл Бақыттың бағын жандырып, қас-қабағын алыстан таниды. Азаматты осы бір сезім қартайтпай тұрғаны анық.

Бұл Бақыт Қайымов әскерден әуе қорғанысы мамандығын игеріп, елге сержант шенімен оралды. Дегенмен дәм-тұз аспаннан бұйырмай, жердің үстінен, баспаханадан бұйырды. Оған Чулков, Хволан, Лавриненко секілді білгір азаматтар ұстаз болды. Әлі есімде, сонау 1977 жылы бұл Бақыт баспаханаға үйренуші болып, лезде газет машинасының қыры мен сырын білетін маманға айналды.

Бір әңгімені айта кетейін, мұзды мұхиттағы бір крейсер кенет тоқтап қалып, жолаушылар әбігерге түссе керек. Білгір мамандар себебін білмей, сан алуан желінің ішек-қарнын ақтарған. Әбден тауы шағылған мамандар бір қиырдағы орыс азаматын көмекке шақырған көрінеді. Әлгі азамат келген бойда қолындағы балғамен желідегі сымдарды бір ұрғанда, бірден сан алуан сымның құпиясын ашып, крейсер іске қосылған көрінеді. Әне, біздің Бақыт сол орыс жігітіндей баспа машинасының білгірі. Кезінде Аманжол Бақыттың білгірлігін ескеріп, бүгінгі қызметке алған. Бұдан ұтылған жоқ.

Бұл Бақыт баспа саласында еңбек еткен жыл­дарында директор О.Нұрхабев, Б.Қарғабаев, С.Боранбаев, Қ.Сәдібеков, А.Агал­ков сынды азаматтар­­ды әлі күнге дейін еске алады.

Қазір Бақыт Қайымов биылғы жыл­қы жылында 70-ке шықты. Асау тұл­пар аяғына үзеңгі салдырмайды, бойы тіп-тік, тұлпарға секіріп мінеді. Жігіт бойындағы осы бір қуатқа біз таңыр­қаймыз.

Бұл жетпіс біздің де басымыздан өт­кен. Жетпіс  нағыз аза­маттың піс­кен шағы, талтүс екенін есіңе сақта, Бақыт. Қымбат уақыт­тың осы бір сәтін қадірле, жарыңның әр минутын бағала. Тоқсандағы ағаның кеңесін ұқ. Жетпіс құтты болсын, сүйікті інім, әрі сыйлас ізбасарым!

Қайыр ҚОРАСАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: