Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бір түйір дән – ел несібесі

04.05.2024

648 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Жер-анаға дән себілді. Дала еңбеккерлерінің бұл қуанышына қала әкімі Серік Қожаниязов қатысты.

Қарауыл­төбе ауылдық округіндегі «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС диқандары егін егуді бастады.

Ерте көктемнен дархан даланы дүбірге бөлеген диқан қауымы осы күнді асыға күткені анық. Олардың қуанышына ортақтасып, береке негізін қаласуға байырғы күрішшілер, батыр аналар да келді.  «Биылғы жылы күріштен мол өнім аламыз» деген үкілі үмітпен ардагерлер де дән себу шарасына белсене қатысты. Өз кезегінде шаһар басшысы дала диқандарының қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.

– Жері күрішті, елі ырысты қаланың ауыл ­шаруашылығы саласы жыл сайын толайым табыстар­ға қол жеткізіп келеді. Мұның бәрі ауыл еңбеккерлері­нің ынтымақ, бірлігінің жемісі. Бүгінгі Жер-анаға себілген дән – ертеңгі диқан дәулеті, елдің ырзық-несібесі. Дала диқандарының дамылсыз еңбегіне бақ-береке тілеймін, – деді Серік Салауатұлы.

Шара барысында ауыл шаруашылығы техника­лары, күріш сорттары, тыңайтқыштар мен су үнемдеу технологиялары таныстырылып, науқанға дайындық барысы пысықталды. Биылғы үлкен жаңалық – Сыр өңірінің климаты мен жер жағдайына жерсінетін «Айсара» дейтін күріштің жаңа сорты таныстырылды. Оны күріш институтының ғалымдары ойлап тапқан. Бір жағынан мол өнім беретін және тауарлық сапасы жоғары күріш сорты биыл алғаш рет өндіріске енгізілмек. Қала басшысы мұны молшылықтың негізі деп бағалады.

– Ендігісі ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев айтқандай, «егінші мәрт, жер жомарт» болсын деп тілейік, – деді шаһар басшысы.

 Қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Пахуадин Шамұратовтың айтуын­ша, биыл егіске күріш тұқымының 4,4 пайыз отандық, 95,6 пайыз ресейлік сорттардан дайындалған. Қалаға қарасты ауылдық округтерде  8677 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, оның ішінде 3614 гектарға күріш егу жаспарлануда. Мұнымен қатар суды аз қажет ететін малазықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс көлемін арттыру көзделген.

– Қала бойынша 27 шаруа қожалығы бар. Осы қожалықтарда бүгінгі күні егістік алқапты тегістеу жұмысы жүргізіліп болды. Сонымен қатар дизель отынымен де мердігер мекемелермен келісімшарт жасалды. Аяқсуға кел­сек, әзірге қауіп жоқ. Өз уақытымен беріліп тұр. Там­шылатып суару жүйесіне тоқталсақ, аудандарда осы әдіспен суару қолға алынды. Ал қаладағы шаруа қожалықтары сол аудандармен тәжірибе алмасуда. Алдағы уақытта да осы әдісті тиімді пайдаланамыз деген ойдамыз.

Сондай-ақ егіске 3010,7 тонна минералдық тыңайт­қыш қажет болса, бүгінде ол толығымен сатып алынды. Ал көктемгі дала жұмыстарына 157 ауыл шаруа­шылығы техникасы пайдаланылуда. Осы кезде дән себу жұмысы толықтай басталып кетті. Жыл соңында осыдан мол өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз, – деді П.Шамұратов.

Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев дала диқандарының қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.

– Жері күрішті, елі ырысты Сыр елінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Мұның бәрі қала еңбеккерлерінің ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс. Олардың жаз бойғы қажырлы еңбектері мен тынымсыз күш-жігерлерінің арқасында қамбаға астық құйылып, ел несібесі молаяды. Барлық дала диқандарына мол ырыс, елімізге тыныштық тілеймін, – деді ардагер.

Игілікті істің ел үшін несібелі болуына Қарауылтөбе ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Досмаханұлы ақ батасын берді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: