Бүгінде Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың арқасында аймақтағы тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны рекордтық көрсеткішке жетті. Нәтижесінде аймақта халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орынға шықты.
Осы аптада сол жағалаудан бой көтерген 280 пәтерлік 7 тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Қоныс тойын тойлаған тұрғындарды аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.
– Биыл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, бұл мереке кең көлемде аталып өтуде. Мемлекет басшысының қолдауымен мерейлі жыл аясында аймағымызда сәулеті келіскен, әсем де заманауи ғимараттар бой көтеріп, саябақтар мен аллеялар қайта жаңғыртылып, жолдарымыз кеңейіп келеді. Бүгін жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсіміне жиналдық. Аймағымызда халқымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Аудан орталықтарында жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер табысталды. Аймақтың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда құрылысшыларымыздың үлесі орасан зор. Баспаналы болу әрбір отбасыны жақсылыққа жетелейді. Қоныстарыңыз құтты болсын!, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты рәсімде тұрғын үйлердің құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-нің құрылысшыларына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Баспанаға ие болған тұрғындардың қуанышы шексіз. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ризашылығын жеткізіп, облыс басшылығына алғыс білдірді.
Биыл тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 3800 дайын пәтерді сатып алуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінген. Қаржыландырудың барлық көзінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бастап қаламызда заманауи жаңа дизайнмен 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Баянды бастамалар алдағы уақытта да ел әлеуетін көтеруге дәнекер бола бермек.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!