Білім беру саласында цифрландырудың қарқынды дамуы елімізде жаңа білім беру платформаларын енгізуге мүмкіндік берді.
Оның бірі – «BilimClass» платформасы. Алғашында мұғалімдер жаңа жүйеге көшуге күмәнмен қарады. Көпшілігі бұл өзгерістердің оқу үдерісін жеңілдететініне және тиімді болатынына сенімсіз болды, сондай-ақ жаңа платформаны қолдануға үйрену уақытты алатынын айтты. Алайда уақыт өте келе платформаны қолданушылар оның артықшылықтарын байқап, жүйені қолдану әлдеқайда ыңғайлы әрі тиімді екенін түсінді. Бүгінде «BilimClass» жүйесі мұғалімдер мен оқушылар арасында кеңінен танылып, сабақ барысында маңызды рөл атқаруда.
Әлемдік тәжірибе: Электронды білім беру платформаларының рөлі
Бүгінде электронды күнделіктер мен білім беру платформалары жыл өткен сайын дамып келеді. Оқушы, мұғалім және ата-аналар арасындағы байланыс оқу үдерісін жеңілдетіп келеді. Эстония – Еуропадағы цифрлық білім беру саласындағы жетекші елдердің бірі. «vc.ru» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Эстон мектептерінде мұғалімдер өз тәжірибелеріне және арнайы тренингтерге сүйене отырып, оқу жоспарларын өз бетінше әзірлей алады. Оқу үдерісі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) негізінде ұйымдастырылған, ал мұғалімдер осы технологияларды қолдану дағдыларын арнайы оқыту бағдарламалары арқылы жетілдіреді. Эстон оқушылары «e-Schoolbag» және «Opiq» платформаларындағы электронды оқулықтарды белсенді пайдаланады. Сонымен қатар «Roboversity» курстарында робототехниканы меңгерсе, ата-аналар «eKool» платформасы арқылы балалардың үлгерімін бақылап, мұғалімдермен байланыса алады. Финляндияда оқу процесін басқару үшін электронды күнделіктер мен цифрлық платформалар кеңінен қолданылады. Мұғалімдер сабақ жоспарын құру және оқушылардың үлгерімін бағалау үшін «Wilma» сияқты қосымшаларды пайдаланады. Бұл платформа әсіресе пандемия кезінде қашықтан оқытуды ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды. 1990 жылдары Сингапурдың білім министрлігі мектептерді цифрландыруға бағытталған реформаларды бастады. Осы кезде орта мектептер мен колледждерге «Компьютерлік ғылымдар» пәні енгізіліп, оқушыларға ақпараттық технологияларды пайдалану негіздерін үйретті. Сингапурдың білім беру жүйесінің цифрландыруы бірнеше кезеңдік жүйе арқылы жүзеге асты. Бұл жоспарлар мектеп басшылары мен мұғалімдердің беделін арттырып, технологияларды белсенді пайдалануға бағытталған.
2011 жылы Оңтүстік Кореяның білім министрлігі мен президенттік кеңес «A Road to the Power of Talented Individuals SMART Education» жобасын іске қосты. SMART Education бағдарламасы білім беру кеңістігін жаңғырту арқылы оқушылар мен мұғалімдер арасындағы ашық диалогты дамытуды, қашықтан оқытуды дамыту және білім алуға кең мүмкіндік беруге, оқушыларға жаңа дағдыларды меңгеруге және материалдарды толықтыруға мүмкіндік жасау сияқты мақсаттарды қамтиды. АҚШ пен Канадада «PowerSchool» және «Schoology» платформалары кеңінен қолданылады. Олар мұғалімдерге, оқушыларға және ата-аналарға үлгерімді, тапсырмаларды және сабақ кестесін қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйелер онлайн тест арқылы бағалау процестерін жеңілдетеді. «Google Classroom» платформасы да кеңінен таралған. Ол мұғалімдерге сабақ жоспарын әзірлеу, талқылау форумдарын ұйымдастыру және онлайн тест өткізу үшін ыңғайлы құралдар ұсынады. Жапония мен Оңтүстік Корея жылдар бойы мұғалімдер мен оқушыларға ыңғайлы білім беру платформаларын дамытып келеді, бүгінде олардың білім беру платформалары әлемдегі үздік жоба қатарында. Ал көршілес Ресейде «Дневник.ру» электронды күнделігі үлкен сұранысқа ие. Ол ата-аналар мен оқушыларға оқудағы жетістіктерді, сабаққа қатысу деңгейін және үй тапсырмаларын қадағалауға мүмкіндік береді. Әлемдегі әртүрлі елдер білім беру саласын цифрландыру бойынша өз стратегияларын ұстанады. Эстония мен Финляндия оқу үдерісін басқарудың тиімді платформаларын енгізсе, Сингапур мен Оңтүстік Корея жүйелі түрде цифрлық реформалар жүргізуде. АҚШ пен Канада қашықтан оқытуға және деректерді талдауға назар аударса, Жапония мен Ресей мектепішілік басқару жүйелерін жетілдіруде.
«BilimLand» экожүйесі
«BilimLand» компаниясы еліміздің электронды білім беру саласының негізін қалаушы әрі дамытушы инновациялық компания ретінде танымал. Бұл мекеме он жылдан астам уақыт бойы сапалы цифрлық мазмұн мен технологияларды әзірлеумен, бейімдеумен және оларды Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің білім беру мекемелеріне таратумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда «BilimLand» экожүйесін 4 миллионға жуық қолданушы пайдаланады. «BilimLand» компаниясының білім беру саласындағы мемлекеттік органдармен қарым-қатынас бойынша басшысы Шүленбаева Гауһар Мергенбайқызы бұл платформаның сапасы мен ыңғайлы интерфейсінің арқасында жылдам танымал болғанын атап өтті. Оның айтуынша, «BilimLand» білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, мұғалімдер мен оқушыларға тиімді әрі ыңғайлы цифрлық орта ұсынуда.
– 2023 жылдан бастап «BilimLand» компаниясы Қазақстан мектептеріне арнайы жасалған «BilimClass» атты жоғары сапалы отандық күнделік жүйесін ұсынуда. Бұл жүйе барлық заңнамалық талаптар мен стандарттарға сәйкес келеді, қауіпсіз және заманауи деуге болады. «BilimClass» мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімді. Бұл қазақстандық өнім, жарнамасыз жұмыс істейді және оның мобильді қосымшасы тегін қолжетімді. Мемлекет, жергілікті атқарушы орган, мектеп және ата-аналар үшін бұл жүй етегін әрі тиімді.Бұл білім беру саласының цифрлық жүйеге көшуін жеңілдетіп, қаржылық шығындарды азайтуға ықпал етеді, – дейді Гауһар Мергенбайқызы.

«BilimClass»: Мұғалімдер мен оқушыларға арналған электрондық журнал мен күнделік
«BilimClass» қажетті автоматтандыру жүйелерімен және қаржылық есеп жүргізу жүйесімен толықтай интеграцияланған. Мектеп бағдарламасының барлық пәнін қамтитын қазақ және орыс тілдеріндегі интерактивті сабақтар қолжетімді. Сонымен қатар платформа арқылы оқушылар үшін интерактивті үй жұмыстары ұйымдастырылады. БЖБ және ТЖБ толық цифрлық форматта өткізіледі, бұл бағалау жүйесін барынша оңайлатады. Сонымен қатар мұғалімдерге сабақ құрастыруға арналған арнайы конструктор ұсынылған. «BilimClass» жүйесін белгілі бір аймақ мектептеріне енгізген жағдайда «BilimLand», «iTest», «iMektep» цифрлық білім беру платформалары да тегін болады.
Цифрлық білім беру платформасының мүмкіндіктері
«BilimLand» – цифрлық білім беру контентінен, интерактивті оқыту кешендері мен қосымша оқу материалдарынан тұратын білім беру платформасы. Платформа оқушылар мен мұғалімдерге жаратылыстану-ғылыми бағытындағы пәндерді тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді. Оның құрамына виртуалды симуляторлар мен зертханалық жұмыстар кешені кіреді, бұл оқушылардың тәжірибелік білімін жетілдіруге жағдай жасайды.
– «BilimLand» платформасында ағылшын тілі бойынша арнайы виртуалды курстар ұсынылған. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларына арналған математикалық дағдылар мен логикалық ойлауды дамытуға бағытталған цифрлық ресурстар бар. Білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытуға арналған материалдар да қолжетімді, – дейді «Bilim Land» компаниясының Білім беру саласындағы мемлекеттік органдармен қарым-қатынас бойынша басшысы Гауһар Шүленбаева.
