Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім беру жүйесін заманауи цифрлық технологияларсыз дамыту мүмкін емес. «UNESCO» және халықаралық білім ұйымының мәліметінше, білім саласын цифрландыру оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, мұғалімдерді оқыту мен білім мазмұнын жетілдіруге жол ашады. «UNESCO» сарапшыларының айтуынша, ЖИ білім саласындағы ең күрделі міндеттерді шешуге, оқыту үрдісін жаңғыртуға ықпал етеді. Осыған орай, дүниежүзінде көп ел білім беру жүйесінде интернетке қолжетімділікті арттыруға, цифрлық құралдарды кеңінен енгізуге, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық беруде.
Қазақстан үшін білім беру саласын цифрландыру – стратегиялық басымдық. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Осы міндетті орындау үшін Қазақстанда 2026 жыл ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық және ЖИ технологиялары Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, білім беру саласына да революциялық өзгерістер енгізеді. Сол себепті елімізде бұл салада жедел реформалар қолға алынып жатыр.
2025 жылы Қазақстанда білім беру саласына енгізілген жаңашылдықтар мен ІТ жобалар бірнеше бағытты қамтыды. Ең алдымен, «OpenAI» компаниясымен әріптестікте білім беру жүйесіне «ChatGPT» технологиясын енгізу басталды. 2025 жылы Қасым‑Жомарт Тоқаев жоғары халықаралық жиында Қазақстанда ChatGPT негізіндегі білім беру құралдарын пилоттық режимде енгізу жобасы іске қосылғанын мәлімдеді. Осы бағытта 2025 жылғы қарашада жасалған келісімге сәйкес, келесі үш жыл ішінде ұстаздарға жыл сайын кемінде 165 мың «ChatGPT Edu» лицензиясы тегін беріледі. «OpenAI» мамандары айтқандай, платформа мұғалімнің уақытын үнемдеп, әкімшілік жүктемесін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігі мен цифрлық даму министрлігі 2025-2029 жылдарға арналған жасанды интеллект енгізу тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжатта білім беру саласында ЖИ қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары (этика, құқық, деректер қауіпсіздігі, академиялық адалдық) алғаш рет бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес мектептер мен колледждерде ЖИ-ға арнайы тақырыптар енгізіліп, цифрлық оқулықтар шығарылады, оқушылардың ЖИ-ға деген сауаттылығы мен жобалық қабілеттерін дамыту қарастырылған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025-2026 оқу жылынан бастап осы екі пәнге жасанды интеллект элементтері енгізілмек. Сондай-ақ осы кезеңде оқушыларға арналған «Day of AI» онлайн-курстары мен мұғалімдерге біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленді. Орта білім саласында ЖИ-ды этикалық және қауіпсіз пайдалану стандарттары бекітілгені де жоғарыдағы жұмыстардың бірі. Бұған қоса, Президент тапсырмасымен «Келешек мектептері» жобасы бойынша жаңа басқару үлгісі енгізілді – осы жылдың қыркүйегінде іске қосылған үш деңгейлі оқыту моделінде 3000-нан астам мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Бұл қадам білім беру саласындағы цифрлық технологияны жақсартады.
Цифрландырудың екінші арнасы ретінде білім мазмұны мен оқыту әдістемесі жаңартылуда. Жаслан Мадиевтың айтуынша, білім саласына ЖИ енгізу – «Қазақстанның ауқымды цифрлық жаңғыру стратегиясының құрамдас бөлігі». Ұсынылып отырған тұжырымдама жастарды технологияны тек қолданушы емес, оны жаңғыртушы болуға үйретуді көздейді. Осы орайда, цифрлық платформа мен мәліметтер базасын дамыту жұмыстары қолға алынды. Министрлік мәліметінше, білім беру ұйымдарына арналған Ұлттық білім беру платформасы жасақталып, электронды күнделік пен журнал деректері «QazTech» платформасында шоғырлануда. Бұл деректер қорын жаңғырту оқушы мен мұғалімнің жұмысына қажет ақпаратты орталықтандыруға және әкімшілік жүктемені азайтуға көмектеседі – мысалы, жасанды интеллект агенттері педагогтардың кеңес-жиналысқа дайындығын автоматтандыра алады.
Әлбетте, мұның барлығы мұғалімнің рөлін алмастыра қоймайды, керісінше, жетілдіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстандағы ЖИ бойынша реформалар елді жаңа технологиялық дәуірге дайындауға бағытталған.
Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжановтың хабарлауынша, 2026-2027 оқу жылында ауыл мектептерінде шағын жинақты мектептер үшін «Qazaq Digital Mektebi» жобасын іске қосу көзделіп отыр, онда ЖИ репетиторлары енгізілмек. Осылайша 2026 жылға қарай 200 мыңнан астам педагог практикалық ЖИ дағдыларын игереді. Сонымен бірге министрлік алдына Ұлттық білім беру платформасын және цифрлық профильдер жүйесін құру міндеті қойылған. Бұл үшін жалпы ұлттық білім дерекқоры заманауи стандарттарға сай жаңғыртылып, «QazTech» бұлтты жүйесінде барлық электронды күнделік пен оқыту платформаларының дерегі шоғырланады. Жобаларды іске қосқанда жасанды интеллект агенттері мұғалімдердің күнделікті жүктемесін азайтуға көмектеседі. Мысалы, пəндік кеңестерге дайындық сияқты әкімшілік рәсімдерді автоматтандырады. Биылғы жылдың бірінші жартысында білім беру саласында ЖИ қолдану бойынша заңнамалық өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобы ұсыныстар дайындап, жаңа жобалардың тиімділігін бағалайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!