Кейде біреудің «басым айналып тұр», «қол-аяғым ұйып қалды» деген сөздеріне мән бермей, жәй шаршау деп қабылдаймыз. Бірақ бұл белгілердің артында өте қауіпті дерт – инсульт тұруы мүмкін. Инсульт – адамның өмірін екіге бөлетін, бір сәтте бәрін өзгертіп жіберетін өте ауыр жағдай. Қарапайым тілмен айтсақ, инсульт миға қан бармай қалуы немесе қан құйылып кетуі.
Қазақстанда инсульттен көз жұму мен мүгедек болу көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде. Ал ең өкініштісі – бұл дерттің алдын алуға болар еді. «Жас кезім ғой, маған инсульт келмейді» дейсің бе? Қателесесің. Бұрын инсульт тек егде жастағы адамдарда кездеседі деген түсінік болды. Қазір бұл дерт 25-30 жастағылардың да есігін қағып жүр. Бұған не себеп, инсульттің алғашқы белгілері мен алдын алу жолдары қандай? Адамды мүгедек ететін дерт неге дендеп кетті? Осы орайда «Алексей Сұлтан Ахмет» қалалық емханасының невропатолог, эпилептолог дәрігері Қуанышбек Алмағамбетовпен сұхбаттасқан болатынбыз. Дәрігер инсульттің белгілері, емдеу тәсілдері мен алдын алу жолдары туралы айтып берді.
– Инсульт дегеніміз қандай ауру? Қандай түрлері бар?
– Мидың қан айналымының бұзылысы. Ишемиялық және геморрагиялық түрі бар. Ишемиялық инсульт ми қан тамырларының бітелуі кезінде миға қан жетіспей қалады. Мұның себебі қан ағынының саңылауын бітеп тастайтын тромб болуы мүмкін. Ал геморрагиялық түрі ми тамырларының қабырғасы жарылуынан мидың тініне қан құйылып кетеді. Бассүйек кеңістігіне қан ағып, тіндерге таралады және миды қысады. Бұл екі түрі де өте қауіпті. Ең жиі кездесетін түрі – ишемиялық инсульт. Ол жалпы адамның тұрмысына әсер етеді. Қимыл қозғалысы, қан айналымы бұзылады. Ишемиялық инсультке шалдығу қаупі жас кезге қарағанда, үлкен жаста жоғары болады. Тағы бір айта кетерлігі, 160/90 миллиметр сынап бағанасынан жоғары артериялық гипертониясы бар науқастарда инсульттің қаупі қалыпты қан қысымы бар адамдарға қарағанда шамамен 4 есеге, ал 200/110 миллиметр сынап бағанасы жоғары артериялық қан қысымы кезінде 10 есеге артады.
– Адамдар инсульттің қандай белгілерін міндетті түрде білуі керек?
– Әртүрлі белгі береді. Ең басты белгілері – беттің қисайып кетуі. Сөйлегенде бір жақ беті төмен салбырап тұрады. Науқастан күлуін, екі қолын көтеруін және сұрақ қойып сөйлеуін сұрап, бақылау қажет. Егер науқаста осы ақауларды байқаса, шұғыл жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілуі керек. Көп адамдар байқай бермейтін қан қысымының көтерілуі де зор қауіпті. Бірақ бір адам оны сезсе, біреуі сезбеуі де мүмкін. Көбіне қол мен аяқтың әлсіреп, ұюы байқалады.
– Инсульт қазіргі таңда жастарда да жиі кездесетінін білеміз, оның себептері қандай? Сіздің ойыңызша, неге бұл ауру тіпті жастарға да әсер етеді?
– Үлкендерде де, жастарда да инсульт белгілері бірдей. Бірақ көбіне жастар қан қысымын байқамайды. Олар бас ауырса жұмыспен, оқумен жүріп мән бермейді. Зиянды тез дайындалатын фастфудтық тағамдарды жиі жейді, ұйқысыздық аясында шамадан тыс жүктеме болады. Қазір инсульт өте жасарып кетті. Өзімнің тәжірибемде жиырма жасар қыздың өзінде геморрагиялық инсульт болды. Қазіргі таңда ол толыққанды қалпына келіп, жұмысқа қайтадан қосылып кетті. Бұл организмнің жастығына да байланысты. Инсульттің пайда болуына әртүрлі созылмалы аурулар қант диабеті, артық салмақтың жоғары болуы әсер етеді. Темекі шегуге тым әуестік инсульттің даму қаупін екі есеге арттырады. Алкоголь ішімдігінен бас тарту немесе оны қабылдауды жедел тоқтату, белсенді өмір сүру, дене шынықтырумен айналысу, дұрыс тамақтану, ащы және тұздалған тағамды шектеу, күйзеліске түспеуге тырысу, артериялық қан қысымын бақылау және ол жоғарылаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу, оның барлық ұсыныстарын орындау қажет.

– Инсульт болған жағдайда жедел жәрдем келгенше қалай көмек көрсеткен жөн?
– Ең бірінші таза ауаның келуін қамтамасыз етеміз. Инсульттің алғашқы белгілерін әрбір адам білгені дұрыс. Себебі үй, көше және кез келген басқа да жағдайларда инсультке шалдыққан адамға ерте диагностика жасап, уақыт создырмай ауруханаға жеткізуі тиіс. Үй жағдайында бас жағын жоғары етіп, төсекке жатқызу керек. Қысып тұрған киімдерінен босатамыз. Егер алмалы салмалы тістері болса, алып тастаймыз. Қан қысымын жиі өлшеп қадағалаған жөн. Инсульт алғаннан кейінгі әрбір уақыт маңызды. Мүмкіндігінше, ертерек көмек көрсетілуі қажет.
– Бір рет инсульт алған адам екінші рет ауырып қалуы жиі кездесе ме? Не себепті?
– Иә, 75 пайызға кездеседі. Бір рет инсульт алған әсіресе, ер адамдарда қайталанады. Себебі, дәрілерін уақытылы ішпегендіктен, темекі мен ішімдік қолдану, бұның барлығы қайтадан қан қысымының жоғарылауына әкеліп соғады. Инсультпен ауырып шыққан науқастар өмір сапасын толығымен өзгертеді. Бірақ негізгі қауіп факторы – жас, сондықтан 50 жастан кейін сіз қан қысымын, қантты мұқият бақылап, жаман әдеттерден аулақ болып, көбірек қозғалуыңыз керек. Қан қысымы бір рет болса да 160-180-ге дейін көтерілсе, тезірек дәрігерге барып, егжей-тегжейлі тексеруден өтіп, маманмен кеңесіп және бұл жағдай қайталанбауы үшін барлық шараларды қабылдау қажет.
– Инсульттен кейінгі науқастың өмір сүру сапасы қандай болады?
– Өмір сапасы пациенттің өзіне байланысты. Емделемін, аяққа тұрамын деп мақсат қойып, әрекет етсе жақсы көрсеткішке жете алады және емделеді. Өзінің өмір сапасын жақсарту үшін зиянды әдеттерден құтылу керек. Ол көп әсерін тигізеді. Семіздік, артық салмақ денсаулықтың басты жауы. Дәрігердің нұсқауын толық орындамай, салауатты өмір салтын ұстанбаса, ауруынан сауығуы қиындайды Күніне он мың қадам, таңертеңгілік және кешкі серуендерді әдетке айналдырған жөн. Көңіл-күйді көтеріп, күйзеліске ұшырамаған дұрыс. Себебі, көп жағдайда қатты ашулану, уайымға салыну қан қысымын жоғарылатады. Жақсы ойда болып, күліп жүру – денсаулықтың кілті.
– Инсульттің себептері қандай және алдын алуда қандай кеңес бересіз?
– Ең бірінші – скрининг. Жылына бір мәрте міндетті түрде тексерілген дұрыс. Қан қысымы көтерілген сәттен бастап, дәрігерге қаралып, инсульттің алдын алу мақсатында уақытылы ем қабылдау керек. Дұрыс тамақтану, қандағы холестерин деңгейін бақылауы міндетті. Инсульттің алдын алуда ішіп-жеген тамағымызға мән беріп, майлы, ұнды, қантты тағамдардан, газдалған сусындардан, темекі-ішімдік өнімдерінен бас тарту қажет. Не себепті? Өйткені бұл тағамдар қан құрамын өзгертеді де, қантамырлардың қабырғасына майлы қабықшалардың пайда болуына әкеледі. Соның нәтижесінде қантамырлар бірте-бірте жабыла бастап, толықтай жабылған кезде үлкен асқынуларға алып келеді. Осы ем шараларды жасап, салауатты өмір салтын ұстанса, күйзеліске түспесе инсультті болдырмауға болады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Назерке БАҚЫТБЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!