Наурыз жақындағанда көшет егу мәселесі талқылана бастайды. Жылдағы дәстүрмен тал егу науқанына кірісеміз. Алайда еккен көшет көктемей қалса кінәні жерге артып, қолды бір сілтей салатындар аз емес. Әрине, тал егу, оны күтіп баптау тәжірибе мен шыдамдылықты талап ететіні сөзсіз. Бектай атаны сырбойылықтар жақсы біледі. Қаланың 60-70 пайызын жеміс ағашы, сәндік талмен қамтамасыз етіп отырған бағбан жайында бұған дейін де талай жазылып жүр. Дегенмен Наурыз мерекесі қарсаңында бағбанның бағын көруге құмарттық. Қала сыртында жарты ғасырға жуық ағаш өсіріп отырған бағбанның үйіне барар жолдың машақаты бір бөлек екен. Бұл туралы әңгіме соңында…
Шарбақ алдынан бізді Бектай ата күтіп алды. Жасы сексен беске жақындаса да бақуатты ол 35 жыл бойы бағбандықпен айналысып келеді. Осы уақытқа дейін 2 миллионнан астам көшет отырғызып, мол сауапқа кенелді десек артық емес.

– 1990 жылы осы жерге шаруашылықпен айналысу үшін көшіп келдім. Ол кезде бұл жерде сауысқан мен қарғадан басқа ештеңе жоқ еді. Басында аздап тұқым сеуіп, жеміс бергенше қой бақтым. 2 жыл ішінде қойдың санын 300-ден асырдым. Қойдың бәрін сатып, бағбандық кәсіпке кірістім. Қазір көшетті дәннен шығарамын, – дейді Бектай Сүлейменов.
Қызылордада қысы-жазы жел ұйытқып тұрады, ауасы құрғақ, топырағы тұзды. «Сыр бойында қара ағаштан басқа тал өспейді» деген түсінік те қалыптасқан. Бағбан баптаған бақты аралап жүріп қасаң пікірімізді өзгерттік. Тіпті жасыл желек туралы әңгіме қозғау Қызылордаға сай келмейтіндей көретін едік. Бірақ біз көрген арша, жергілікті қарағай, туя таңғалдырмай қоймады. Бағбанның бағында ағаштың 20-дан астам түрі бар екен. Бектай Сүйлейменов әр қайсысын мұқият таныстырып жүр.

– Мамандығым – ағаш өсіру. Алматы ауылшарушылық институтында оқыдым. Ол кезде оқу бес жылға созылатын. Сонда жыл сайын тәжірибе алу үшін Солтүстік Қазақстанға жіберетін. Мен деканға жолығып Оңтүстіктен келгенімді айтып, бізде қарағай өспейтінін жеткіздім. Мені Өзбекстанға жіберіңіз деп сұрандым. Содан институт тарапы көрші елмен келісіп, сол елге кеттім. «Қазақстаннан студент келіпті» деп Өзбекстанның қазақтары мені күнде қонақ қылатын, – деп еске алды бағбан.
Табиғатпен етене болғандықтан шығар, бағбан әлі тың. 5 гектар аумақтың шаруасын бір өзі дөңгелетіп жүр. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария ағаштың бәрін өзі баптайды. Тыным таппай жасаған әр істің соңы жемісті болатыны сияқты, айнала жайнап тұр. Мұнда сәндік ағаштармен қатар жеміс ағашының 10-нан аса түрі бар. Алма, шие, жүзім, өрік, алмұрт тағы да басқа өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі бар. Тәжірибелі бағбаннан алма өсірудің әдісін де үйреніп алдық.

– Мамандығымның жемісін көріп келемін. Білгенімді балаларыма үйретіп жүрмін. Қызылордада тал өспейді деген пікірмен келіспеймін. Тауда өсетін долана деген ағашты өсіріп, жемісін жеп отырмын. Алма көшетін егу үшін тамыр мойнынан төрт елі алып көму керек. Содан кейін су берсең болды өзі өсе береді. Ешқандай тыңайтқыш пайдаланбаймын, – дейді ақсақал.
Сұхбатқа біз барғанда бағбаннан көшет сұрай келгендердің қарасы қалың екенін көзбен көрдік.. Көшет алуға келген тұрғындардың айтуынша, ертерек келмесе бағбанда көшет қалмайды екен. Өткен жылы көшет алып үлгермей қалғанын да жасырмады. Әрине, қалада сатылатын көшет көп, алайда Бектай атадан алуға келетіндердің қатары тіпті көп. Көктем шыға тапсырыс беріп кететіндер де аз емес.

– Жеміс бағын күні-түні күтіп-баптап, пайдасын көріп отырмын. Мысалы, қазір сұранысқа ие аршаны, туяны 6 мың теңгеден өткіземін. Ал жеміс ағаштарының көшеті 600-700 теңгеден басталады. Біздегі базар оңтүстіктің көшетіне толы. Сырттан келген көшеттердің бізге келем дегенше өте нәзік, жіңішке тамыры кеуіп кетеді, жолда бүлінетіні тағы бар. Мен өсіріп отырған ағашты олар екі есе қымбатқа сатады, – дейді Бектай Сүлейменов.
Әңгіме басында жол машақаты туралы сөз қозғаған едік. Бағбан 34 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Көктемде жаңбыр жауса, мұнда көлік кіре алмайды. Қалаға бару үшін жаяулатып үлкен жолға шығып, көлік тоқтатуға мәжбүр.
– Жолдың жағдайын айтып, талай табалдырықты тоздырдым. Біз сияқты шарушылықпен айналысып отырған бағбандарға да көмек көрсетсе деймін. Мысалы, шетелде шаруашылықпен айналысатын кәсіпкердің жол, жарық, суын тартып береді. Өркениетті ел боламыз десек сол елдерден үлгі алып, қарапайым шаруаларды қолдасақ, – деген ниетін жеткізді Бектай Сүлейменов.
Біз көрген бақ іші, ауасы да көңіл қуантты. Бектай ата жеміс ағаштарының бабын келтіріп жүр. Бағбан әр талын еркелеткендей ме, әйтеуір сырласып жүргендей көрінді. Ішкі мұңын да осыларға айтатындай. Бақтың көз тоймас көрінісіне сүйсініп, біз де қариямен қимай қоштастық.
Думан КЕҢШІЛІК
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!