Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Береке кеткен жерде бақ болмайды

20.02.2024

676 0

Сурет:kazgazeta

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай пәлсапасындағы толық адам идеясын үнемі айтып келеді.
Шынында, Абай ойының кейбір тұсы біздің заманға да дөп келетін секілді. Шен мен шекпен, атаққұмарлық, жылтыраған жылы сөзге елітіп, мақтаншақтыққа бой үйретіп барамыз. Қоғамның осындай бойкүйездігіне мойынсұнсақ, ертең бізден өнеге алар ұрпақ «ұяда не көрсе ұшқанда соны іледінің» кейпіне түспей ме? Арзан атақ пен мансапқұмарлық кімге опа берер дейсің? Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан ордень, медальдарды сату жайлы жазба кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Сол жайдан көбіміз хабардармыз. Бірақ селт етпейміз. Себебі жалған мақтаншылық бізге жабысқан дерт секілді санамызды улап тастағандай. Сырты бүтін, іші түтін болып алған медаль кімге керек? Жалпы жалған нәрсенің абырой әкелгені бар ма? Ішкі жан дүниең рахаттанып, кеудеңді мақтаныш кернеп, таза маңдай теріңмен алмаған атақ пен даңқ ешқашан мерейіңді өсірмейді. Ол рухыңды күйретеді, бойыңдағы серпін мен күш-қайратыңды, жігеріңді жасытады.
Абай ұлттық мінез мәселесіне екі тұрғыда көңіл бөлген. Біріншісі – ұлттық қасиетті дәріптеу. Екіншісі – отаршылдық заманда қазақ қоғамына жүргізілген идеологияның салдарынан туындап отырған мәселе мінез түрлері. Атап айтсақ, жағымпаздық, намыссыздық, мансапқорлық, даңғойлық, екіжүзділік, парақорлық, атаққұмарлық, жеңілтектік және тағы басқалары. Осы мінез түрлері қоғамға орнығып, күш алып кетсе ел мәдениетінің әлсіреп, түбінде жойылатындығын айтқан.
– Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы.
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Ойшылдың ұғымынша, қоғамдық санаға, көңіл-күйге әсер ететін жекелеген адамдардың түсінігі, ой өрісі, іс-әрекеті. Қоғам уақыттың, тарих пен болашақтың талабынан тысқары, айналып өтпейді. Қоғам алдында қабілетті, зерек, ақылды әрі білімді, ерік-жігері мол, табанды адамдар жүретін болса қоғамдық санада жаңа өзгеріс пайда болмақ.
– Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Абай ұлттың мінезін бұзып, қоғамның тұтастығын жоятын адамзат бойындағы жалған, алдамшы әрекет жайлы көп айтқан. Абайдың ұғымында ел мүддесіне қызмет ететін адамның болмысы мемлекет пен халықтың, тарих пен келер уақыттың арасында рухани көпір болуға тиіс. Халықтың сенімінен шығатын зиялылар арқылы қоғамға жақсы тәрбие мен бағыт берілсе, қоғамның мінезі ұлттық сипатқа ие болмақ. Би, шешен, ақын, жырау, батыр, бай адам болсын ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы керек. Бір-бірінің сөзіне келіспей, бас-басына билік құрып, әркім әр жаққа тартса, «Аққу, шортан һәм шаян» деген мысалдағы бассыздыққа тап болып, ел ішінен береке кетеді. Береке кеткен жерде бақ та, дәулет те, игілік те болмайды. Алға басқан қадамың кері кетеді.
Ұлттық мінезге қатысты Абай өзінің отыз тоғызыншы қара өзінде былай деп жазады: «Біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алды. Осы күнгілер өзге мінезге өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Елдіктен кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінез қайсы десең, әуелі ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қон болса, дау-жанжал болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Екіншісі – намысқой келеді екен. Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық».
Абайдың айтуы бойынша, ұлттық мінез ұлттық болмыстың, оның мәдениетінің түп тамыры, қоғамның беріктігін сақтап отыратын негізгі қасиет. Қоғам қаншалықты дами берсін, өркениет жолына ерте түскен мемлекеттің өзі үнемі тұрақтылыққа, бірқалыпты дамуға көңіл бөліп отырады. Қоғамдық дамудағы тұрақтылық мәдени үрдіске келіп тіреледі.
Абайдың идеясы өміршең. Ол бүгінгі болмысымызға да, болашақ ұрпаққа да ауадай қажет. Жас буынның тәрбиесі Абай тәлімінен алыстап кетті. Бұрын жас кезімізден Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жаттау әр адамның борышындай сезілетін. Данадан алшақтаған сайын оның берген ғибратын бойға сіңіре алмаймыз. Оны түсініп, бойға сіңірсек, ұлттың ұранына айналса, көп күрделі мәселенің түйіні шешілер еді. Әлем халықтарын сусындатып жатқан маржан дүниеден өз ұлтымыздың ұл-қыздарының кейбіреуі бейхабар десек шындыққа жанасады. Ал тілі орысша шыққандар, орысша ойлайтындар құндылықтың тереңіне бойлайды деп айта алмаймыз. Сондықтан Абайдың рухани әлемін меңгеру үшін ана тілімізді терең білу керек. Сонда ғана дананың ғибратын яғни түрлі мінез кеселінен қалай құтылу жолын дәл табасың. Табасың да өз-өзіңе есеп беріп, жаман қасиеттеріңді көруге көкірек көзің ашылады. Міне, Абай ұлылығы осында жатыр. Ұлт мақтанышы Абайдың идеясы әлем ойшылдарының идеяларынан кем түспейді, солармен астасып жатыр. Тап қазіргі қоғамдағы шиеленістерде Абай пайымындағы ұлылық пен тереңдікке сүйенген жөн. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, қазақтың данышпаны жылатып айтқан. Абай философиясы ойыңды тұңғиыққа жетелегенмен, ұлтымызды ізгілікке, адами қасиеттерге баулитын үміттің жарық сәулесі.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: