Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бетінде мін жоқ, ішінде дым жоқ

30.01.2024

452 0

Сурет: kazbilim

Осындайда «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап…» деген Абай дананың мысқыл үлгісінде жазылған өлеңі ойға оралады. Шынында, қазір кітап шығарып, жазушы атанудан алдымызға жан салмай тұрмыз. Кезінде құндылықтың шырқау шыңына баланған, мұқабасы қарапайым дүниеден өзіміздің жан дүниемізді рухани нәрлендіріп, ерекше ләззат алатынбыз. Оны достармен талқыға салып, кей тұсын қойын дәптерімізге түртіп қоятынбыз. Қадыр Мырзалиевтің, Мұхтар Шахановтың, Фариза Оңғарсынованың, Күләш Ахметованың өлеңдерін жаттап, жиын-тойда жарыса айтатын едік. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітаптары қолдан-қолға тимей, мұқабасы тозатын. Қазір кітаптың мұқабасы тозбақ түгілі, парағы ашылмайды десек қателеспейтін шығармыз.

Бүгінде кітап жазу бәсекеге айналып, өз әулетінің немесе жеке адамның отбасылық өмірін паш ететін кітапқа сөреміз толып үлгерді. Мерейтойға арналып жасалған кітаптың жартысынан көбі сурет, ішінде тәрбиелік дүние жоқтың қасы. Ал психологтардың жарнамасы жер жаратын кітабы заңғар жазушы мен классик тұлғаның кітабын шетке ысырып тастауда. Қазір көпшілік қалай баюдың, жетістікке жетудің қырсыры жайлы арзанқол дүниеге құмартып барады.

Өзін жазушы санайтын кейбіреулер өмірбаян төңірегінде бірнеше кітап жазып, жазушылар одағына мүшелікке өтуге күш салып жатады. Бүгінде әнші, биші, эстрада жұлдыздары да жазушы болғысы келіп, кітап шығарып жатады. Оны өздері жазса жақсы ғой. Қатеден көз сүрінеді. Оның авторы өзге кісі. Ал ішіндегі пунктуациялық, синтаксистік қатеден көз сүрінеді.

Бірақ дизайнына көп күш жұмсағаны көрініп-ақ тұрады. Сондай бір дүниені қолыма алып, ерінбей парақтап шықтым. Бар болғаны 200-250 бет қана кітаптың жартысын автор отбасылық сурет пен той-жиында бас қосқан жора-жолдастарының суретімен толтырып, қалай ержеткені, қайда оқығаны, кімдермен сыйласқаны түгел қамтылған. Сонымен кітап тәмәм

Бойды кернеген бұла жазушылық талант болса, өміріндегі елеулі сәтті неге қағаз бетіне түсірмеске? Сонда риза болып, тұщынып оқып, мейірің қанып шығады. Тіпті қазақтың танымал әншісі Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова да кітап шығарып тастады. Бұл бәсекелестік пе, әлде даңқыңды асыру ма? Міне, қызық!

Әдебиет деген – дерт. Бойында таланты бар адам жазбай тұра алмайды. Оның кітап болып шығу-шықпауы екінші мәселе. Ал жаппай кітап жазғыштар, соңғы кездегі кітапсымақтар ағайындарына, туыс-туғандарына «мен де кітап жазамын, кітабым бар» деп мақтану үшін ғана шығарып жүргені рас.

Орайы келгенде мына оқиғаны жаза кетейін. Кітап шығарудан алдына жан салмайтын сыйласып жүрген үлкен кісі бар. «Мына кітапты баспаға дайындап жүр едім. Көріп, қатесі болса жөндеп берерсің» деп өтініш айтты. Ақпейіл ағаның меселін қайтармайын деп «жарайды, аға, көрейін» деп келісе кеттім. Бір күні қолым бостау кезде әлгіні қарасам, орфографиялық қатені былай қойғанда сөздегі әріп қатесі, тыныс белгі қатесін былай қойғанда, сөйлемнің байланысуы, көркемдігі сын көтермейді. Кітап екі адамның монологынан құрылып, ауызекі сөйлеу тілімен жазылған. Шынын айтқанда, кітапты өзім қайта жазып шыққандай қиналғаным бар. Одан оқырманның қажетіне жарайтын, өміріне азық етер түк таппайсыз.

Бір көңіл жықпас ұстаз апайымыз бар еді. Сол кісі де аяқ астынан кітап жазатын болды. Құдайға шүкір, қаржы жеткілікті, балалары бизнесмен. Ойлаған дүниесі тез жарыққа шықты. Бір данасы қолыма тиді. Қарап соңғы бетіне келгенде арнау өлеңге көзім түсті. Ұзын сонар шұбыртпалы ұйқаспен өзінің туған келінін жамандап жазғанын оқып, аза бойым қаза болды. Ашуланған кезде өлең кітапқа шығып кеткен. Кейін сол кісі өз әрекетіне өкініп, кітап қолына тиген туыстарына соңғы парағын жыртып тастауды өтініп жүргені есімде. Міне, қараңызшы, кітап дегенің көз алдыңда арзан дүние болып, әркімнің қолжаулығына айналғаны жаныңа батады.

Бұрын ше? Аға буын өкілдерінің айтуынша, кеңес үкіметі тұсында поэзия 30 мың, проза 60 мың, тіпті «Көшпенділер» 100 мың данамен шыққан. Кітапхана аралап жүріп, бұл санның растығына өзіміздің де көзіміз жетті. Ол уақытта «Жазушы», «Қайнар», «Қазақстан», «Мектеп» сынды бар-жоғы бес-алты баспа қызмет жасаса да, есесіне електен өткен сапалы дүниелер басылып шығушы еді. Ал бүгінде не көп, жеке баспахана, кітап та, автор да көп.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын:

– Зейнетке шыққан, таланты бар, бірақ кітап жазуға қолы тимеген ағайындар да көбейіп кетті. Әрине, отбасына, әулетіне естелік ретінде қалдыруға болады. Бірақ көркем әдебиет ретінде ұсынуға болмайды. Және 5-6 кітап жазып тастап, мені жазушылар одағына мүшелікке ал деп қинайтындар бар.

Рауан Аманова, студент:

– Біздің қазаққа біреудің өмірі, жеке бастың әңгімесі қызық. Баян Мақсатқызы, Ләйлә Сұлтанқызы, Айнұр Тұрсынбаевадай өнер жұлдыздарының бір кітабын да оқып көрмедім. Бір-екі әңгімесін тыңдадым, маған аса қызық емес. Жалпы бізді мақтаншылық сана билеп бара ма деп ойлаймын. Иә, шынында, бүгінде қаптаған кітап та, белсенді жазушы да көп. Бірақ оқырман аз. Себебі саңырауқұлақтай қаптаған саны бар да, сапасы жоқ кітап оқырманның жүрегіне жол таппайды. Кей кітаптың бетінде мін жоқ, ішінде дым жоқ. Міне, кілтипан осында.

Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: