2025 жылы Белкөл кентінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асып, елді мекеннің дамуына серпін берген ауқымды бастамалар жүзеге асты. Инфрақұрылым, әлеуметтік сала және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бастамалар туралы Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында баяндады. Кент әкімі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері өткен жылы өсіммен жетістікке толы болғанын айтты.
– 2025 жыл Белкөл кенті үшін табысты жыл болды. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін өсіммен аяқтадық. Кентте қазіргі таңда 4934 адам тұрады, оның 2518-і экономикалық белсенді, олардың 570-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Белкөлде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 37 отбасы бар, жыл басынан бері 50 сәби дүниеге келді, – деді Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду.
Кент әкімінің мәліметінше, 2025 жылы Белкөл кентінің жалпы бюджеті 322,1 млн теңге болып бекітіліп, 100 пайызға игерілген. Жылдық жоспар бойынша 42 млн теңге салық түсіру жоспарланса, нақты түсім 53,9 млн теңгеге жетіп, жоспар 128 пайызға орындалды. Денсаулық саласында да оң өзгерістер байқалады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Белкөлде жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Теміржол ауруханасының қарамағындағы осы амбулаторияда күндізгі стационарға 8 төсек-орын қарастырылған. Сонымен қатар Бірқазан елді мекенінде 2018 жылы 10 млн теңге қаржыға заман талабына сай медициналық бекет салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
– Бүгінде Белкөлде 464 шағын кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді, ал жыл басынан бері 145 жаңа кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 145 тұрақты жұмыс орны ашылды, – деді кент әкімі.
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында белкөлдік кәсіпкерлер бірнеше тиімді жобаларды жүзеге асыруда. Өткен жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсын 16 тұрғын оқып, соның 9-ы жалпы сомасы 14,1 млн теңге болатын қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Жалпы алғанда, өткен жылы түрлі қаржы көздері арқылы құны 1 млрд 204,1 млн теңге болатын 28 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие алып іс бастаған кәсіпкерлер де, 5 млн теңгелік инновациялық грант ұтып алған жобалар да бар.
– Инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Қала әкімінің қолдауымен Белкөлдегі №1, №11, №12 көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары жөнделіп, аулалары абаттандырылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойындағы қорымы толықтай қоршалды. Сондай-ақ кенттің 8 ішкі көшесіне асфальт төселіп, бірнеше көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды, – деді кент әкімі.
Кент әкімі алдағы жоспарлар туралы да айтып өтті.
– Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады, – деді Белкөл кентінің әкімі.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!