Қала базарлары қайта жаңғыртудан өтуде. Қызылорда қаласында кәсіпкерлік саласы ілгерілеп келеді. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Жетілгенов БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында кеңінен баяндап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала аумағында тіркелген кәсіпкерлер саны 35881-ге жеткен. Бұл – шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы рөлі артып келе жатқанын білдіретін маңызды көрсеткіш. Оның ішінде белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі 95,9 пайызды құрап отыр, – деді бөлім басшысы.
Кәсіпкерлік бөлімі халықты жұмыспен қамтудың негізгі тірегіне айналғанын атап өткен ол бұл салада 63631 азамат еңбек етіп жүргенін жеткізді. Сондай-ақ 374 млрд 752 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 47,1 пайызды көрсеткен. Өндіріс әлеуеті де жылдан-жылға артып келеді.
– Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында бөлшек сауданың нақты көлем индексі 102,6 пайызды құрап, жалпы айналымы 499 млрд 724 млн теңгеге жетті. Ал көтерме сауда көлемі 115,9 пайыздық өсіммен 314 млрд 598 млн теңгені көрсетті, – деді М.Жетілгенов.
Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер де көңіл қуантады. Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 549 млрд 253 млн теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 108 млрд 205 млн теңгеге жеткен. Бұл саладағы тұрақты даму экономиканың құрылымын әртараптандыруға жол ашып отыр. Инвестиция тарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 369 млрд 412 млн теңгеге жетіп, жоспарланған межеден 14,1 пайызға артығымен орындалған.
– Инвестициялар көлемінің артуы нәтижесінде өткен жылы жалпы құны 236,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асты. Бұл жобалар қала экономикасына тың серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасады. Жұмыссыздар саны азайды, – деді бөлім басшысы.
Аталған жобалар қатарында заманауи кірпіш зауыты, нан-тоқаш және макарон өнімдерін өндіру кешені, екі шағын өнеркәсіптік парк, жоғары технологиялық айна өндірісі, күріш ақтау және ас тұзын өндіру зауытын кеңейту, шыны өндіру цехы мен жиһаз өндірісі бар. Сондай-ақ медициналық орталық пен жаңа сауда үйлері пайдалануға берілген. Сонымен қатар іске қосылған жобалар аясында 900-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Алдағы жылға жоспарланған жобалар да ауқымды. 2026 жылы қалада жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытында жалпы құны 113,6 млрд теңгені құрайтын үш ірі жобаның құрылысы басталмақ.
Сауда базарларының жағдайы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Бірі базарлардың орны ауысты деп шағымданса, енді бірі жаңа нысанға көшіріліп, қала орталығында қайта жөңдеу жұмысы жүргізілу керек деседі. Себебі қала орталығы, атап айтсақ, Жайна, Ескі базар аумағы сын көтермейді. Қайта жаңғыртуды талап етеді.
– Қала аумағындағы сауда базарларын жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл мақсатта 6 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда «Қанат» әмбебап базары толық жаңғыртылып, «Сұлтан» базары қайта іске қосылған. Ал «Асбол», «Сыбаға», «Талғат» базарларында құрылыс жұмыстары жалғасуда, – дейді бөлім басшысы.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларының нәтижесі де айқын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірнеше жоба қаржыландырылып, ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлікке тың серпін берілді. Екінші деңгейлі банктер мен өңірлік инвестициялық орталық арқылы да бірқатар жобаларға қаржылай қолдау көрсетілген. Нәтижесінде бірқатар өндіріс орындары ашылған. Мәселен, «Қызылорда-нан», «Панабек» өндірістік орны жақында іске қосылды. «Қызылорда-нан» жобасы аясында тек нан өнімдері ғана емес, ерекше қоспамен әзірленген, ерекше дизайндағы тәттілер дайындайды. Сондай-ақ «Панабек» жиhаз фабрикасы да соңғы үлгідегі жиhаздарды әзірлеуге дайын. Мысалы, мектеп оқушыларына арналған парта Қызылорда қаласында осы уақытқа дейін өндірілмеген екен. Енді «Панабек» жиhаз фабрикасы жоқтың орнын толтырмақ.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!