Сейсенбі, 26 тамыз, 12:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64,2177
26.08.2025
PDF мұрағаты

Белкөл: Жаңалығы көп кент

26.08.2025

53 0

Әр мекеннің, әр ауылдың өзіндік тарихы бар. Көненің көзіндей болып, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған мекеннің бірі – Белкөл кенті. Бұл шағын ғана мекен талай кезеңнің куәсі болған. Құмды даланың төсінде қаз-қатар бой түзеген алғашқы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың іргетасы да дәл осы жерде қаланған деседі. Кезінде теміржол бекеті ретінде айшықты жылдарымен есте қалған.

Атқарылған іс көп

  Өткен жылы кентте бірқатар көше жаңартылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, К. Әбдіқадыров көшесінде ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынған. Сонымен қатар Бірлік, Путейцев, К. Әбдіқадыров 4 және 6 көшелеріне түнгі жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай жұмыстар Белкөл кентіне қарасты «Бірқазан» елді мекенінің орталық көшесінде де жүзеге асырылып, жарықтандыру жүйесін орнатуға 11,6 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру мақсатында, Бірлік көшесінде заманауи балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Қазір кентте көше жарық, жол тегіс әрі қауіпсіз.

– Электр жүйелерін жаңғырту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Өткен жылы Жерұйық, Сарыарқа және Бірлік көшелерінде тозығы жеткен желілер толық ауыстырылып, жаңа электр желілері тартылды. Сонымен қатар ұзындығы 21 шақырымды қамтитын 12 көшенің желісін жаңарту үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтқанда Жерұйық, Путейцев тұйығы, Әбдіқадыров №1, 2, 9, Әбдіқадыров тұйығы және Бірқазан елді мекеніндегі Көкжиде көшелерінде   жарық жүргізу басталды. Бұған қоса, №1, 11 және 12 көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары жөнделіп, аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – дейді кент әкімі Жасұлан Сәду.

  Дегенмен Белкөл кентінде шешімін күтіп тұрған түйткілді мәселелер де бар. Соның ішінде халық үшін ең өзектісі – аяқсу тапшылығы. Бұл мәселе тұрғындардың күнделікті тұрмысына да, ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына да тікелей әсер етуде. Кент әкімі бұл мәселенің де көп ұзамай шешімін табатынын айтты.

 – Кенттің орталық көшелеріне аяқсу тарту мәселесі бүгінгі таңда әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл түйткілді шешу мақсатында 254,9 млн теңгені құрайтын жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Егер бұл бастама жүзеге асса, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы едәуір жақсармақ, – дейді Жасұлан Сәду.

Білім мен денсаулыққа ден қойған

  Белкөл кентінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларына айрықша көңіл бөлініп, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда кентте екі орта мектеп – №189 және №145 мектебі  бар. Онда барлығы 900-дей оқушы білім алуда. Сондай-ақ бір мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Мұнда 160 бүл­діршін тәрбиеленіп жатыр. Айта кету керек, бұл балабақша ғимараты 2020 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, заман тала­бына сай жаңа жабдықтармен қам­­тылған. Халықтың ден­сау­лы­ғын қор­ғау бағытында да ауқымды іс-шаралар жүзеге асуда. 2020 жы­лы мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік ая­сында заманауи дәрі­герлік амбу­латория ел игі­лігіне берілген. Мұн­да 8 орын­дық күндізгі стацио­нар жұмыс істейді. Сонымен қатар кентке қарасты Бірқазан елді мекенінде 2018 жылы жаңа медициналық бекет ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Заманауи құралдармен жаб­дықталған бұл мекеме ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір арттырды.

Кәсіппен көгерген кент

 Кентте шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде мұнда 464 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, соның 460-ы белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде 79 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, 81 тұрақты жұмыс орны құрылған. Мемлекеттік бағ­дарламалар да тұрғындардың кәсіп бастауына айтарлықтай серпін беріп отыр. Мәселен, жыл басынан бері «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 13 тұр­ғын оқу курсын аяқтап,  6 тұрғын жалпы құны 9,4 млн теңгені құрай­тын қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Бұған қоса, 154,7 млн теңге көлемінде 7 жо­ба қаржыландырылды. Соны­мен қатар «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы бойынша 3 жоба қолдау тап­са, «Іскер» бағ­дарламасы ая­сында «Аг­рар­лық несие кор­порациясы» АҚ бір кә­сіп­кердің жо­ба­сын қар­жы­ландырды.

 – Кәсіпкерлерді  қолдау шаралары бүгінде өз нәтижесін беруде. Бұл  кентіміз үшін үлкен жетістік деп есеп­теймін. Мемлекеттік бағ­дарламалардың көмегімен талай азамат өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, «Микробизнес-Қызылорда» бағ­дарламасы шеңберінде «Өңірлік инвестициялық орталық» микроқаржы ұйымы арқылы жеке кәсіпкер Аяулым Алдашова ауыр жүк көлігін сатып алу жоба­сын жүзеге асыру үшін 9,3 млн теңге қаржы алған. Бұл кент тұрғындары үшін де маңызды, себебі мұндай жобалар жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына, шағын бизнестің кеңеюіне жол ашады. Сонымен қатар «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында да ілкімді істер ат­қарылуда. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы сомасы 114,6 млн теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылып отыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда, кент экономикасына айтарлықтай серпін берері анық. Өйткені кәсіпкерлік ауылдың әлеуметтік ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың тұрақты табыс көзіне айналуда, – дейді кент әкімі Жасұлан Сәду.

  Әкімнің ай­туынша, ал­дағы уақытта да кәсіпкерлікті дамы­туға ерекше мән беріліп, қолдаудың түрлі тетіктері қарастырыла береді. Жаңа жобалардың жүзеге асуы кенттің эко­номикалық әле­уетін артты­рып қана қой­май, ауыл тұр­ғын­дары­ның тұр­­мысын жақ­­сартуға, олар­дың өз кәсі­бін ашып, табыс табуы­на мүмкіндік бе­реді.

Домбыра жасау шебері

  Әке жолын жалғап, қол­өнерді кәсіп еткендер көп емес. Солардың бірі Белкөл тұр­ғыны Ақбүркіт Жауынғаров. Ол домбыра жасайды.

 – Әкем ағаш шебері болды. Бірақ ол домбыра жасаумен айналыспады. Өзім кішкентай кезімнен домбыраға, оның сазды үніне ерекше қызығатынмын. Сол қызығушылық кейін үлкен арманға ай­налды. Қолөнерге деген құштарлығымды одан әрі дамыту үшін мемлекеттен 5 млн тең­ге көлемінде грант алып, ісімді бастадым. Бұл мен үшін үлкен қолдау болды, – дей­ді шебер.

Ол 2024 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңім­пазы атанған. Бұл – оның еңбегінің нәтижесін дәлел­деген үлкен жетістік.

 – Қазақтың ұлттық аспабын жасау ерекше шы­дамдылық пен мол тәжірибені қажет ететін күрделі іс. Домбыраға қажетті ағаштың да талғамы бар. Кейбір ерекше ағаш түрлері, граб, қызыл ағаш, шынар секілді ағаштар шет елден жеткізіледі. Бұл ағаштардан жасалған домбыраның үні де өзгеше шығады. Домбыра тек аспап емес, ол – халықтың жүрегіндегі қазына, рухтың үні. Сол себепті мен әр туындыма ерекше мән беруге тырысамын, – дейді Ақбүркіт Жақсыбекұлы.

 Ол қолөнердің қыр-сырына қызығушылық танытып жүрген жастар болса, ол бар білгенін үйретуге дайын екенін айтты.

 – Үйренемін деген жігіттер болса, үйретуге әрқашан дайынмын. Шәкіртім болса екен деген арманым бар. Өйткені өнерді жалғастыратын ұрпақ қажет. Қолөнерге қызық­қан әр жасқа есігім айқара ашық, – дейді шебер.

  Бүгінде оның қолынан шыққан домбыралар ауыл ішінде ғана емес, облыс көлемінде де жоғары сұранысқа ие бола бастаған. Ұлттық мұраға деген құрмет пен адал еңбектің арқасында елге танылып келеді.

Белкөл: Жаңалығы көп кент

Ешкі өсірген кәсіпкер

  Белкөл кентінің тұрғыны Шырынхан Әділханқызы 2024 жылы жаңа істі қолға алып, мал шаруашылығына тың серпін бергендердің бірі. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсібін бастаған. Бүгінде ол 30 бас асыл тұқымды «Заанен» мен «Альпі», сондай-ақ «Нубий» сынды асыл тұқымды ешкілер өсіруде. Бұл ешкі тұқымы әлемде жоғары өнімділігімен танымал. Әсіресе, сүтінің майлылығы мен сапасы ерекше, одан дайындалатын ірімшік, айран секілді тағамдар шетелде кең сұранысқа ие.

 – Асыл тұқымды ешкінің күтімі жеңіл, тез көбейеді. Алдағы уақытта сүт өңдеу ісін жолға қойып, дайын өнім шығарғым келеді, – дейді Шырынхан Әділханқызы.

  Оның айтуынша, мемлекеттен берілген қолдау кәсібін бастауға үлкен демеу болған. Қазірдің өзінде мал басын көбейту, жаңа қора-жай салу жоспары тұр. Шаруашылық иесінің бұл еңбегі ауыл жастарына да үлгі. Себебі ауылда отырып-ақ кәсіп жүргізіп, тұрақты табыс табуға болатынын көрсетіп отыр.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты артық­шылығы – төмен пайыздық несие. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсібімді бастадым. Ендігі арманым – өнім көлемін арттырып, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамту, – дейді кәсіпкер.

Белкөл: Жаңалығы көп кент

                                                              Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: