Наурыз жер-жаһанның түрленіп, табиғаттың қайта түлейтін мезгілі. Бұл айда мерекелер шеруі салтанат құрады. Сол мерекелердің ең ғажабы – Ұлыстың ұлы күні мұсылман халқының жаңа жылы – 22-ші наурыз. Иісі қазаққа сән-салтанатымен жеткен шуағы мол мереке Сыр елінде тойлануда. Белкөл кентіндегі Наурыз тойына қатысып, молшылық пен татулық, ізгілік пен ынтымақ мерекесіне куә болдық. Ұлттық құндылықты ұлықтаған салтанатты шара Наурыз бабаның батасынан бастау алды.
Көріп тұрмын даламды,
Көріп тұрмын қаламды.
Қызылордадай қаладан,
Көрдім жарқын заманды.
Құт мереке маңайым,
Наурыз көктем, жаңа айың,
Жер түлесін жаңаша.
Ақ мол болсын, ағайын!
Ақ батадан бастау алған мерекені Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду ашып, кент тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады. Мұнан соң Белкөл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сартай Қайруллаев белкөлдіктерге жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.

Мерекелік шара аясында кенттегі мекемелер арасында ұлтымыздың салт-дәстүрін айшықтайтын келін түсіру, беташар рәсімінен көрініс қойылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.
Ынтымақ пен молшылықты паш еткен салтанатты шарада ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл тұрғындары наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәм татты.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!