Жыраулар үйінде Жеңістің 80 жылдығына арналған майдангер ақындардың шығармашылығы насихатталған «Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» тақырыбында жыр-концерт өтті. Онда майдан даласында қару мен қаламды серік еткен жауынгер ақындардың жырлары кеңінен насихатталды.
Жыр кешінің мақсаты – ұлт рухын көтеру, тарихты тірілту, әрі жас буынға отансүйгіштік рух сыйлау. Майдангер ақындардың шығармашылығы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өшпес бір бөлігі. Қан майданда туған отты жырлар бүгінгі ұрпаққа ерліктің, қайсарлықтың, адалдықтың шынайы үлгісі. Бұл кеш – батырлар рухына тағзым, олардың жанкешті еңбегін ел жадында мәңгі қалдыруға бағытталған тағылымды бастама.
Тағылымды шарада майдан жырларын облыстық филармонияның дәстүрлі орындаушылары мен жыраулары Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Әділхан Қуаңбаев, Марат Сүгірбай, Бисенбек Төлеубаев, Орынбасар Бексұлтан, Тоғжан Өтегеновалар нақышына келтіре орындады.
Кеш соңында майдангер ақындардың ұрпақтары Абдуллай Тажмаханов, Кәжденбек Баймаханов, Гаухар Кожахметова, белгілі ақын Серік Ыдырысовтар жылы лебізін білдірді.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!