Дертіне дауа іздеген әр науқастың еміне шипа болып, ауруынан айығуына сеп болатын дәрігерлерге құрмет қашанда жоғары. Медицина саласының білікті маманы, өз ісінің үздігі болған маманның бірі – №3 қалалық емханасында қызмет ететін хирург, онколог-маммолог дәрігер Ысқақов Бақыт Сейдуллаұлы.
Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген Бақыт Сейдуллаұлы дәрігер болуды бала кезден армандапты. Арманына адал кейіпкеріміз мектеп бітірген соң Шымкент медициналық колледжіне сандфельдшер бөліміне оқуға түседі. Кейін С.Д.Асфендияров атындағы ҚазГМУ-да білім алады. Одан әрі хирургия саласы бойынша білімін жетілдіреді.
Кейіпкеріміз еңбек жолын Байқоңыр қаласындағы санитарлық эпидемиологиялық станциясынан бастаған. Бірқатар уақыт ағарту саласында да еңбек етіп, медицина колледжінде студенттерге сабақ береді. Алайда дәрігер болуға деген құштарлығы оның өз саласына қайта келуіне түрткі болады. Осылайша, медицина саласындағы еңбек жолын Алматы қаласындағы жедел-жәрдем №3 станциясында, кейін туған жерге оралып, қаладағы №5 емханада жалғастырады.
– Дәрігер болу аса жауапты әрі маңызды мамандық. Денсаулық саласында бірнеше жерде қызмет атқарып, тәжірибе жинадым. 2006 жылдан бастап №3 қалалық емханасында хирург, онколог-маммолог дәрігерімін. Емханаға келіп дертіне дауа іздеген науқастың көңілін табу, нақты диагнозын қойып, ем-домын жасау дәрігердің басты міндеті. Ол адам өміріне жауапты тұлға. Мен үшін халықтың ыстық ықыласы, разылығы өте маңызды. Елдің алғысына бөленіп, дертіне дауа тапқан жанның батасынан артық марапат жоқ, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Кейіпкеріміз аса қиын мамандық иесі. Бүгінде Бақыт Сейдуллаұлының көмегін жүгінушілердің қарасы қалың. Оларға дер кезінде көмек беріп, қолдан келгенше ем-дом жасауды дәрігер бәрінен маңызды санайды.
Білікті де білімді, әрі тәжірибесі мол ақ халатты абзал жан атанған емханада хирург, онколог болып істесе, одан бөлек «Intertich» жеке емханасында хирург қызметін, сондай-ақ қалалық жедел жәрдем станциясында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді.
Ұзақ жылдар бойы медицина саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан дәрігердің бойынан жұмысына деген адалдық пен жауапкершіліктен бөлек, мейірімділік, ізгілік, жігерлілік, жанашырлық сынды асыл қасиеттерді көруге болады.
Бір қызығы білікті дәрігер кәсіби біліктілігін арттыруда әрдайым ізденіп, зерттеп-зерделеп, теорияны үнемі тәжірибемен ұштастырып келеді.
Өмірде адамдық қасиет пен ар-ожданын биік ұстаған кейіпкеріміз өз саласында білім мен біліктілікті қатар дамытып, өз ісінің жауапкершілігін сезіне білген маман. Халықтың алғысын арқалаған азамат.
Айдана СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!