Соңғы жылдары Қазақстанда ипотекалық несие нарығы қарқынды дамып келеді. Халықтың баспанаға деген сұранысы жоғары кезеңде бұл үрдіс табиғи құбылыс саналады. Алайда пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы азаматтардың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаңа реттеу шараларын әзірлеуге кіріскенін айтты.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда нарықтағы ипотекалық мөлшерлемелердің 20-25 пайыз деңгейінде болуы – басты мәселенің бірі. Мұндай жоғары пайызбен алынған несие ұзақ мерзімде бірнеше есе артық төлем жасауға әкеледі.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, елде ипотекалық несие беру көлемі азайған жоқ, керісінше өсіп келеді.
– Біз ипотекалық несие беру көрсеткішінің төмендегенін көріп отырған жоқпыз. Керісінше, ипотека өсіп жатыр. Келесі жылдың шілдесіне дейін біз қандай да бір шара қабылдаймыз. Себебі қайталап айтамын, 25% мөлшерлемемен 10 жылға берілетін ипотека өте қауіпті. Бұл төлемнің үш есе көбеюіне әкеледі, сондықтан азаматтарымыздың қарызға белшеден батып кетуіне жол бермеу қажет, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ұлттық банк басшысы ерекше атап өткен мәселе – 25 пайыздық мөлшерлемемен берілетін ипотекалардың қауіптілігі. Мысалы, 10 жылға алған несие бойынша жалпы төлем сомасы бастапқы қарыздан шамамен үш есеге дейін артуы мүмкін. Бұл тек жеке қарыз алушы үшін ғана емес, жалпы экономика үшін де тәуекел тудырады. Егер халықтың едәуір бөлігі шамадан тыс қарызға батса, тұтынушылық белсенділік төмендеп, әлеуметтік мәселелердің күшеюі мен қаржы секторындағы тұрақсыздыққа алып келуі ықтимал. Сондықтан реттеуші орган мұндай жағдайдың алдын алу үшін жаңа механизмдерді енгізуді жоспарлап отыр.
Ұлттық банк қазіргі уақытта ипотекалық несиелеуді реттеудің жаңа моделін әзірлеуде. Бұл модель бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Біріншіден, ипотеканың тиімді жылдық мөлшерлемесін есептеу тәсілі өзгереді. Жаңа әдіс азаматтарға несиенің нақты құнын барынша ашық көрсетуге бағытталған. Яғни, тек номиналды пайыз емес, барлық қосымша төлемдер ескеріледі.
Екіншіден, қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау күшейтілуі мүмкін. Бұл банктердің тәуекелді клиенттерге несие беруді шектеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, жаңа ережелер ипотекалық өнімдердің құрылымын жеңілдетуге бағытталмақ. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бастапқыда жоспарланған модельден гөрі қазіргі әзірленіп жатқан жүйе анағұрлым икемді әрі түсінікті болады.
Жаңа ереже 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Бұл уақытқа дейін Ұлттық банк жаңа әдістемені толық пысықтап, нарыққа енгізуге дайындық жүргізеді. Осы кезеңде банктер де өз өнімдерін қайта қарап, жаңа талаптарға бейімделуі тиіс.
– Біз ипотеканы есептеудің дәлірек механизмін жасап шықтық, қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол ойлағанымыздан күрделі болып шықты,– деді Тимур Сүлейменов.
Жаңа саясаттың басты мақсаты – ипотеканы толық шектеу емес, оны қауіпсіз әрі тиімді ету. Яғни, азаматтардың шамадан тыс қарызға батпай, өз мүмкіндігіне сай несие алуына жағдай жасау.
Баспана – әрбір азамат үшін негізгі қажеттіліктің бірі. Сондықтан бұл саладағы кез келген өзгеріс халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Алдағы уақытта бұл реформалардың тиімділігі олардың қаншалықты дұрыс іске асырылатынына және нарық қатысушыларының жаңа талаптарға бейімделуіне байланысты болмақ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!