Әлеуметтік желілерді парақтап отырсаңыз, түрлі түсті, сүйкімді әрі жүрекке жылы бенто-торттардан көз сүрінеді. Шағын көлемі, мінсіз эстетикасы және жекелендірілген жазуларымен бұл торттар туған күндерге, тосынсыйларға, мерекелік құттықтауларға ең тамаша десертке айналды. Қалтаға қонымды, жүрекке жақын бұл торттар нағыз тәтті трендке айналған. Бенто-торттардың отаны – Оңтүстік Корея. Ал «Бенто» сөзі жапон тілінде «қораптағы тамақ», яғни ланч-бокс деген мағынаны білдіреді. Кейіннен кондитерлер осы идеяны десертке бейімдеп, көлемі шағын, жеке қорапшада ұсынылатын торт түрін жасап шығарды. Дәл осы ұғым шағын десертке шабыт беріп, нәтижесінде салмағы шамамен 500 грамм, диаметрі 10-12 сантиметр және биіктігі 6-8 сантиметр болатын миниатюралық тәтті дүниеге келді. Бұл тренд тез арада бүкіл әлемге тарап, қазірдің өзінде мерекелік кештердің сәніне айналып үлгерген. Кішкентай ғана бенто-торттың ерекшелігі – оның ықшамдығында және сыртындағы жазулары мен суреттері арқылы эмоция жеткізе алуында. Сондықтан да мұндай торттар әсіресе жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болды.
Заманауи кондитерлік өнер – дәм ғана емес, көркемдік пен креативтің қосындысы. Ал бүгінгі күні бұл сала нағыз шығармашылық пен талғамды талап ететін өнер түріне айналды. Әсіресе, өз ісіне жанын беріп, сапа мен табиғилықты ұштастыра білген кондитерлердің еңбегі арқылы тәттіден нағыз шедеврлер дүниеге келуде. Осындай дарынды кондитерлердің бірі – Тілеулес Жанболатқызы. Ол бірнеше жылдан бері кондитерлікпен айналысып, өзінің ерекше қолтаңбасы бар бенто-торттарымен танылып келеді. Осы орайда біз Тілеулес Жанболатқызымен тілдесіп, оның кәсібі мен шабыт көзі жайлы сұхбаттастық.
– Сіз кондитерлікке қалай келдіңіз? Бұл салаға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
– Кішкентай кезімнен тәттіге ерекше әуестігім болды, сол себепті торттар мен оның жасалуына деген қызығушылығым бала кезімнен бастау алған. Студент шағымда жатақханада отырып, «YouTube»-тағы ресейлік кондитерлердің бейнероликтерін тамашалап, «шіркін, осындай құрал-жабдығым болса ғой, мен де сондай әдемі торттар пісірсем» деп жиі қиялдайтынмын. 2020 жылғы карантин көп адамға жаңа қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді, мен үшін де солай болды. Әуелде бұл іспен кәсіби түрде айналысамын деп ойламап едім, бірақ уақыт өте түрлі идеялар келіп, жасаған торттарым адамдардың жүрегінен өз орнын таба бастады.
– Неліктен дәл бенто-торттар мен табиғи өнімдерге мән бересіз?Тәттілеріңізде қандай табиғи ингредиенттер қолданасыз?

–Қазір түнгі 12-де құттықтау қалыпты үрдіске айналды. Мұндай сәтте көпшілік үлкен тортқа артық шығындалудан гөрі, ықшам әрі сәнді бенто-тортты таңдағанды құп көреді. Бұл формат бағасының қолжетімділігімен де, тапсырыс беруге, жеткізуге және ұсынуға ыңғайлылығымен де ерекшеленеді. Бенто-торттың тағы бір артықшылығы кез келген тілек пен дизайнды оңай қосуға болады. Дегенмен, мен үшін ең маңыздысы – өнімнің сапасы мен табиғилығы. Қазіргі экологиялық жағдайдың өзі алаңдатарлық, ал адамдардың көпшілігі күнделікті тұтынатын тағамның құрамына онша мән бермей жатады. «Ауру астан» демекші, әр адам өз денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауы керек деп есептеймін. Сол себепті мен әрдайым тәттілерімде мүмкіндігінше табиғи әрі сапалы ингредиенттерді ғана қолдануға тырысамын. Бұл өзіме, тұтынушыларға және кәсібіме деген құрметімнің белгісі.Сол себепті мен әр тапсырысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, ұялмай ұсынуға болатын табиғи өнім жасауға тырысамын. Тұтынушы сенімін ақтау үшін сапаға ерекше мән беремін. Осы жолда, ең алдымен, табиғи әрі қауіпсіз ингредиенттерді қолдануға күш саламын. Әр тәттім адамдарға тек қуаныш емес, денсаулыққа да пайдасын тигізсе екен деймін.
