Бүгінде Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының арқасында аймақтың тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны рекордтық көрсеткішке жетті. Нәтижесінде Сыр өңірі халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орынға шықты.
Осы аптада сол жағалаудан бой көтерген 5 қабатты тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға берілді. Салтанатты шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоныс тойын тойлаған тұрғындарды аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.
– Биыл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елі астанасы болғанының 100 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Мерейлі жыл аясында аймағымызда сәулеті келіскен, әсем де заманауи ғимараттар бой көтеруде. Бұл – жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде кәсіби мерекелерін атап өтетін құрыш қолды құрылысшыларымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мереке қарсаңында жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсімі бұйырды. Аймағымызда тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды ірі инфрақұрылымдық жоба бар. Атап айтсақ, облыс бойынша 96 жобаның құрылысы жүруде. Жақында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараттары ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі салтанатты түрде ашылды. Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен құны 2 млрд 900 млн теңге болатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Сыр жұртшылығы асыға күткен нысандар алдағы қыркүйек айында ашылады. Облыс орталығында көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында облыс орталығының озық сәулеттік үлгісін қалыптастырып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, саябақтар мен мәдени-демалыс орындарды абаттандыру жұмыстары жүруде. Орталық алаң қайта жаңғыртудан өтті.

Қазіргі таңда шаһардағы Президент саябағында, Қорқыт Ата мемориалды аллеясында қызу жұмыс қарқын алған. Жаздың басында қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі ашылды. Алдағы уақытта облыс орталығындағы 50-ге жуық парк, сквер, аллеяларды кезең-кезеңімен жаңғыртамыз.
Баспаналы болу әрбір отбасыны жақсылыққа жетелейді. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай! – деді облыс әкімі.
Халықтың көз қуанышына айналған зәулім үйлердің көптеп салынуына қыстың суығы, жаздың аптап ыстығына қарамастан тер төгіп жүрген құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі зор. Олар білікті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып келеді. Салтанатты шарада тұрғын үйді салған мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде Сырдарияның сол жағалауында құрылыс қарқынды жүруде. Тұрғын үйлердің сапалы болуы жіті бақылауда. Соңғы үлгідегі құрылыс материалдары қолданылған. Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін ішкі және сыртқы абаттандыру жұмыстарына мән берілген. Инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, соңғы үш жылда аймақта қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлаған. Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 64 млрд 97 млн теңге қаралып, 5 600 пәтер табысталған. Биыл жыл соңына дейін 3 мыңға жуық пәтер беру жоспарланған.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!