Бір ғұмырың жетсін, мейлі, жетпесін,
Өкінесің уақыт сырғып өткесін.
Маған дейін қоя алмаған ешкім де,
Мен де уақыттың қоя алмаймын нүктесін.
Армандарың шарлай берсін көк төсін,
Өте алмасың сезді де арғы бетке шын.
Жарығының азайғанын сезгендер,
Өмірінің ерте қойды нүктесін.
Бұл – жасындай жыр өлеңнің жалынына жан дүниесін жылытқан нөсердей жауып, найзағайдай жарқылдаған дүлдүл ақын Ибрагим Исаевтың өлеңі. Өзі жырлағандай, ел жүрегін жырмен тербеген талантты ақын өмірінің нүктесін 65 жасында қойды да, бақиға аттана берді. Алайда ақиық ақынның 700-ге тарта өлеңі бар. Өнер жұлдыздарынан Жеңіс Сейдоллаұлы «Сенен жасыра алмадым», «Туған күніңмен» әнін, Жеңіс Ысқақова «Әнші бақыты», «Шоқ қыздар», «Сыр сұлуы» әнін, Сәкен Қалымов «Ән аға», «Достар», «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін үлкен сахналарда шырқап, елдің алғысын алуда. Осылайша оның мәңгілік өмірі әсем әнмен шарықтап, өмірден өткенмен жырлары талай жүректегі сезімді, махаббатты, туған жерге, бауырға деген құштарлықты оятып, жаураған сезімнің шырайын кіргізді. «Биязы жырдың бағбаны» деп баға берген ақын-публицист Өтеген Оралбайұлы өз естелігінде «Ибрагимнің сөзіне жазылған әндердің бәрі дерлік көркемдікке, образға, ой мен сезімге бай болып келеді. Әнге сөз жазудың мәдениетін жақсы меңгерген он ақын болса, ол сол ондыққа ұялмай кіре алатын қаламгер. Оның «Шәмші ағасының» өзі неге тұрады. Сөзі де, сазы да (Қалдыбек Құрманәліні айтып отырмын), айтушысы да (Сәкен Қалымовты айтып отырмын) келіскен көркем дүние, көшелі шығарма. Шәмшінің адами-шығармашылық портретін сомдаған бұл жырды талантқа тағзымның озық көрінісі, рухани реквием деп бағалау ләзім. Бәріміз де Шәмшінің әндерін жақсы көреміз, айтамыз, тыңдаймыз, сонда жанымыз жазғы жаңбырдың суынан тазарғандай болады. Композиторға қойылған елеулі ескерткіштің бірі осы ән десек, оқырман олқысынбас. Дарынға дұға дерлік дәргейлі туынды» деген екен.
Өмірін өлеңмен өрнектеген ақын Ибрагим Исаев Сырдария ауданы, Жетікөл ауылында өмірге келген. Өткен апта өзінің сыршыл перзентін Сыр елі де ерекше ұлықтап еске алды. Қазақ поэзиясының шебері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақтың қабырғалы ақыны Ибрагим Исаевты еске алуға арналған «Есімің сенің мәңгілік» атты мәдени іс-шара қалаға қарасты Жақыпбек Маханбетов ауылында дүркіреп өтті.

Ұлттық рухтың тереңіне бойлаған, тек жан-жүрегімен халқын ойлаған ақынның жыр ғұмыры туған жерге, елге деген махаббаттан, шынайы сезім мен өмірге құштарлықтан құралған. Ақын ғана емес, азаматтық бейнесіне қылау түспеген жанның қаумалаған халқы, дос-жараны, шығармашылық бейнесін құрмет тұтқан жанашырлары, туындыларын құмарта оқитын оқырмандары көп болды. Міне, өршіл ақынның асыл арманы да осы болатын. Яғни жанкештілікпен жазған өшпес мұрасының елмен қауышуы еді.
Бүгінгі еске алу шарасы – оның рухына тағзым, шығармашылығына құрмет, артында қалған асыл мұрасын болашаққа аманаттау. Мұра мәйегін дәуір көгінен даралаған, ұрпақ болашағына рухани дем берген, қазына қайнарын ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткізген, жыр болмысын өмір мәйегіне айналдырған Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында ұйымдастырылған еске алу кеші ақын өмірінен сыр шертетін бейнебаянмен басталды.
Іс-шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов шаһардың ғасырлық мерейтойымен қатар келген бұл мәдени-рухани кештің мәні мен маңызына тоқталып, Алаштан ат оздырған ардақты ақынның өшпес мұрасы ел жадында жаңғыра беретінін айтты.

Сонымен қатар шара аясында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ауылдың бірқатар азаматтарына Алғыс хат табысталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, қоғам қайраткері, еңбек ардагері, ақынның досы Ибрагим Әбибуллаев сөз сөйлеп, ақынның азаматтық болмысын, шығармашылық әлеуетін тілге тиек етті.
Ақын Қазыбек Иса өзінің «Үш Исаев немесе Ибрагим көке» атты өлеңін оқыса, ақынның досы Ибрагим Әбибуллаев «Елге сәлем» өлеңін жатқа оқыды.
Астанада бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым, келем деді дегейсің.
Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің.
Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің…
Қаншама адамның жүрегін баураған алатаудай ақынның соңғы өлеңі жазылғанмен, аты тарихта қалды.
Ей, соңғы өлең, мен өмірге бір келем.
Жолдарымда бірге жүрдің жүрмеген,
Көз ілмеген күндеріме куәсің,
Сезімдерім сен арқылы гүлдеген.
Сен арқылы сездім уақыт қымбатын,
Ауа болдың, бақыт болдың бір татым.
Сен арқылы абырой да таптым мен,
Сен арқылы ел есінде қалды атым.
Өзі жырлағандай, Ибрагим Исаевтың есімі өміршең туындысымен ел есінде қалды. Алаштың анасы атанған Сырдың жағасында бірлігі жарасқан, берекелі тіршіліктің мекені Ақсуат ауылдық округінде төл өнерімізді ту еткен ақын Ибрагим Исаевтың өміршең туындыларын қазақ өнерінің қайталанбас дарындары Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Сәкен Қалымов, Рүстембек Нұржігіт орындап, ауыл жұртшылығына мәдени-рухани азық сыйлады.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!