Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Білімдінің алдында шекара жоқ

21.09.2024

232 0

Сырға сапарлаған ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки аймақ халқымен жүздесті. Білім саласында халықты толғандырған сауалдарға жауап беріп, тәжірибесімен бөлісті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен жиында Дархан Жұмаханұлы министрліктің атқарған жұмысын да тілге тиек етті. Білім – қонақ, ақыл – қожайын. Алған білімді қайда, қалай жұмсау керегін адамның ақылы шешері хақ. Елдің келешегі білімді жастар екені айқын, десек те елде білім аламын деген жастардың қолтығынан демеу қаншалықты жүзеге асуда?! Жиында вице-министр білім саласындағы өрге басқан қадамдарды айтты. – Биыл мемлекеттік грант саны 93 952-ге жетті. Бакалавриат бойынша шәкіртақы көлемі 20 пайызға, магистратура, докторантура бойынша 15 пайызға артты. Сонымен қатар, өзекті мәселелердің бірі жатақхана құрылысы кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі таңда 10 576 орындық 27 жатақхананың құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, елімізде 9 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды, – деді вице-министр. Елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекіген. Онда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің негізгі қорытындылары, педагогтарды даярлау, инженерлік білім берудің ұлттық моделі, студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары, жастарды әлеуметтендіру және тәрбиелеу, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту, әлемдік цифрлық кітапханалар мен платформаларға қолжетімділік, ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделі, ғылыми әлеуетті арттыру, коммерцияландыру жобаларының нәтижелері, тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Мұның барлығының өз алдына міндеттемесі мен жауапкершілігі көзделген. Дархан Жұмаханұлы әрбір жоба мен бағдарламаның байыпты бағыттарына жекелей тоқталды. Кездесуден кейін жеке қабылдау ұйымдастырылды. Вице-министр ғылым мен жоғары білімге қатысты негізгі мәселелер бойынша өтініштер мен ұсыныстарды тыңдап, сұрақтарға жауап берді. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ғылыми-зерттеу жұмысынан түскен табыс 5 есе өсті. Оқу орнында 30 ғылыми жобаның 23-і Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында орындалуда. Университеттің 3 ғалымы мемлекеттік ғылыми стипендиялардың иегері атанып, 3 ғалым Ұлттық ғылыми кеңестің құрамына кірді. Сондай-ақ, «500 ғалым» жобасы аясында былтыр 13 оқытушы шетелде тағылымдамадан өтсе, биыл тағы 6 оқытушы шетелде ғылыми тәжірибе алмасуда. Үш жылдан бері жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдау мақсатында жалпы сомасы 10 млн теңгеге жететін университеттің ішкі гранты бөлініп келеді. Ал биылдан бастап грант көлемі 20 миллионға көтерілді. Бұдан бөлек әлемдік мықты журналдарда жарияланымдары жарық көрген ғалымдар үшін материалдық қаржыландыру көздері қарастырылған.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: