ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент депутаттары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, сондай-ақ салалық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, өңірлік білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.
Алқа отырысында Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Жаңа Конституция жобасында білім саласының мәні айқындалып, маңызды құндылық ретінде көрініс тапқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы елдегі әрбір балаға арналған әлеуметтік қорғауға қатысты негізгі мемлекеттік шараларды қамтиды.
Әрбір бала үшін тең мүмкіндік
Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді.
– Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Қазақстан балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі, – деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Бүгінде елімізде 6 902 492 бала тұрады, бұл халық санының үштен бірін құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны шамамен 1,5 миллионға артқан.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципін енгізуге бағытталған 10 заң қабылданған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атап айтқандай, 237 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, оның ішінде шамамен 17 мың бала үйде білім алады. Білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.
– Балалардың тамақтануы мен санитариялық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізіліп, өнім сапасы мен санитариялық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілді. Мектепке дейінгі білім беру саласында «Ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру енгізілді. Бұл тетік кезекті екі есеге қысқартуға және 21 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Елімізде 11900 балабақша жұмыс істейді, онда шамамен 1 миллион бала тәрбиеленуде, ал мектепке дейінгі сыныптарда 163 мыңнан астам бала білім алуда, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сапалы білім – жарқын болашақ
Қазіргі таңда білім саласын жаңа деңгейге көтеру бағытындағы жүйелі реформалар іске асуда. Ал 2025 жыл отандық білім саласы үшін «жеңістер жылы» ретінде тарихқа енген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, халықаралық аренада 1720 оқушы бақ сынап, ел қоржынына 1006 медаль салған. Әсіресе, робототехника, химия және физика пәндерінен қазақстандық оқушылар әлемдік деңгейде көш бастап, абсолютті чемпион атанған. Мемлекет басшысының бастамасымен биыл олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне 100 миллион теңгеден астам сыйақы берілген.
Мектеп инфрақұрылымын дамытуда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Жоба аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа мектеп бой көтеріп, олардың техникалық жабдықталу сапасы жоғарылады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық арқылы тәркіленген қаражат есебінен еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлерінде 77 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығын жою – мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды.
Алқа отырысында инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Премьер-министрдің орынбасары ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін барлық жағдай жасалу керектігін ерекше атап өтті. Елімізде қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты жоюға бағытталған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы жүзеге асуда.
Ротациялау ережесі өзгерді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары нәтижесінде еліміздегі мұғалімдердің мәртебесі көтеріле бастады. Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енгенін атап айтты. Бүгінде еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын мәлімдеген. Оның негізгі себебі – мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануы. Соның нәтижесінде мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30%-ға көбейген. Бұл шаралар педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті – бала оқыту мен кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасады. Министрлік алдағы уақытта жас мамандарды қолдау, цифрлық сауаттылықты арттыру және кадрларды даярлаудың озық стандарттарын енгізуді жалғастырады. Педагогтердің құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және оларды өз құзыретіне жатпайтын жұмыстардан босату басты назарда болмақ.
Кейінгі кезде қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – мектеп директорларын тағайындау және атқару мерзімі туралы. Оқу-ағарту министрлігінің алқа отырысында бұл сұрақтың шешімі айтылды. Мектеп директорларының ротациялау ережесі өзгереді. Енді мектеп директорлығы қызметінде алдағы уақытта ауылдық жерге 5 жылдан 5 жылға дейін, ал қалалық жерде 3 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік болады.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!