Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Білім ошағының құрылысы қарқынды

17.08.2024

340 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Өткен жылдың шілде айында Сырдарияның сол жағалауынан физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың іргетасы қаланған болатын. Құрылыс басындағы жұмыс қарқынын байқап, күннің аптап ыстығына қарамай маңдай терін төгіп жүрген еңбеккерлермен жүздесіп қайттық.

Ат шаптырым аймақты алып жатқан құрылыс алаңында «Промстройсервис Е» серіктестігінің мамандары еңбектенуде. Бірі сыртқы қасбетін қаптап жатса, енді бірі шатырдағы шаруаны реттеуде. Тағы бірі өжіредегі жұмысты ыңғайлап жатыр. Құрылыс басында учаске бастығы Ғани Қалқабаев жұмысты жүйелі жүргізуде.

– Мектеп-интернаттың 300 орындық жатақханасы бар. Білім ошағы 400 орынға арналған. Айналасы көгалдандырылып, ғимараттың алды мына үлкен көшеге қарап тұрады. Сәні мен сәулеті келіскен нысан болғалы тұр. Негізі жоба бойынша біз 2025 жылдың мамыр айында бітуіміз керек болған. Бірақ қазір күшейтілген режимдегі жұмыс кестесіне қарап, жаңа жылға дейін бітіреміз деп отырмыз. Әлбетте, жылдам бітіреміз деп сапаны ұмытып кетпейміз. Басты мақсат – сапалы ғимарат салу, – дейді Ғ.Қалқабаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» деген болатын. Міне, аталған мектеп те осы мақсат пен мүддені үйлестіре отырып, келешек ұрпақтың сапалы біліммен қарулануына зор септігін тигізбек.

 – Өзімнің тікелей жұмысым арқылы ұрпақтың сапалы білім алатын, көзін ашып, көкірегін оятатын осындай заманауи мектептің құрылысын салып жатқанымды мақтан етемін. Мұндай мектеп тек Алматыда ғана бар, бізде екінші болып салынып жатыр. Меніңше, әрбір қызметкер тек жалақы алсам болдым деп емес, ізінен еріп келе жатқан мамандардың да қамын ойлау керек. Қазір учаске бастығы болып жүргенде біздің мекемеде жұмыс істейтін Нұрсұлтан Құдайберген мен Досбол Разақовты дайын маман еттім. Ертең олар менің орнымды баса алады. Біздің мекемеде осы жағын да ескеретін ұстаным бар. Жалақымыз жақсы, көңіл толарлықтай. Ендеше, бізге қалғаны – тек сапалы жұмыс істеу, – дейді учаске бастығы.

Білім ошағының құрылысы қарқынды

Айта кетейік, тәуелсіздік алған осынау жылдар ішінде облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысаны салыныпты. Осы күннің өзінде тозығы жеткен білім ошақтары жаңаша күйге енді. Кей оқу орындарына қосалқы ғимарат салынып, кеңейтілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы да бұл қатардағы нысандарды толықтыруда.

Ел Президенті қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беру керегін айтқан болатын. Біздің бүгінгі нысанамыздағы білім ошағы осы бастаманың бір жемісі болмақ. Ал осы бастамаларды қуаттап, жастардың сапалы білім алуына заманауи ғимарат салу жауапкершілігін мойынға артқан «Промстройсервис Е» серіктестігі тәрізді құрылыс компанияларының да қомақты үлесі бар екенін ұмытпау керек.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: