Сейсенбі, 12 тамыз, 11:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60,2173
12.08.2025
PDF мұрағаты

Биле, жастар, биле!

12.08.2025

48 0

Сырбойылық жастар халықаралық жастар күнін ерекше атап өтуде. Қала орталығында өткен заманауи би сайысы жас таланттардың басын қосып қана қоймай, көрерменге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жүлде қоры 300 000 теңгені құраған байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар топтық би билесе, екінші кезеңде сахна төрінде нағыз өнер додасы – өзара батл өтті. Бұл сәтте сахна қызу қимылдың, ырғақ пен әуеннің алаңына айналды. Қатысушылар әр қимылын музыкамен үйлестіріп, шеберлігін паш етті.

Іс-шараның ашылу салтанатында «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.

– Бүгінгі сайысқа қатысушыларға  сәттілік тілеймін. Жастар әрқашанда жан-жақты, ізденімпаз әрі талантты болуы қажет. Міне, бүгін сіздер бұл сөздің айқын дәлелісіздер. Өнерге деген құрмет әрқашанда шексіз болуы тиіс. Жастар күні құтты болсын! – деді ол.

Биле, жастар, биле!

  Жарыстың алғашқы сәтінен-ақ жастардың сахнаға ерекше дайындықпен келгені байқалды. Байқау  түрлі би жанрында өтті: ырғақты хип-хоп, қимылы ширақ break dance, және жастар арасында кең таралған Q-pop стиліндегі би  көрерменді тәнті етті.

Орталық алаң күндегіден ерекше. Халықтың өнерге деген ықыласы қатысушыларға дем бергендей.

– Жас таланттарға әрдайым қолдау білдіріп келе жатқан «Qosyl» жастар ресурстық орталығына алғысым шексіз. Бұл алаңға тек нағыз өнерлі жастар жиналған. Әрқайсысы мықты, сахнада өзін еркін ұстайды. Бүгінгі атмосфераны сөзбен айтып жеткізе алмаймын, көрерменнің ыстық лебізі бізді шабыттандырды, – деді байқау қатысушысы Ақниет Нәсіпбекова.

– Өзім би өнерінің жанкүйерімін. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдас­тырылған. Барлық қатысушы та­лантты әрі ерекше. Әр бидің  өз шығу тарихы бар. Алдағы уақытта осындай байқаулар жиі ұйымдастырылса деймін, – дейді қала тұрғыны Сейдан Сабина.

Сайыс барысында бірнеше есте қаларлық сәт болды. Мәселен, бір топ бишілер сахнаға ұлттық нақыштағы оюмен өрнектелген киім­мен шығып, заманауи биді қазақтың дәстүрлі қимылдарымен үйлестіріп орындаса, екінші топ Q-pop стилінде биледі. Бұл көрініс көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал батл кезеңінде қарсыластардың бір-біріне жауап ретінде ойлап тапқан би қимылдары көрермендерді тамсандыра түсті.

Іс-шара соңында жеңімпаздар марапатталды. Осылайша, жастар күні аясында өткен заманауи би сайысы қызылордалық жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашты.

Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: