Педагогикалық тамыз кеңесі жаңа оқу жылы қарсаңындағы білім беру жүйесінің басты стратегиялық бағытын айқындайтын, еліміздің білім беру саласында атқарылған жұмысты қорытындылайтын, болашаққа міндеттейтін маңызды сәт. Сол жиында жыл бойы атқарған жұмысың сараланып, еңбегің бағаланып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясына қатысу кез келген педагог үшін үлкен мәртебе.
Қызылорда қаласындағы «Бегім ана» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Жанат Мұханбетқалиева келелі жиынға қатысып қана қойған жоқ, «Балабақшадағы мультстудия және жасанды интеллект» тақырыбындағы озық тәжірибесін ортаға салып, белсенділік танытты. Бұған дейін «Бегім ана» ұжымы нәтижелі еңбек етіп, балабақша жұмысына жаңашыл идея мен заманауи әдіс енгізіп, іс-тәжірибесін мектепке дейінгі ұйымдарға сапалы түрде тарата білгені үшін «Тірек мектепке дейінгі ұйым» қатарына енген еді. Ұжымның алған марапаттары соның дәлелі. Мәселен, облыстық, қалалық деңгейде «Жылдың үздік балабақшасы-2020» дипломын, «Мектепке дейінгі ұйым-2022» байқауында І орын, «Үздік білім беру ұйымы-2022» дипломын, «Ата-аналарға арналған үздік консультациялық пункт-2020» байқауында ІІ орын алса, республикалық деңгейде «Мектепке дейінгі үздік ұйым-2022» байқауында І орын, халықаралық деңгейде «Super World Talent-2020» конкурсында І орын, «NurNauruzFest» халықаралық фестивалінде, «Жеті өнер» халықаралық шығармашылық фестивалінде «Алғыс хатпен» марапатталуы ұзақ жылғы еңбек пен төккен тердің жемісі.

Ал биылдың ақжолтай жаңалығы «Бегім ана» бөбекжай бақшасы Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік балабақша – 2025» марапатына ие болып, аймақтың абыройын асқақтатты.
Астанада өткен тамыз конференциясында «Бегім ана» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жанат Мұханбетқалиқызы «Үздік құзіреттілік орталығы» дипломымен, ізденіс жолындағы еңбегі, шеберлігі мен білім беру саласындағы жаңашылдығы үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл, әрине, «Бегім ана» бөбекжай бақшасы ұжымының педагогикалық шеберлігі мен ерен еңбегінің жемісі. Бұған қоса талапшыл, ізденімпаз басшының үлкен ұжымның қызметін үйлестірген жүйелі жұмысының нәтижесі. Білікті басшының педагогикалық салада 31 жыл еңбек өтілі бар.
Оқу-ағарту министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда педагогика, білім беруді басқару, оқыту әдістемесі бойынша «Ізденіс жолы» республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық педагогикалық журналында «STEAM оқыту-бөбекжай бақшада» мақаласын, «Дана бала» республикалық ғылыми-ақпараттық әдістемелік журналында «Мектепке дейінгі ұйымдағы балалар мультстудиясы» мен бірнеше мақалалары республикалық педагогикалық тәжірибе алаңында насихатталып, оқу-әдістемелік нұсқаулық ретінде мектепке дейінгі мекемелерге таратылған.
Аулаға кіргеннен-ақ тиянақтылық пен тазалық, ұқыптылық пен тәртіп сезіледі. Шағын балабақшадан үлкен өмірге қанат қағатын балақайлардың айналамен танысуына, зердесінің ашылуына, тәлім-тәрбиесінің нығаюына педагогтар мен тәрбиешілер қауымы жауапты. Сондықтан оларға артылатын міндет пен жауапкершілік жүгі жеңіл емес.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!