Платформа арқылы оқушылардың пәндерді тереңірек түсінуіне, мұғалімдердің сабақтарын интерактивті және қызықты етуіне мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады.
Қаламыздағы И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Кәмшат Досымованың пікірінше «BilimLand» платформасы мұғалімдер үшін өте тиімді құрал.
– Ең алдымен уақытты үнемдеуге көмектеседі, себебі көптеген процесс автоматтандырылған. Мысалы, БЖБ, ТЖБ нәтижелерін енгізу арқылы оқушыларды автоматты түрде бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әр пәннің мазмұны жүйелі түрде орналасқан, бұл мұғалімнің жұмысын әлдеқайда жеңілдетті. Платформаның тағы бір артықшылығы – мерекелік күндерге сәйкес келетін тақырыптарды алдын ала анықтап, оқу үдерісін жоспарлауға болады. Сондай-ақ сабақ саны мен сағат мөлшері нақты көрсетіліп тұрады, бұл да жұмысты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Тағы бір артықшылығы, үйден оқитын оқушылар үшін жеке оқу бағдарламасын құруға мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама жалпы оқу жоспарына тәуелсіз, яғни жеке сабақ кестесі мен пәндер жиынтығы беріледі. Мұғалімдер әр оқушыға жеке білім беру жоспарын жасап, пәндерді енгізіп, оқыту үдерісін толықтай реттей алады. Осы ерекшеліктерінің арқасында BilimLand платформасы мұғалімдер үшін өте тиімді әрі қолайлы – дейді ол.
«iTest» пен «iMektep» жайлы не білеміз?
«iTest» – ҰБТ мен қорытынды аттестаттауға дайындайтын қазақ және орыс тілдеріндегі 20 пән бойынша 77 мыңнан астам тест сұрақтары бар кешенді бағдарламаны да «BilimLand» платформасы ұсынуда. Әр пән бойынша кез келген уақытта, локалды және мобильді құрылғыларда тест тапсыру шектеу жоқ. Пайдаланушылар қатемен жұмыс істеп, нәтижелерді талдап, мониторинг жүргізу мүмкіндігіне ие. Платформа оқушыларға өз білімдерін тексеруге, әлсіз тұстарын анықтауға және оларды жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалімдер оқушылардың нәтижелерін бақылап, қажетті түзетулер енгізе алады. Бұл құрал оқушылардың жеке дайындықтарын жақсартуға көмектеседі және тестілеу үдерісін тиімді етеді. Ал «iMektep» – қазақ тілінде оқытатын бастауыш мектеп бағдарламасының мультимедиалық курсы. Платформада қазақ тілі, математика, әдебиеттік оқу, дүниетану, көркем еңбек, музыка, тәрбие сағаты пәндері бойынша 170 видеосабақ және 680-нен астам ойын ұсынылған.
– Бұл ресурс бастауыш сынып оқушыларының оқу процесін қызықты әрі тиімді етеді. Ойын түріндегі оқыту әдістері арқылы балалар білімді жеңіл меңгереді. Сонымен қатар мультимедиалық материалдар оқу процесін интерактивті етіп, оқушылардың танымдық белсенділігін арттырады, – дейді Гауһар Мергенбайқызы.

Bilim Land – Қазақстанның білім беру саласын цифрландырудағы маңызды қадам. Жүйе өзінің сапасы, ыңғайлылығы және тұрақты жаңартуларымен елдегі оқу процесін айтарлықтай жеңілдетіп, болашақта да білім беру жүйесінің негізгі тірегіне айналады деп жоспарлануда.
Білім беру контентін жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және қолданушылар санын арттыру бағытында елімізде көптеген жоба белсенді жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта білім саласына арналған платформалар Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал цифрлық білім беру құралына айналуы мүмкін. Электронды білім беру платформалары оқыту сапасын арттырып қана қоймай, оқушыларға икемді әрі қолжетімді білім алу мүмкіндігін береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, электронды күнделіктер мен мұғалімдерге арналған платформалар оқу үдерісін басқаруды айтарлықтай жеңілдетеді, ата-аналар мен оқушылардың байланысын арттырады және оқыту мен білімді бағалаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!