Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында облыста қылмыс деңгейі төмендегені байқалады. Өңірдегі ахуал тұрақты. Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3%-ға азайған. Қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыс саны да қысқарған, ал қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарып келеді. Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешовпен өңірдегі қылмыс статистикасы, жол қауіпсіздігі, киберқылмысқа қарсы шаралар, есірткі қылмысының алдын алу және аудандарда ашылған жаңа жедел басқару орталықтарының жұмысы туралы сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ең алдымен өңірдегі криминогендік ахуал туралы айтып берсеңіз. Жыл басынан бері қылмыс деңгейі қалай өзгерді?
– Жалпы, облыстағы қоғамдық қауіпсіздік ахуалы тұрақты. 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша облыста тіркелген құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға төмендеді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың, бөтеннің мүлкін ұрлау және бұзақылық фактілерінің тіркелуі азайды. Қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстардың да саны едәуір қысқарды. Сондай-ақ қылмыстың негізгі түрлері бойынша ашылу көрсеткіштері жақсарып келеді.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін қазіргі кезде заманауи автоматты бақылау жүйелері кеңінен қолданылуда. Бүгінде облыс аумағында жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейтін 112 стационарлық құрылғы орнатылған. Олардың қатарында «Арқан» – 20, «Интегра КДД» – 5, «Мираж» – 1 дана, «Зерек» – 3 дана, «Сергек» – 10 дана, «Ekin X Spotter» – 1 дана, «Ekin BOX Spotter» – 49 дана құрылғы жүйелері бар. Сонымен бірге 23 жылжымалы «Ekin Patrol» кешені жұмыс істейді.
Бұл арнайы құрылғылар жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты асыруы, бағдаршам қызыл жанып тұрғанда өтіп кетуі, жол белгілері талаптарын сақтамауы сияқты құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды. Жыл басынан бері осы камералардың көмегімен 52295 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Жалпы, жолдағы тәртіпті сақтауда және жол апаттарын болдырмауда мұндай автоматты жүйелердің тиімділігі өте жоғары екені тәжірибе жүзінде көрініп отыр.

– Киберқылмыс пен интернет арқылы жасалатын алаяқтықпен күресте қандай заманауи цифрлық технологиялар қолданылуда?
– Киберқылмыстар мен интернет-алаяқтықпен күресу үшін жаңа цифрлық шешімдер кеңінен қолданылуда. Қазір интернет алаяқтыққа қарсы күресте озық цифрлық технологияларға сүйенеміз. Мәселен, жасанды интеллект негізіндегі алгоритмдер күдікті қаржылық транзакцияларды автоматты түрде анықтады. Сондай-ақ Ұлттық банкпен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп құрылған «Антифрод орталығы» жүйесі арқылы алаяқтық мақсаттағы ақша аударымдарын дер кезінде бұғаттауға қол жеткіздік. Бұған қоса, отандық «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» компаниялары әзірлеген арнайы бағдарламалық кешендер кеңінен қолданылуда. Жалпы, интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттердің көбеюі қоғам үшін елеулі қауіп төндіріп отыр. Сондықтан біз бұл бағыттағы күресті барынша күшейтіп, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және қылмыстың алдын алу шараларына ерекше мән беріп отырмыз.
– Интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыстар бойынша осы жарты жылдықта қандай фактілер анықталды? Соңғы уақытта қолға түскен алаяқтар туралы айтып берсеңіз.
– Жуырда интернет арқылы алаяқтықпен айналысқан бірнеше қылмыстық топ әшкереленді. Атап айтсақ, шілде айында Астана қаласында «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы тұрғындардың ақшасын еселеп беремін деген уәдемен алдап келген екі адамнан тұратын топ құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде олардың әрекеттері бойынша 20 қылмыстық іс тергелуде. Сондай-ақ интернетте автокөлік сататыны туралы жалған хабарландырулар беріп, азаматтарды алдаған тағы бір алаяқтар тобы ұсталды. Бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.
Бұдан бөлек, сәуір айында ел азаматтарының жеке деректерін заңсыз иемденіп, сол деректерді пайдаланып, олардың атынан жарнама агенттіктеріне тіркелу арқылы заңсыз пайда көрген Астана қаласының тұрғыны анықталды. Ол алаяқтық жолмен алынған қаражатты криптовалютаға айналдырып отырған. Қазір бұл күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Оның Қазақстанның басқа өңірлеріндегі 18 алаяқтық ісіне қатысы бар екендігі анықталып, тергеу жүргізілуде.
– Жалпы, киберқылмыс пен интернет алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында қандай шаралар қолға алынуда?
– Интернеттегі алаяқтықтың алдын алу мақсатында халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы алты айында Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы 647 профилактикалық іс-шара өтті. Іс-шара барысында қала және аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, түсіндірме интерактивті дәрістер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектептер, колледждер мен университеттерде студенттерге арналған ашық сабақтар өтті. Тұрғындарға арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетіп, ақпараттық жадынамалар мен парақшалар тараттылды. Жалпы саны 35 мыңнан астам жадынама халыққа үлестірілді. Сонымен қатар орталық алаңдар, базарлар, сауда үйлері, қоғамдық көлік, әуежай, стадион, теміржол вокзалы сияқты халық көп жиналатын орындарда да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша биылғы алты айда қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
– Жыл басынан бері облыс көлемінде есірткіге қатысты 131 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 20-ы есірткіні өткізу (сату) фактісі, 28-і есірткі өсіру, 4-і есірткі заттарын жарнамалау және 1-і есірткіні аса ірі көлемде сақтау дерегі. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 449 килограмға жуық есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 61 килограмм марихуана, 432 грамм гашиш, 377 килограмм сора және 808 грамм синтетикалық есірткі бар. Сонымен қатар үй жағдайында сора өсірген 4 бірдей фитозертхана анықталды.
Осыған қоса, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізетін «Киберқадағалау» жүйесінің көмегімен синтетикалық есірткілерді жарнамалаған 1000 интернет сайтының жұмысы тоқтатылды. Маусым айында аса ірі көлемде «мефедрон» деп аталатын синтетикалық есірткіні тасымалдаған Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталды. Бұдан бөлек, қала аумағында күн сайын полицияның кешенді жасақтары көпқабатты үйлердің аулалары, гараждар мен құрылыс алаңдарында рейд жүргізіп, жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы тұрақты бақылау жасалуда. Жалпы, нашақорлықтың алдын алу ісі департаменттің ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді.
– Аудандарда ашылған жедел басқару орталықтарының маңызы қандай? Бұл орталықтар қалай жұмыс істейді?
– Жедел басқару орталығы – ұсақ құқықбұзушылықтан бастап ауыр қылмысқа дейін «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік беретін, ішкі істер органдарындағы өте маңызды құрылым. Қылмыстың алдын алу және оны жедел ашу мақсатында полиция қызметін жан-жақты цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта Қызылорда облыстық Полиция департаментінің 7 аудандық бөлімінде заманауи талаптарға сай жедел басқару орталығы кешендері ашылды. Аталған жоба аясында әр ауданға 77 бейнебақылау камерасы және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтайтын 7 арнайы кешен орнатылды.
Енді облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды ластау, темекі тұқылын тастау, жаяу жүргіншінің белгіленбеген жерден өтуі және автокөліктердің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері орталықтағы операторлардың тікелей бақылауында болады. Полицияның құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтарға жедел көмек көрсету, жол-көлік оқиғаларын азайту, жүргізу мәдениетін арттыру және өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарының тиімділігі осы орталықтар арқылы бақыланады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Темірболат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!