Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Биыл 92 жоба жүзеге асады

02.04.2024

760 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Қала әкімі Серік Қожаниязов қалалық қоғамдық кеңес мүшелері алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер турасында есеп берді.

Алдымен шаһар басшысы көпшіліктің көкейіндегі мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор екенін атап өтті.

– Әр саланың өкілдерінен құралған бұл белсенді ұйым – билік пен азаматтық қоғамды байланыстырушы буын, алтын көпір. Қоғамдық кеңес мүшелерінің көтерген әрбір мәселесі – тұрғындарымыздың талап-тілегі, үні, – деді Серік Салауатұлы. Жиында қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыс барысына, ауқымды жобалардың жайына тоқталды.

Қалаға ыстық су қашан келеді?

Өткен жыл қала үшін толайым табыстарға толы болды. Осы орайда қала басшысы былтырғы атқарылған жұмыс барысын баян етті.

– Экономикамыз еселеп артып, барлық салада өнімді өсімдерге қол жеткіздік. Бұл – бірлік пен тынымсыз тірліктің нәтижесі. Яғни өңдеуші өнеркәсіп көлемі – 5,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 8, инвестициялар тарту – 18,2, құрылыс жұмысының көлемі – 6,8, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі – 23,3, сауда көлемі – 3,9 пайызға артты.

Ал бюджетіміз 96 млрд теңгеден асты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 31 пайызға өскендігін көрсетті, – деді қала әкімі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қазан айында өңірімізге жұмыс сапарында қала дамуына оң бағасын беріп, бірқатар тапсырма жүктегені белгілі. Оның ең өзектісі – қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының қолдауымен алдағы үш жыл ішінде кезеңкезеңімен тұрғын үйлерге ыстық су беріледі. Қазір бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жүруде.

Құрылысы қарқынды

– Құрылыс – экономиканың негізгі драйвері десек, бұл тұрғыда Сырдың бас шаһары құрылыс қарқыны бойынша республикада алдыңғы орындардан көрінді. Алып құрылыс алаңына айналған Қызылорда заманауи келбетін қалыптастырып, сәулетіне көрік қосты. Сонымен қатар ең таза қалалар көшін бастап, көрсеткіштерімізге серпін берді.

Жыл көлемінде бюджеттің барлық қаржы көздерінен және жеке инвесторлар арқылы 355,8 млрд теңгенің жобасы сәтті басталып, 113 млрд теңге игерілді. Тұрғын үй құрылысын дамытуға қаржыландырудың барлық көздерінен 22,8 млрд теңгеге 2424 пәтерді құрайтын көпқабатты 39 тұрғын үй бой көтерді. Өткен жылы 1486 пәтерді құрайтын көпқабатты 23 тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді С.Қожаниязов.

Білім саласында біткен іс көп

– Сол жағалаудан құны 2,4 млрд теңгені құрайтын «Оқушылар сарайы» және құны 7,9 млрд теңге болатын 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектепинтернатының құрылысы биыл аяқталып, ел игілігіне табысталады.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бастау алған 5 білім нысанын биыл аяқтау жоспарланған. Қалған 3 мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі.

Облыс әкімінің тапсырмасымен үш ауысымдық оқуды болдырмау мақсатында облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлініп, Абай атындағы №2, С.Толыбеков атындағы №3, Ә.Мүсілімов атындағы №101 және Т.Есетов атындағы №264 мектептерге қосымша ғимараттар салынды.

«Бәйтерек» мөлтек ауданындағы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 600 орындық мектеп те оқушыларды қабылдап, жұмысын бастап кетті. Халық сұранысына қажетті ғимараттардың құрылыстары биыл да жалғасуда. Яғни сол жағалаудан құны 4,8 млрд теңгені құрайтын музыкалық колледждің құрылысы қарқын алды, – деп атап өтті қала әкімі.

Денсаулық, мәдениет және спорт

Қала әкімінің айтуынша, құны 2,9 млрд теңге болатын «Облыстық қан орталығының» құрылысын аяқтау биылға жоспарланған. Ал жоба құны 36,4 млрд теңгені құрайтын бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салынуда. Баймұрат батыр ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория жақын күндері пайдалануға беріледі. Қосшыңырау ауылдық округіндегі медициналық бекетті сәуір айында табыстау жоспарлануда. Сонымен қатар 568,1 млн теңгеге Талсуат пен Қарауылтөбе ауылдарынан 150 орындық клуб пайдалануға беріліп, мәдениет пен руханиятқа үлкен сый болды. Бұл игі бастамалар Тасбөгет кентінде де жалғасты. Яғни облыстық бюджеттен 514,5 млн теңге қаржы бөлініп, стандартқа сай дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ал «СамұрықҚазына» қоры есебінен 239 млн теңге қаржыға Ақсуат ауылдық округінен жаңа спорт кешені салынып, пайдалануға берілді.

Кәсіпкер-меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынған құны 1,7 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы қала халқына ерекше тарту болды.

– Спорттық ойындардың бірі – үстел теннисі де бас шаһарда дамитын болады. Сол жағалаудан жаңа үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Бюджеті 2,7 млрд теңгені құрайды, оның жартысы «Самұрық қазына» қорынан бөлінді. Дәл осы аумақтан құны 21 млрд теңге болатын 7000 орындық стадионның құрылысы басталды, – деді қала басшысы.

Инфрақұрылымы дамыған шаһар

 Облыс әкімінің қолдауымен «Акса энерджи» түрік компаниясы құны 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының құрылысын бастады. Жылу орталығы 2025 жылы іске қосылып, қаланы сапалы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Оған қоса меценат Болат Өтемұратовтың қолдауымен басталған құны 15,7 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы да таяу күндері алғашқы жолаушыларын қабылдайды.

 – Сырдария өзенінің сол жағалауынан іргесі қаланған жаңа автовокзалдың да жақын күндері игілігін көреміз. Құны 975 млн теңгені құрайтын сапаржайды барлық стандарттарға сай деуге болады. Теміржол қақпасы – вокзал ғимараты мен аумағы жаңаша кейіпке енді. Жөндеу жұмыстарына демеушілер 255 млн теңге, «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 322 млн теңге бөлді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – деді қала әкімі.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 5,7 млрд теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауында Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізімен жанасатын көлік айырығы пайдалануға берілді. Құны 10,6 млрд теңге қаражатқа қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі жалпы ұзындығы 185,7 шақырым болатын 269 көшеге орташа жол жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 690 млн теңгеге 19 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды.

Бұдан бөлек, құны 350,1 млн теңгеге «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірі қолданысқа өтсе, Ғ.Мұратбаев көшесі мен А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір ел игілігіне пайдалануға берілді.

Орталық алаң қандай болмақ?

 Меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен 1 млрд теңгеге және облыстық бюджеттен бөлінген 329,2 млн теңгеге орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Замануи дизайнмен әрленген орталық алаңның құрылысы биыл мамыр айында аяқталады деп күтілуде.

 Мұнан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 800 млн теңгеге қала аумағындағы көпқабатты 17 тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жүргізілді. Облыстық бюджеттен қосымша 403,5 млн теңге қаралып, 19 үйдің ауласын абаттандыру ісі жалғасты.

Жаңа жобалардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін панельдермен қаптау. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға көпқабатты 16 тұрғын үйдің қасбеті жаңалануда. Ал өткен жылы демеушілер есебінен 26 көпқабатты тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысанның сыртқы қасбеті қапталған еді.

– Ауқымды жұмысымыздың бірі – Бейбарыс сұлтан көшесін абаттандыру ісі еді. Оған 1,6 млрд теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды. Сол жағалаудағы Абылай хан даңғылы да абаттандырылуда. Оған бюджеттен 564,8 млн теңге қаралған. Ал демеушілер тарапынан Абай даңғылындағы №47 «А, Б, В, Г» көпқабатты тұрғын үйдің аулалары толық абаттандырылды.

Тозығы жеткен ауызсу және кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3,8 млрд теңге қаралып, қала аумағындағы коммуналдық желілер жаңаланды. Тұрғындардың 100 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды.

Қала әкімі биыл атқарылатын жұмыс барысын да баяндады. 2024 жылға бекітілген қала бюджеті 58,2 млрд теңге болса, бүгінгі күні 72,6 млрд теңгеге нақтыланды. Оның ішінде қала бюджетіне республикалық және облыстық бюджеттен 31,9 млрд теңге трансферт бөлініп, 92 жоба жүзеге аспақ.

Атап айтқанда былтыр құрылысы басталған Сырдария өзенінің сол жағалауы бөлігінде 7 қабатты 84 пәтерлі ипотекалық 6 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға, «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында ұзындығы 18,7 шақырымды құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ «Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және дамыту» бағдарламасы бойынша құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 19 жобаның жұмысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталып, іске қосылмақ.

– Биыл осал топтағы отбасыларына 200 пәтер және 135 пәтер жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға сатып алуға 4,2 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен қосымша құны 10 млрд теңгені құрайтын 800 пәтерді сатып алуға бюджеттік өтінім ұсынылды.

Қаланы абаттандыру және көгалдандыру бағытында 7,5 млрд теңге қаралды. Осы мақсатта «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бүгінгі күні әуежай бойында орналасқан Табиғат, Жібек жолы және Қызылжарма каналдарын тазалау жұмысы жүргізіліп, арықтар мен каналдарға аяқсу жіберілуде.

Қала аумағындағы 10 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 375,4 млн теңге қаралды. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа қосымша 15 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдары қайта жаңғыртылады. Бүгінде 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда, – деді қала басшысы.

Сондай-ақ қала аумағында орналасқан ғимараттардың қасбеттерінің бірыңғай стилі әзірленіп, қызыл сызық талаптарын сақтау бағытында көшежол желісіне түзетулер енгізілмек.

– Қаламыздың көшелерінің сәулеті бірыңғай үлгісі жолға қойылып, ондағы әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың сыртқы қасбеті, оның түсі, көше бойындағы жарықшамдар, жерге төселетін қыртастар пішіні және тағы басқа архитектуралық формалар бір стильде қалыптастырылады, – деді қала басшысы.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бюджеттің барлық көздерінен 6 млрд теңге қаралды. Бұл бағытта да биыл біраз ауқымды жұмыс қолға алынбақ. Қала аумағында қандай көшелер жөндеуден өтетіні, мердігер мекемелері анықталып, қаралған қаржысы бөлініп, дайын тұр. Жұмыс жақында басталады деп жоспарлануда.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл барлығы 16 жобаға 1 млрд 234 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды аяқтау үшін республикалық бюджетке 4,6 млрд теңгеге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 587 млн теңге бюджеттік өтінім ұсынылды. Қызылжарма ауылдық округіндегі 5 көшені күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржысы бөлінді. Қазіргі таңда ауылдық округтердегі 16 жобаның мердігер мекемесі анықталды, 5 жобаның жұмысы жүргізілуде.

Биылғы міндеттер өте ауқымды. Осы жобалардың жүзеге асуына бірге күш салатын боламыз. Қазір қалада қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Мемлекеттік мерекелер өз деңгейінде аталып өтілуде. Шаһарымызды көркейту-көгалдандыру бағытында тұрақты түрде сенбілік ұйымдастырылуда. Бүгінде көктемгі дала жұмыстары да жанданды. Диқандар биыл 8677 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарлаған. Оның 3614 гектары – күріш. Өзім атап өткендей, алдағы уақытта да барлық сала бойынша атқарылатын міндеттер жалғаса береді, – деп сөзін аяқтады қала әкімі.

Газ мәселесіне келсек, Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді мекендеріне газ құбырын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен қаражатқа құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауыл тұрғындары «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілді. Қала бойынша газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетті. Жылу желілерін қайта жаңғыртуға 8 жоба әзірленіп, оған республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде ең өзектісі Бейбарыс сұлтан көшесінің бойындағы жылу құбырлары жер астымен жүргізілді.

Ал қоғамдық көлікке келсек, 2022 жылы лизингке 150 автобус сатып алуға облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге, 2023 жылы облыстық бюджеттен 150 автобус сатып алуға 1,6 млрд теңге қаралды. Бүгінгі күні барлық автобустар жеткізіліп, тиісті бағыттарға қосылды, – деді қала басшысы.

Есепті кездесу барысында қоғамдық кеңес мүшелері ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар қала басшысының қолға алған игілікті бастамаларына сәттілік тілеп, шаһардың дамуы үшін бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: