Сейсенбі, 25 наурыз, 16:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№21,2134
23.03.2025
PDF мұрағаты

Береке мен бірлік бар бұл ауылда

23.03.2025

402 0

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда, – деп Ақсуат ауылының орталық алаңында шырқалып тұрған керемет ән көңілге қуаныш ұялатады. Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғындары Наурыз мерекесін көтеріңкі көңіл, жарқын жүзбен қарсы  алды.  Ауылдағы Наурыз той ерекше болатыны анық қой. Осы мақсатта Ақсуат ауылдық округінің Наурыз мерекесіне куә болдық. Орталық алаңға жиналған қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтап жатты. Тойға келген халықтың қарасы қалың. Жүздерінен шаттықтың лебі сезіледі. Себебі Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесінің қашанда орны бөлек.

«Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шара ұлттық киім киген ауыл тұрғындарының шеруімен басталды. Одан кейін түйе бастаған топты атқа мінген жастар жалғаған әдемі көрініс бүгінгі тойды тартымды ете түсті.

Ауылдағы Наурыз тойға қонақ болып келген қала әкімінің орынба­сары Дархан Тұрсынбаев тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ал Ақсуат ауылдық округінің қоғамдық кеңес төрағасы Өмірсерік Әбуов Наурыз тойдың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып өтті.

 – Наурыз мерекесі жаңа жыл басы ретінде жаңғыра түсіп, хал­қы­мызбен бірге жасауда. Бұл күн­нің мақсаты халықты ізгілікке, ұйым­шылдыққа, татулыққа, бірлікке шақыру. Наурыз – тоқшылық күні. Бұл күні қазан оттан түспейді. Әр үй наурыз көже істейді. Шама-шарқы жеткенше ауыл халқы да Наурыз тойға үлес қосады. Ауылда мәдениет үйі, балабақша, емхана, мектеп, әкімдік сияқты мекемелер халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Жер бусанып, көк шығып, тіршілік қайта түлейтін көктемнің шуақты сәті, молшылықты, жақсылықты, дәріптейтін мерекені қуана қарсы алып жатырмыз, – дейді ол.

Мереке күрес, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, көкпар ойыны секілді спорттық ойындармен жалғасты. Ал алтыбақан аясына жи­налған жастар мерекенің шырайын келтіре түскендей. Мерекедегі жүрекке жылу сыйлаған көріністер ақсуаттықтардың бірлігі жарасып, берекесі артқан ауыл екенін дәлелдей түскендей.

 – Бақ пен берекенің, ырыс пен құттың бастауы болған Наурыз мерекесі құтты болсын. Ауыл халқы бір-бірімен көрісіп, жағдай сұрасып, мерекені тамашалап керемет көңіл күйде жүрміз. Көп­шілікке бауырсақ пен наурыз көже ұсынылды. Ұлыс күні елімізге құт-береке әкелсін, – дейді ауыл тұрғыны Маржан Айтбаева.

Ұлттық құндылықты насихаттаған жәрмеңке

Бұл күні ауыл кәсіпкерлері ұсынған ұлттық бұйымдардан жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда  ұлттық тағамдар және қолдан жасалған түрлі бұйымдар қойылған. Жәрмеңкенің басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау. Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Лаура Абдибекова қолөнер бұйымдарын көрмеге қойыпты

– Жәрмеңкеге үлесімізді қосу мақсатында қолөнер бұйымдарын әкелдім. Мұндағы мақсатым мерекеге жиналған жұртшылық ұлттық нақышта киілген киімдерді көріп, ұлттық тағамдардан дәм татсын дедік. Ауыл тұрғындары кәсібімізге қолдау көрсетуде. Мұның өзі елдің бірлігін көрсетеді. Балаларға ұлттық киімді арнайы тапсырыспен де тігемін. Әсіресе, осы мереке кезінде көп тапсырыс түседі. Соңғы уақытта ұлттық киімдерге сұраныс артып келеді, – дейді жеке кәсіпкер Лаура Абдибекова.

Ұлттық қолөнер мен қазақы тағамдарымыз ұмыт қалмауы тиіс. Бүгінгі шарада жәрмеңкенің ұйымдастырылуы да осыны мақсат еткендей. Оларға қызығушылық танытып, бағасын сұраған азаматтардың қарасы да көп.

Дастарханың мол болсын 

Жыл басы Наурыз мейрамы жақындағанда әрбір жан келер жылдан тоқшылық пен ырыс күтеді. Сол үшінде соның жоралғысы ретінде дастарханды толтырып, ұлттық тағам әзірлейді. Бүгінгі тойдың басты тағамы да  – Наурыз көже.  Ауылдың үлкен-кішісі наурыз көжеден дәм татты. Гүлжанат Боздақбаева пен Ақжан Молдашова бастаған ауыл келіндері наурыз көжені дәмді етіп пісіріпті.

«Бұл біз үшін жылдағы қалып­тасқан дәстүр. Ұлыстың ұлы күні қазанымыз оттан түспейді. Келген қонақ наурыз көже ішеді» , –дейді олар.

 Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киеге, қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды 7 түрлі дәмнен жасап, «құт-береке болсын» деп ниет етеді. Әлбетте, наурыз көжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды.

– Көбіне сүрленген жылқы етін қосқан дұрыс. Қазы-қарта, жал-жая да пайдалы. Сүр ет тоқтық береді, майлы ет жылулық береді. Сондай-ақ  ұлттық астың құрамына міндетті түрде дән қосқан дұрыс. Мұндағы ниет «бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын» деген тілектен шыққан. Ал көженің басты тағамы ретінде сүтті міндетті түрде қосамыз. «Сүттей ұйып, бірлікте болайық», «Ақ мол болсын» деген ниеттің дәлелі. Сондай-ақ құрт қосуға да болады.  Кез келген тағамның дәмін келтіретін тұз себіледі, – деді Гүлжанат Боздақбаева.

Батаменен ел көгерер

Қазақ дастарханы халықтың кең пейіліне ұқсайды. «Дастарханың мол болсын, ниеттерің ақ болсын!» деп келетін бата да халқымыздың ақ көңілінен туса керек. Олай болса біз де бүгінгі торқалы тойда бата алуды ұмытпадық. 

– Жыл басын, ізгілік пен мейірімділіктің, береке мен бірліктің мерекесін ауыл халқы ерекше көңіл күймен, ықыласпен қарсы алады.  Біздің отбасымыз үшін де Наурыз мерекесі жақсылықтың белгісі. Әр күнді ерекше атап өтеміз. Ұлттық киім киіп, жастарға осы мерекені ұлықтауды мақсат етіп келеміз,  – дейді ауыл ақсақалы Қойшығұл Ержүсінов.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: