Бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған жаңа Конституция жобасымен мұқият танысып шықтым. Жаңа жобада көптеген институттарға өзгерістер енгізіледі. Құрылтай, Вице-президент, Халық кеңесі деп аталатын қалыптасқан үрдістен мүлдем өзгеше субъектілермен қатар, халық арасынан шығатын мемлекеттік билікті еңсеретін өкілдің тек сотталғандығы бар азаматтар ғана емес, өмірінде бір мәрте болса да сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ (36 бап) деген алғаш рет норма қалыптасты. Бұл норма арқылы елімізде қазіргі таңда ең қауіпті індет сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар азаматтар ел билігінен алыстатылады. Әрине, арнайы мемлекеттік қызмет туралы заңда көрініс табады деп ойлаймын.
Жобада бұрын-соңды болмаған мынадай норма қалыптасты (3 бап):
«1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.
2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды».
Бұл норма ел идеологиясының қандай бағытта болу қажеттігін айқындап отыр. Бір сөйлемнің ішінде адамзатқа және қоғамға қажет, жылдар бойы қалыптасқан құндылықтарды қамтып отырғанын көреміз.
Заң мен тәртіп үстемдігі бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Аталған категория бұл жерде әділеттілік, қамқор, білім, ғылым, отаншыл, мәдениет, бірлік, халық, прогресс, еңбек, экология, мұра деген ұғымдарды бір жерге тоғыстырып отыр. Осы ұғым қалыптасқан қоғамды, мемлекетті бақытты деп айтуға болады.
Көптеген нормаларда үйлесімділік қалыптасты. Мысалы, жобаның 4-бабында бұрынғы «олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін» деген сөздердің орнына «Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас және ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады» өзгертілді.
Байқасаңыздар бұрынғы «тежеу» деген сөз айтыстырып тұрса, жобада «өзара іс-қимыл» деп, яғни бірлікке шақырып тұр деуге негіз бар.
Жобада басты құжатта болмаған жаңа норманың (5 баптың 6 тармағы) арнаулы құқықтық режиміндегі «қарқынды дамитын қала» деп аталатын аумақтық бірлікке қатысты, оның ел экономикасын көтеру үшін эксперименттік аймақ ретінде қалыптасуы елге енгізілетін реформалардың модельдерін сынап көру алаңына айналып, зардапты азайтуға, баламасы жоқ жаңа институт ретінде қарауымыз қажет.
Жобада мемлекетіміздің Егемендігі, оның бүкіл аумағын қамтитыны, аумақтық тұтастығы, бөлінбейтіндігі және қол сұғылмайтыны нақты бекітілгені (2 бап), жоғарыда арнайы аймақ туралы нормаға қайшы келмейді. Керісінше зардаптың алдын алады. Арнайы аймақта енгізілген жаңа идеялар жемісін берген жағдайда қалған аймақтарға таратылатын болады деп есептеу керек.
Дін және оның қоғам өміріндегі ролі туралы зайырлы ел бола тұра, радикалды тұжырымдардың қоғам өкілдерінің арасына қатты сіңіп мемлекеттілігіміздің шайқалуына әсер етіп, шешімін таба алмаған бұл проблемаға жаңа жоба нүктесін айқындап берді деп есептейміз. Жобаның 7 бабында «Дін мемлекеттен бөлек» деп анық көрсетіп берді.
Тағы бір осы тұрғыда, барлық дінге көзқарас ортақ дей отырып, кейде зайырлы ел екенімізді біле тұра арнайы норманың болмау салдарынан білім және ғылым ордаларында артықшылықтарды талап ететін жағдайлар болып келеді. Соның бірі оқушының киіміне қойылатын талапты оқу-ағарту министрлігі өзектіндіргісі келгенімен конституциялық тұрғыдан шектеулі болғандықтан қауқарсыз еді. Бұл жағдайға да жоба нүктесін қойды. Жобаның 33 бабының 5 тармағындағы «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп жазылған норма ендігі жерде білім ордаларында ешқандай артық талап қоюға құқығы жоқ екенін айқындап берді.
Жобаның 12-бабында «Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады» деген норма қалыптасты. Қазіргі басты құжатта «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп шектелген. Егер еліміздің азаматы басқа елдің де азаматы болып шықса, біз «оған оның болмайды, ондағы азаматтығыңыз бізде танылмайды» деп қайыруымыз керек. Бұл әрине абсурд, ақылға қонымсыз. Ал жобада ұсынылған норма бұл жағдайды тиісінше нақтылады.
Зайырлы ел деп атап, діни термин болып саналатын «имандылық» деген сөз қолданыстағы басты құжатта 2 рет пайдаланылады екен. Жобада оның орнына «адамгершілік» деп ауыстырылды.
Енді Құрылтай туралы бірер ойлар. Парламент палаталарының депутаттарының бір бөлігін, Президент, тағы бір бөлігін Қазақстан халық ассамблеясы тарапынан сайланатын (тағайындалатын). Бұл бір түсініксіз жағдайға нүкте қойылды. Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олардың барлығы тек сайлау арқылы анықталады. Басқа артық ерекшеліктер жоқ.
Халық кеңесі туралы айтпай кетсек түсінбестік болар. Бұл жоғары кеңесші орган. Құрамы өз азаматтарымыздан құралады. Ал өкілеттігі және ұйымдастыру мәселелері арнайы заңда айқындалады деп көрсете отырып, дегенмен негізгі құзыретін жобада айқындайды. Олардың қатарына 1) мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары; қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту; Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді; 2) Құрылтайға заң жобаларын енгізеді; 3) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
Конституциялық соттың мәртебесі одан әрі жоғарылауда. Ендігі жерде Конституциялық Соттың түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері осы түсіндірмедегідей қолданылуға тиіс. Сонымен қатар Конституциялық Сот орындалуы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныған халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері, оның ішінде жекелеген ережелері орындалмауға тиіс (75 бап).
Бұрын болмаған бұл норма Конституциялық соттың шешімінің тек қарары ғана емес, оның уәжін де дәлме-дәл қабылдау қажет екенін көрсетеді. Ал халықаралық құқық нормалары ендігі жерде ел мүддесіне қайшы келетін болса, оған да Конституциялық сот солай баға берсе, басқаша болуы мүмкін емес дегенді білдіреді.
Адвокат-қорғаушы статусы енді Конституциялық тұрғыдан айқындалды. Бұл жарыспалылық қағидасы дамуының жаңа бір сатысы деп тануымыз қажет. Әрине, адвокатура саласы үшін бұл әзірге бірінші қадам. Дегенмен басында айтып өткеніміздей бірінші қадам әрдайым қиын (86 бап).
Миранда ережесінің жобада бой көтеруі қуантарлық жағдай. Бұған дейін қылмыстық процестік кодекстің 131-бабында болуымен шектеліп келген. Алайда кодекс иерархия бойынша 3-4 санаттағы заң құжаты (Конституция, Конституциялық заң, ратификацияланған халықаралық құжаттар). Енді жобаның 18-бабының 3-тармағында «Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндіріледі» деп айқын жазылды.
Ерлан Алтаев,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Құқықтану білім беру бағдарламаларының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!