–Ерекше есте қалған тапсырыс бар ма?
–Әр тапсырыс мен үшін ерекше, әрқайсысы өз алдына бір бөлек оқиға. Әсіресе, той торттарына көп уақыт пен қосымша еңбекті талап етеді. Мұндай торттарды әзірлеу тек дәм жасап беру ғана емес, тұтас шығармашылық пен жауапкершілікті қажет етеді. Олардың безендірілуіне, сапасына, жеткізілуіне дейінгі әрбір кезеңіне аса мән беремін. Алып торттарды тапсырыс берушінің үйіне немесе мейрамханаға жеткізу кезінде түрлі қызық оқиғалар болып жатады. Кейде күтпеген кедергілер туындап, соны сәтті еңсергенде ерекше әсер аламын. Осы сәттер мен үшін кәсібімнің ең қызықты әрі ұмытылмас бөліктерінің бірі.
–Бенто-торттарға сұраныс қандай? Осы форматта қандай трендтер байқайсыз?
–Соңғы уақытта бенто-торттарға сұраныс айтарлықтай артты. Көпшілік үлкен тортты мерекеге алып, кейін оның біраз бөлігі ысырап болып қалатынын жиі айтады. Ал бенто-торт ең қолайлы, ықшам, көркем әрі тапсырыс берушінің талғамына сай жасалады. Бұл торттың тағы бір ерекшелігі – кез келген адам өзіне керекті көлемді ғана алады, әрі әр бенто-тортта ерекше тілектер, есімдер, көңіл-күйге сай жазулар жазылады. Жалпы кез келген десерттің шағын, жеке адамға арналған миниатюралық түрлері трендке айналып келеді. Яғни, минимализм мен даралықты ұнататындар үшін бенто-торттар нағыз заманауи тәтті.
–Тапсырыс берушілердің ең жиі қоятын тілектері қандай?
–Қазіргі тапсырыс берушілер ең алдымен торттың сыртқы көрінісіне, яғни безендірілуі мен эстетикасына ерекше мән береді. Көп адам үшін торт – тәтті ғана емес, фотоға әдемі түсетін, көңіл-күй мен сәтті айшықтайтын ерекше деталь. Сол себепті, тапсырыс берушілер безендіру сапасы үшін бағасы сәл жоғары болса да төлеуге дайын. Әрине, дәмі де аса маңызды, бірақ менің тәжірибемде алғашқы әсерді дәл сол сыртқы көрініс береді. Әр торттың ұқыптылығы, тазалығы және әсемдігі бірінші орында тұруы керек деп санаймын. Осы ұстаныммен әр тәтті туындымды ұсынудамын.
–Болашақта өз брендіңізді қалай елестетесіз? Қандай биік мақсаттар бар?
– Алдағы уақытта өзімнің жеке брендімді қалыптастырып, үлкен кондитерлік цех ашуды армандаймын. Бұл менің көптен бергі мақсатым әрі ең басты армандарымның бірі. Мен үшін кондитерлік өнім жасаудағы ең маңызды қағида – өз ісіңді шын жүректен сүю. Істеген ісіңе махаббатпен кіріссең, артық сағат жұмыс істеу де, шаршау да білінбейді. Қолтаңбам деп айта алатын ерекше туындыларым да бар. Соңғы уақытта тапсырыс берушілер арасында бенто-торттар мен шоколадқа батырылған құлпынай десерттері өте танымал. Десе де, маған ең ұнайтыны тақырыптық, ерекше безендірілген торттар әзірлеу. Болашақта өз брендімді адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлайтын, сапалы өнім мен ерекше қызмет көрсететін атаулы бренд ретінде елестетемін. Әр тапсырыс тек тәтті емес, көңіл-күй сыйлайтын естелікке айналса екен деймін. Мақсатым – Қазақстанда ғана емес, шетелде де танылып, ұлттық ерекшелігімізді паш ету. Өндіріс ауқымын кеңейтіп, кәсібіне ынтасы бар жастарға үлгі, шабыт беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу менің болашаққа деген басты арманым.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!